Ол отбасының жылы ұясы болған қаладағы жалғыз пәтерін сатып, қомақты қаражатқа әкесін шетелде емдетті. Бір емес, бірнеше рет қайта ем-дом шараларына қаржы жұмсады. Әрдайым қайырымдылық жұмыстарға демеушілік жасайтын ірі кәсіпкерлерден көмек сұрауына болар еді. Бірақ бұған ұяты мен намысы жібермеді... Бұл көп адамда кездесе бермейтін жігіттік қасиет деп санаймын.
Не болса да сатқан үйінің ақшасына әкесін емдетті. Қазір өзі бала-шағасымен жалдамалы пәтерде тұрады. Оқырманның оған деген аяушылық сезімін ояту ниетімізде жоқ. Бұл – нақты жағдай ғана...
Ол ата-анасының денсаулығы мен қандай да қажеттілігі үшін бар дүниесін жұмсауға әзір екенін көрсетті. Соңғы жылдары ата-анасын шипажайға апарып, көңілін аулады. Үш ай бұрын Қоянбек әкесін (суретте) кіші қажылыққа апарып, батасын алды. Осылайша ата-ананы лайықты түрде құрметтеудің көркем үлгісін паш етіп келеді. Көп адамның қолынан келе бермейтін ұлының мұндай ісіне Қоянбек ақсақал разы болған шығар.
Оның есімі – Қанат Қоянбекұлы. Айналасы Қанат имам деп атайды. Осындай үлкен жүректі ұлды тәрбиелеген Қыдырмин Қоянбек Дастанұлы ақсақал пәниеден бақи дүниеге аттанды. Алла алдынан жарылқасын. Ізгі ұрпақ тәрбиелеу жолындағы игі амалдары өзіне серік болғай. Марқұмның отбасына, Қанат имамға көңіл айтамыз.
Бір кездері Қанат имам мүфтиятта қызмет етті. Көрші тұрдық. Қазір Бас мешітте имамдық қызметте. Жұмыс барысында, жалпы көрген жерінде көркем насихатын айтып жүреді. Ол кісі туралы бір ауыз сөз айтуға құқылы болғандықтан, шағын естелікпен бөлісуді жөн көрдік.
Қанат имам, Алла Тағала өздеріңізге көркем сабыр берсін. Марқұм әкеңіз Қоянбек ақсақалдың мәңгілік мекені жәннат болғай. Хақ Тағала қайғыңызды жеңілдетіп, сыйы мен нығметіне бөлесін. Әумин!
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ













