Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желіде өте белсенді. Астана тұрғындарына атқарылуға тиіс, атқарылып жатқан іс-шараларды үнемі жеткізіп отырады. Бұл барша әкімдерге жұғысты болатын-ақ шаруа.
Таяуда Астана қаласы әкімі Instagram парақшасында қаланы жылумен, сумен қамтамасыз ету мақсатында қандай шаруалар атқарылып жатқанын мәлім етті. «Қаланы жылумен және сумен қамтамасыз ететін инфрақұрылым нысандарының жұмыс барысымен таныстым. Олар – ЖЭО-3, ЖЭО-2, ауызсу стансасы (ССС-3), «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансалары. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдың күзінде біз «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансасының, «Тұран» газ жылу стансасының бірінші кезеңінің, құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3 нысанын аяқтадық. Бұл нысандар қалаға 1100 сағ/Гкал-дан астам жылу береді. Осылайша бізге жылыту маусымында профицитке шығуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, өткен жылдың жазында Астана су қоймасынан тартылатын су құбыры және үшінші ауызсу стансасы салынды. Жоғарыда аталған нысандардың бәрі штаттық режимде жұмыс істейді. Қаланы алдағы уақытта да жылумен және сумен қамтамасыз ету үшін қуатын арттыру және жаңа нысандар салу бойынша жүйелі жұмыс жүргіземіз. Мәселен, биыл тағы бір «Телман» газ жылу стансасын (1-кезек), «Тұран» ГЖС екінші кезегін саламыз. Олар қалаға тағы 850 Гкал/сағ жылу қуатын береді.
Қаланы перспективалы түрде ауызсумен қамтамасыз ету үшін қазір су құбырының екінші желісін салу жұмысы жүріп жатыр. Нұра жерасты су көзінен су құбырын жобалау және Телман сорғы стансасын кеңейтуді жобалау жұмысы аяқталып қалды», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.