Алматы қаласындағы Сапарғали Бегалин атындағы республикалық балалар кітапханасында «Әли мен оның ішкі әлемі» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Бұл кітаптың басты ерекшелігі, Қазақстанда сирек гемофилия ауруы бар балалар туралы балаларға арналған кітап болып шыққанында. Әли есімді қарапайым бала туралы шығарма шытырман оқиғалы жанрда жазылған. Бірде Әли ерекше және қызықты сапарға аттанады. Достары Лиза мен Фил Әлимен бірге жұмбақтар мен тосынсыйларға толы құпия және белгісіз елді зерттейді. Кішкентай Әли мен оның достарының басынан өткен оқиғасын Ольга Огай жазып шығыпты. Кітапты қазақ тіліне аударған – ғалым, ұстаз Орынай Жұбай. Кітапты Қазақстандағы «TAKEDA» биофармацевтикалық компаниясы қазақстандық гемофилиямен ауыратын мүгедектер қауымдастығымен серіктестікте бірлесіп, орыс және қазақ тілдерінде шығарыпты.
Қазақ және орыс тіліндегі ертегі-повесть бастауыш және орта мектеп жасындағы балаларға, сондай-ақ олардың ата-аналарына арналады. «Әли мен оның ішкі әлемі» гемофилиямен ауыратын баланың оқиғасын баяндап отырып, жұртшылықтың назарын осы ауруға аударады. Кітап қарапайым өмірлік жағдайлар арқылы осы аурумен өмір сүрудің ерекшеліктері туралы көркем түрде суреттейді. Ауыратын балалардың физикалық және әленуметтік бейімделуі туралы түсінік қалыптастыруға көмектеседі. Ауруға байланысты кейбір шектеулерге қарамастан, шаттанып, еркін толыққанды өмір сүруге болатынын көрсетеді. Қалай өмір сүруге болады, қалай азықтану керек, айналасындағы дүниемен үйлесімді қарым-қатынас жасау жолдары көркем түрде қызықты оқиғалармен бірлестіріліп суреттеліпті.
С.Бегалин атындағы кітапханада өткен тұсаукесерге кітаптың авторы, аудармашы, медицина саласындағы арнайы мамандар, ата-аналар жиналды. Кітапхана меңгерушісі, «Takeda» компаниясының өкілдері кіріспе сөзбен ашқаннан кейін, қонақтарға сөз берді. Журналистер сұрақтарына жауап берді. Осылайша тұқым қуалау сипатындағы гемофилия ауруымен ауыратын балаларды қоғамнан оқшауламай қатар өмір сүрудің жалпыға ортақ қағидаларын көпке түсіндірді.