Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов тұрғындармен кездесулерін шаһар маңындағы елді мекендерде жалғастырды.
Бұл кездесулер жайлы Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қала маңындағы ауылдардың бірі – Желаев селолық округі. Осы ауылда өткен кездесу жиынында алдымен сөз алған селолық округ әкімі Арман Бисимбалиев жерлестерін елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен және келесі жылға жоспарланған жұмыстармен таныстырып өтті. Бұдан әрі желаевтықтардың ұсыныс-пікірлеріне кезек берілді. Тұрғындар селолық округтің жылдан-жылға дамып келе жатқанын атап өтіп, бірқатар мәселелерге де тоқталды. Өз кезегінде шаһар басшысы Миржан Мұнайдарұлы тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес Желаевта атқарылатын жұмыстардан хабардар етті.
Зашаған кентінде өткен басқосуда да өзекті мәселелер талқыланды. Кент әкімі Аққали Әубекеров елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту, жол жөндеу, абаттандыру, санитарлық тазалық сияқты басты мәселелерге тоқталып, алда атқарылатын жұмыстарға да назар аударды. Кездесуде халық сұранысын қанағаттандыруға басымдық берген қала басшысы Миржан Сатқанов тұрғындардың сауалдарын мұқият тыңдап, айтылғанмәселелерді шешу бағытындағы жоба-жоспарларға жеке-жеке тоқталып, барлық талап-тілектердің бақылауда болатынын жеткізді. Кездесуден кейін зашағандықтарды әкім мен оның орынбасарлары, дербес бөлім басшылары жеке қабылдап, оларды толғандырған сауалдарды бетпе-бет талқылады.
Қала әкімінің кездесуі облыс орталығының қамқорлығындағы Деркөл кентінде жалғасты. Мұнда да алдымен кент әкімі Жұбан Жұмағалиев атқарылған жұмыстар және алдағы жұмыс жоспарлары туралы баяндады. Одан соң деркөлдіктер қала әкіміне өз сауалдарын жолдап, кенттегі әлеуметтік мәселелерден хабардар етті. Кездесуге қатысқан кәсіпкерлер де ауылдастарымен бірге екендерін айтып, кейбір жұмыстарға атсалысуға даяр екендіктерін білдірді. Жиын соңында шаһар басшысы Миржан Мұнайдарұлы қойылған сауалдардың ескерусіз қалмайтынын, айтылған ұсыныстарға байланысты нақты шаралар қабылданатынын атап өтті.