Аудан әкімі М.Сұлтанғалиевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте күн тәртібіне сәйкес «Жаңатас қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарының жүргізілу барысы», «Көктем мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алуға дайындық жұмыстары», «Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің 2022 жылдың қорытындысымен және 2023 жылдың қаңтар айына орындалуы», «Наурыз айындағы мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу мәселелері» қаралды. Бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Е.Есмаханов пен қала әкімі Д.Борсықов баяндама жасап, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ұсынысы бойынша Сарысу ауданы әкімінің 2023 жылғы 3 қаңтардағы №1 шешімімен аудан аумағында жергілікті ауқымды табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына орай және ауа райының күрт жылынуына байланысты, ауданда сел басу қаупінің алдын алу, 10-12 ақпан күнгі дауыл бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. «Көктем мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алуға дайындық жұмыстары» туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ж.Танабаев баяндап, көктемгі су тасқынына дайындықты арттыру мақсатында қала, ауыл әкімдерін жұмыстарды жүйелі жүргізуге шақырды. Сондай-ақ, жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің 2022 жылдың қорытындысымен және 2023 жылдың қаңтар айына орындалуы тиіс жұмыстар бойынша экономика бөлімінің басшысы Ж.Берікұлы хабарлап, инвестиция, өнеркәсіп, құрылыс, ауылшаруашылығы салаларында орындалуға тиісті индикаторлардың маңыздылығын атап өтті. Алдағы наурыз мерекелері көктемнің алғашқы айында елімізде тойланатын басты шаралардың бірі екені белгілі. 1 наурыз - Алғыс айту, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер және 22 наурыз - Ұлыстың ұлы күнін аудан көлемінде атап өтудің маңызы мен бекітілген жоспар бойынша атқарылатын іс-шаралар жайында ішкі саясат бөлімінің басшысы Г.Алтынбекова баяндап өтті. Аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы алдағы шаралардың маңызына тоқталып, әкімдер мен бөлімдерге нақты хаттамалық тапсырма берді.