ӘЛ-ФАРАБИ СӘУЛЕСІ

ӘЛ-ФАРАБИ СӘУЛЕСІ

Бар ғылымды меңгеріп, оны сан-салаға жүйелеп берген әл-Фараби мұрасы ғасырлар ауып, мезеттер ауысқанымен, оның шуақ шашқан сәулесінің әлі күнге жылуы тоқтаған емес. Әлемдік өркениеттің дамуына ерекше үлес қосқан ойшылдарымыздың философиялық дүниетанымын зерделеу, оны жас ұрпаққа жеткізу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Олардың ішінде аты әлемге танымал болғандары да аз емес. Солардың бірі – күллі әлемге танымал ұлы жерлесіміз, бүкіл Түркі дүниесіне ортақ ұлы өркениет философы, Екінші ұстаз – Әбу Насыр әл-Фараби. Ол – Батыс пен Шығыс өркениетін үйлестіруші алтын көпір, әлемдік мәдениетті жасаушы алып тұлғалардың бірі.

Әлемдік мәдениеттің құрамдас бөлігі болып табылатын мұсылман мәдениеті адамзат өркениетінің даму тарихында маңызды рөл атқарып, бүгінгі күнге дейін әлем елдерінің түрлі өмір аясына әсер етуін жалғастыруда. Осыдан мұсылмандық Шығыс халықтарының рухани құндылықтарын философиялық зерделеуге деген табиғи ұмтылыс пайда болып отыр.

Ортағасырлық ислам мәдениеті мен философиясы өз дәуірінен озып, бүгінгі күнде де адамзат игілігі үшін қызмет етуде. Екінші ұстаз атанған әл-Фараби сынды ғылымдағы ірі тұлға арқылы қазақ халқы өзін мақтан тұтады. Ол өзінің керемет философиялық ілімдері арқылы түркілік ойлау, түркілік дүниетаным, түркілік интеллект мүмкіндігінің қаншалықты жоғары екендігін бүкіл Еуропаға паш етті. Ортағасырлық Ислам Ренессансының Еуропа ғылымына жасаған ықпалы Еуропалық Ренессанс дәуірінің басталуына алып келіп, әсіресе, жаратылыстану ғылымдарының дамуына жасаған әсері еуропалық өркендеу дәуірінің бетін ашты.

 

АЛТЫН КӨПІР

 

Ислам мәдениетінің гүлденуі ортағасырлық ислам философиясының ірі өкілдері әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн Сина, Әл-Ғазали, Ибн Рушд сынды алып тұлғаларды өмірге алып келді. Ең бастысы, мұсылмандық Шығыс эллиндердің ұлы рухани мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізе білді.

Ортағасыр ислам философтары Аристотель мен Платон трактаттарын араб тіліне аударып, шығыс перипатетизмінің негізін қалады. Испандық перипатетизм өкілдері араб тілінен латын тіліне аудармалар жасады. Бұл қолжазбалар бүкіл Еуропаға таратыла бастады. Кейінгі ұрпақты естен шыға бастаған эллиндердің рухани мәдениеті арқылы еркін ойлауға, өмірге деген сүйіспеншілік көзкарастар негізінде тәрбиеледі. Осы кітаптардан бастап ортағасырлық Еуропада Ренессанс ұғымы дүниеге келді. Ренессанс –  бұл эллинизмнің Еуропадағы өркендеуі. Ол Ежелгі Грекия мен Ислам әлемінде бастау алған генетикалық бай тұқым болды. Осыдан бастап Батыстық алып өркениеттің алып ағашы өсіп шықты. Бұл Батыс пен Ислам өркениетінің сұхбаттасуының дәлелі.

Әл-Фарабидің Еуропа ғылымына әсері оның ізбасарлары Ибн Сина, әсіресе Ибн Рушд арқылы көрініс тапты деп айта аламыз. Аверроизм, негізінен XII-XIV ғғ. прогрессивті француз және итальян философиясына қатты әсер етіп, оның негізі болды. Батыс Еу¬ропа ортағасырының ірі ойшылдары  Р.Бэкон, Д.Скот өздерінің теориялық шығармаларында әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушд еңбектерін қолданды. Спинозаның кейбір трактаттарында құрылымы мен бағытына қарай әл-Фараби еңбектеріне жақындық сезіледі. Осман Әмин әл-Фараби мен Спинозаның ұқсас концепцияларын айтады. И.Мадкур екі ойшылдың зерде мен пайғамбарлық жайлы идеялық ұқсастықтарын көрсетеді. Олардың ішіндегі ең ұқсасы – әлеуметтік-саяси концепциялары жөніндегі ойлары. Мысалы, бақытқа жетудің жолдары, мақсаты, мемлекетті басқару формасы мен функциясы т.б. Спиноза, әл-Фараби секілді өзінің қоғам туралы ілімін адамның «шынайы» табиғатынан шығарады, мемлекеттің мақсаты әрбір адамды ақылмен басқарып, бақыт пен бостандық сыйлау дейді. Әл-Фарабидің адамдардың индивидуалды армандарының бірлігі ретіндегі социум ұғымы Ж.Ж.Руссоның «әлеуметтік келісім» идеясына сәйкес. Сондай-ақ әл-Фарабидің «білім – интуицияға негізделген» деген ойы Николаустың, Шеллингтің, Бергсонның және Штейнердің еңбектерінде өз көрінісін тапты. Әл-Фарабидің адам туралы негізгі идеясы микрокосмос және макроадамдар әлемі ретіндегі ойлары Николаус, Лейбниц,  Спенсерден бұрын болды. Әл-Фарабидің зердеге негізделген этикалық жүйесі Еуропада тек XIX ғасырда  И.Кант философиясында өз көрінісін тапты. Ф.Дитериций сынды зерттеушілердің айтуынша: Шығыста Аристотель әл-Фарабидің еңбектерінің арқасында ғана Аристотель атанды. Көптеген ортағасырлық ғалымдардың айтуынша, әл-Фараби ортағасырлық еуропалық ойдың қалыптасуына әсер еткен перепатетизмнің негізін қалағандардың бірі. Шығыс перепатетиктері әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушд сындылар Аристотель еңбектерін талдап, Еуропаға кеңінен танытты.

 

ӨРКЕНИЕТ  ШЫРАҚШЫСЫ

 

Сондықтан да арабтілді ортағасырлық философия көне гректік философияның алғашқы мұрасы ретінде шығармашылық жағынан дамытып, жаңа деңгейлерге көтерді. Әл-Фараби Шығыс пен Еуропа мәдениеттерін байланыстырушы «көпірге» айналды.

Осы тұста белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің әл-Фарабидің әлемдік өркениеттегі орны туралы мынадай пікірлерін еске алғымыз келеді. Оның айтуынша: «VII ғасырда арабтар Гибралтар бұғазы арқылы өтіп барып, Испанияны басып алды, сол жерде 8 ғасыр бойы тұрақтады. Сондықтан олар Испанияның да, жалпы Еуропаның да мәдениетіне көп жаңалық енгізді, біздің әл-Фараби бабамыз да олардың қатарында. Оның еңбектері XI ғасырда араб тілінен латыншаға аударылды. Олар қандай еңбектер еді? Олар ежелгі гректер Аристотель мен Платонның еңбектері болатын. Еуропа ол кезде Аристотельді де, Платонды да, ежелгі гректердің мәдениетін де білмейтін. Өйткені онда христиан фундаментализмі болды, барлық ұлы ойшылдардың еңбектері жойылған еді».

Осылайша ұлы ойшыл әл-Фараби және жалпы араб мәдениеті қазіргі батыс өркениеті иек артып келе жатқан құндылықтардың қайта жандану дәуіріне өлшеусіз серпін берді. «Олар бұл туралы ұмытып кетеді, сондықтан әл-Фарабидің еңбектері Еуропаның қайта жандануына көмектескенін үнемі еске салып отыру қажет», – деп айтқан пікірі көңілге әбден қонады.

Расында, ІХ-ХІІ ғғ. халифат мәдениеті сол кездегі Еуропадан әлдеқайда жоғары дәрежеде болды. Оның тарихи зор еңбегі еуропалықтардың Шығыс халықтарының жетістіктерімен танысуын қамтамасыз еткен шығыс ғалымдардың еқбектері мен іс-әрекеттерінде меңгеріліп, шығармашылық тұрғыда өңделген көптеген антикалық дәстүрлердің (әсіресе, жаратылыстану ғылымдары мен философия саласы) кең таралуы деп есептеуге болады. Фараби, Бируни, Ибн Сина және көптеген басқа да ойшылдар тек халифаттың ғана емес, бүкіл адамзат мәдениеті мен ғылымына аса ірі үлес қосты. Медициналық шығармалар мен математикалық трактаттар, астрономиялық кестелер мен түрлі тілден (ең алдымен антикалық) аударылған араб аудармалары Батысқа жетіп, жүз жыл бойы орасан зор абыройға ие болды. Батыс еуропалық әдебиеттің дамуында да Шығыстың рөлі айрықша.

 

ИСЛАМ  ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ  АТАСЫ

 

Ислам философиясының тарихына көз жүгіртетін болсақ, әл-Фараби рухани әлемінің қаншалықты биік жоғары деңгейде болғанына көз жеткіземіз. Философияда Фараби иждихад дәрежесіне көтерілді, сондықтан да ол фикх, қалам секілді ілімдер бойынша өз ойын білдіріп қана қоймай, сол мәселелер бойынша лайықты шешім қабылдай алатын еді.

Әл-Фараби Орталық Азия мен Қазақстанның жоғары деңгейдегі ежелгі және ортағасырлық өркениетінің жемісі болып қана қойған жоқ; оның шығармашылығында Мысыр, Сирия, Иран,  Ирак, Солтүстік  Африка халықтарының мәдениеті мен ғылыми жетістіктері баяндалған. Фараби Үндістан мен антикалық әлемде жасалған барлық нәрсенің ұлы мұрагері болды.

Әл-Фарабидің ғылыми-қызығушылықтары таңғаларлықтай кең ауқымды қамтиды. Оның мұрасында математика, медицина бойынша еңбектері бар; ол Алдыңғы Шығыс музыкасының теориясына, алхимиясы мен магиясына қатысты маңызды еңбектерді жазды. Алайда, оның шығармаларының көп бөлігі философияның, логиканың, таным теориясының, психологияның, этиканың, саясаттанудың, әлеуметтанудың түрлі аспектілеріне арналған. Фарабидің дәл осы ғалымдық іс-әрекеті оны әлемдік мәдениетті жасаушылардың қатарына қойды.

Осындай аса маңызды айғақтарды айтып өтпей әл-Фарабидің әлемдік өркениет философиясы тарихындағы орны мен дәрежесін білу мүмкін емес.

Біз әртүрлі діни ғылымдар бойын¬ша өздерінің терең ойларымен белгілі болған ортағасыр ислам философтарын еске алып салыстырар болсақ, орта ғасыр тарихшылары мен ғалымдарының философия тарихында Фарабидің дәрежесі оларға қарағанда әлдеқайда жоғары екеніне сенімді болды. Фарабидің өздерінің идеологиялық қарсыластарына тигізген әсеріне көңіл аударатын болсақ, еш талассыз, оның дәрежесі мен философиялық ойлау мәдениетінің жоғары екені тайға таңба басқандай анық көрініп тұр.

Бұл критерийді әл-Фарабидің өзінің философиясынан іздеу керек. Егер біз әл-Фарабиді ислам философиясының негізін салушы деп айтатын болсақ, одан кейінгі ойшылдардың талқылап, ой қоса алатын өзіне тән философиялық принциптері мен идеяларының болғаны шүбәсіз. Бұл қандай негіздер мен принциптер? Бұл негіздердің ежелгі гректік және александриялық философиялық мектептердің ойларынан қаншалықты айырмашылығы бар?

Әл-Фараби және оның ізбасарлары антикалық дәстүрлерді бойларына қалай сіңірді? Әл-Фараби философиялық рухани әлемінің қалыптасуына антикалық философияның, нақтырақ айтсақ, Аристотель философиясының ықпалы қалай болды? Оны қалай зерттеді?

Халифаттағы ортағасырлық ғылым  Платон, Аристотель және басқа да грек философиясының классиктерінің шығармаларын жаңа платоншылдардың өңдеуі бойынша алды. Әл-Фараби шынайы Аристотельді кейінгі мистикалық түсіндірмелерден тазартып тануға өз алдына мақсат қойды. Бұл еңбекті керемет жазғандығы соншалық, оны көзі тірісінің өзінде-ақ «әл-Муалим әс-сани» (Екінші ұстаз) деп атап кетті, себебі арабтар Аристотельді Бірінші ұстаз санаушы еді. Сонымен қатар, әл-Фараби Аристотельдің трактаттарына («Категориялар», «Герменевтика», «Бірінші және екінші Аналитика», «Топика», «Риторика», «Поэтика» және т.б.), басқа да грек философтарының еңбектеріне түсініктеме берді. Бұл еңбектің сапасы туралы куәлік бізге Ибн Сина арқылы жетті: «Мен Аристотельді әл-Фарабидің түсініктемесін оқығаннан кейін түсіндім».

Біз әл-Фараби және оның ізбасарларының Ежелгі грек философиялық мектептерінің еңбектеріне тек қана комментарий жасаумен шектелмегенін білеміз. Қазіргі кездегі белгілі неміс философы ортағасырлық мұсылман философтары жайлы айтқанда былай ой тұжырымдайды: «Әрине, оларды (ортағасыр философтары) Аристотель философиясын түсінбеді деген жалған болар еді. Олар оның философиясын жаңа қырынан ғана көріп қоймай, оған жаңа мән мен талғам берді», – дейді.

 

АНТИКАНЫҢ  БІЛГІРІ

 

Демек, әл-Фараби де және оның ізбасарларының да Ежелгі грек философиясын соқыр таныммен зерттемей, оны терең түсіне білді.

Аристотель мен Платон философиясы арасында қайшылық бар, бірақ күмәнсіз, оның себебі әл-Фарабидің оларды дұрыс аудармағанында емес. Әл-Фараби жаңа философиялық түсініктер орната отырып, соларға сай нәтижелерге жетіп отырды. Бұл нәтижелердің көрінісін дінде, діни заңнамаларда, саясат пен ғылым салаларында байқай аламыз. Бұл енгізілген «жаңашылдықтарда» әл-Фарабидің философиялық принциптері мен философиялық көзқарастарының ең алғашқы бастауы ретінде дін қаралады, әрине, дін бұл жерде ерекше философиялық ғылым ретінде қаралды. Дін мен философия сонау софистер заманынан бері бір-біріне қарсы карастырылып келді. Сократи тағылған айыптардың бірі оның діни құндылықтарды мойындамай, онымен санаспауында еді (яғни, ол философияны діннен жоғары қойды).

Бірақ ортағасырларда дін мен философияның бірлігі мәселесі ислам философиясындағы алдыңғы тақырыптардың бірі болды. Әл-Кинди әл-Фарабидің ойына қарсы пікір айта отырып, философия мен дін екі түрлі қарама-қарсы күштер және олар дүниені түсіндіру мен ақиқатқа жету жолында әртүрлі позиция ұстанады деген ойда болды. Фарабидің ойынша философиялық ақиқат сияқты діни ақиқатта бар, бірақ бұл бір ақиқаттың екі түрлі көрінісі сияқты.

Философия арнайы зандар мен аргументтер, дәлелдерге негізделіп жасалатын болса, дінде осындай аргументациялар мен дәлелдердің үнделуі мен бұйырылуы түрінде көрініс береді, Жоғарыдағы сөздерді қорыта келе, әл-Фараби философияны дінмен салыстырғанда алғашқы бастама ретінде атап өтеді. Әл-Фараби бұл жерде философияның алғашқы бастама болуын оның ең бірінші әрі айқын артықшылығы етіп көрсетуге тырыспайды. Бірақ ол философияның дінмен салыстырғанда пайда болу уақыты тұрғысынан алғашқы болуымен қатар, ол барлық жағынан діннен жоғары тұратынын айтып өтеді. Әл-Фараби тіршілікте философия мен дін арасында ешқандай қарама-қайшылық көрмегендігін көрсетеді. Оның басты мақсаты – философия мен дінді татуластыру.

Осы ойлармен тығыз байланысты әл-Фарабиді екі маңызды сұрақ қатты толғандырды:

Платон мен Аристотель философиясы арасындағы қарама-қайшылықты жоққа шығарып, оларды татуластыру;

Ислам дүниетанымы мен Ежелгі грек философиясы арасындағы қарама-қайшылықты жою.

Сол уақыттарда грек философиясына қарсы бағытталған басты сын Платон мен Аристотель арасындағы қарама-қайшылықтың бар екендігі еді. Егер философия біртұтас ақиқатты танымға әкеле алса, онда екі ең танымал философиялық жүйелер бір-біріне қалай қарсы тұрады? Егер олардың екеуі де ақиқатқа жетсе, онда олардың арасында ешқандай қайшылық болмауы тиіс еді; қарама-қайшылық бола тұра екі философиялық жүйе де дұрыс деп танылса, онда философияның жетілмегендігі мен ақиқатқа жеткізетін қабілетінің жоқтығын амалсыздан көрсетіп отыр – сол дәуірдегі философияны сынаудың бірінші бөлімі дәл осыдан тұрады.

Әл-Фарабидің «халықтар» ұғымына берген анықтамасы да өзекті. Оның пікірінше, бір халық екінші халықтан екі нәрсемен ерекшеленеді: табиғи әдет-ғұрып пен табиғи қасиеттер және тіл. Халықтардың бұл әдет-ғұрыптары мен қасиеттері географиялық ортаның әсерімен қалыптасады. Фарабидің бұл тезисін әрмен қарай ортағасырлық Алдыңғы Шығыста тарих философиясының негізін салушы Ибн Халдун (XIV) дамытты.

Әл-Фараби сонымен қатар әртүрлі қоғамдық таптар мен топтарды анықтай отырып, әртүрлі «қалаларға» талдау жасады.

 

ОНЫҢ АРМАНЫ – ҚАЙЫРЫМДЫ  ҚОҒАМ 

 

Фарабидің пікірінше, «қайырымды қала» идеал болып табылады. Бұл – қайырымды билеуші басқарған феодалдық қала. Оған өзінің мақсатына сәйкес әрекет ететін басқарушы шенеуніктердің міндетін жүзеге асыратын келесі рангілі шенеуніктер көмектеседі, осылайша қоғамның төмен қабаттарына дейін жалғасады. Әл-Фарабидің «қайырымды қаласында» теңсіздік орын алады, тек рухани ғана емес, дәулет теңсіздігі де, себебі, «қайырымды қала» тек өзінің қажеттілігімен шектелген еңбек етушілер тұратын «қажеттілік қаласыз» мүмкін емес. Олар қажетін өзара көмек арқылы табады және төзімділік пен көну арқылы аман-саулыққа қол жеткізеді.

Әл-Фараби сын тағатын басқа қалалар үстемдік ететін түрлі таптармен сипатталады. Мұндай қалалар «мансапқұмар», «атаққұмар», «тәттікұмар» болып келеді. Қалада «опасыздық пен бақытсыздық», мысалы, тек тамақпен, шараппен, махаббаттық рахатпен қанағаттану үшін ғана өмір сүреді. Қалада көпестер мен өсімқорлар өзгенің еңбегін алып-сатумен береке табады.

Жетік философ теориялық ғылымдарды да білуге, бұл ғылымдарды басқа ғылымдарда да қолдана білуге тиіс. Платон мен Аристотель нағыз философқа әкімнің міндеттері жүктелуге тиіс деп санады, бірақ Платонның пікірінше, философ өзгермейтін ақиқаттарды меңзеп, мемлекетті басқаруды жоғары мақсатқа жетуге бөгет жасайтын ауыртпалық деп есептейді, ал Әл-Фараби, керісінше, тіршілік істерден бойын аулақ салмайды, қайта адамдардың ақиқатқа жету жолына түсуіне көмектесуге тырысады. Бұл арада Әл-Фараби дін мен философияны салыстырады. Оның пікірінше, дін-философияның ұқсасы: екеуі де жоғары принциптерге бар заттардың бастамаларына түсінік береді. Бірақ философия дәлелдеуді, дін сенуді керек етеді. Фараби мемлекетті философтар басқару керек дейді. Заң шығарушы өте жақсы пайымдаудың арқасында адамның мүдделеріне сай келуге тиіс заңдарды дұрыс жүзеге асыра алады.

 

ЕЛДІ КІМ ЖӘНЕ  ҚАЛАЙ БАСҚАРУЫ  ҚАЖЕТ?

 

Имам – ең жоғары дәрежеде теориялық білімі және ойшылдық қайырымдылықтары бар адам, мұның өзі оған адамдарға ақылшы, жетекші болып, оларды бақытқа жетуге бағыттап отыруға құқық береді.

Сонымен, «философ», «заң шығарушы», «имам» және «бірінші басшы» ұғымдары бір нәрсеге келіп қосылады. Олар бір мақсатқа қызмет етеді, бірақ бұл мақсатты әртүрлі әдістермен жүзеге асырады. Адамдар бірлестіктерінің ерекшелік белгілері болып табылатын теориялық және практикалық қайырымдылықтарға тек философияның көмегімен жетуге болады деп тұжырымдайды ұлы ғұлама. Міне, көріп отырсыздар, әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастарынан бүгінгі қоғамның көріністерінен пайдалы тиесілі үндестік табамыз. Адам, мемлекет, ел басқару жөніндегі Фарабидің өз заманында айтылған құнды пікірлерінің қазіргі таңда да қаншалықты маңызы барлығына көз жеткізіп отырмыз.

 

Түйіндеп айтқанда, ұлы ғұлама Әбу-Насыр әл-Фарабидің философиялық, логикалық-гносеологиялық әлеуметтік пікірлері, эстетикалық, теориялық, жаратылыстану ғылым салалары жайында айтылған ой-тұжырымдары мен ғылыми сараптамаларымен жете танысу оның дәуірін терең түсініп бойлауға мүмкіндік береді. Оның ғылыми ой-пікірлері өзінен кейінгі дәуірдегі Шығыс пен Еуропа халықтарының философиялық, эстетикалық, қоғамдық этикалық ой-пікірлері мен өнерін дамытуға, жалпы рухани құндылықтарының қалыптасуына әсер етіп, орасан зор ықпалын тигізіп отырды. Ұлы философ Әбу-Насыр әл-Фарабидің рухани әлемі – адамзат өркениеті мен рухани құндылықтарының биік шыңы іспеттес мұра.

 

Жақыпбек АЛТАЕВ,

философия ғылымдарының докторы, 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 

философия кафедрасының профессоры, 

әл-Фараби орталығының 

ғылыми кеңесшісі

 

Қанат АЛТЫНБЕК,

жазушы, публицист,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 

философия кафедрасының 

магистранты,

ҚР Ұлттық кітапханасы, 

Ғылыми-әдістемелік қызметінің 

маманы

 

31.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 14064
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 12878
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 16139
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 15042
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 20090