«Жаңа Қазақстан» қазақ тілімен айбарлы да қуатты болмақ
Президент «Әділетті Қазақстанды құрамыз!» деп кесіп айтты. Бұл Жаңа Қазақстанның басты ұраны десе де болады. Енді Қасым-Жомарт Тоқаев мырза бірден мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге ұмтылады деп ойлағанбыз. Өкінішке орай, олай болмады. Қазақ халқы да, оның зиялы қауымы да, тіптен ішінара кейбір Парламент депутаттары да қазақ тілінің мүшкіл жағдайын шырылдап айтып, оны орыс тілінің құрсауынан шығаруға Президентке, Үкіметке талап қойды. Әділетті талап. Жоғарыда айтқанымыздай, Ресейге жалтақтай ма, әйтеуір, пәрменді түрде мемлекеттік тілді күшейтудің жолдарына билік әзірге мойын бұрар емес.
Экс-президент Назарбаев қазақ тілі жайлы 30 жыл бойына өтірікті сапырып, жалған бағдарламалар жасап келгенін жақсы білеміз. «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі – мемлекетіміздің болашағы», «пәлен жылда қазақ тілін аю да үйренетін болды ғой», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесу керек» т.б. осындай «жалынды» ұрандарымен, қызыл сөздерді көпіртіп айтқанмен, шынтуайтқа келгенде қазақ тілін төрге емес, көрге апаруды көздегенін кейін бір-ақ білдік. Әйтпесе, шынында да, 30 жылда шын ден қойса, ештеңе ұқпас есек те, аю да қазақ тілін үйренер еді. Тәуелсіздігіміз келіп, халықтың рухы көтерілгенде орыстан бастап, өзге ұлт өкілдері қостап, балаларын қазақ балабақшасы мен мектебіне сүйрегенін қалайша ұмытамыз? Оларды осы игі ойдан қайтарған – сол кездегі билік. Әйтпесе ТМД-ның басқа мемлекеттеріндей қам жасап, оларға ізгі ниетпен талабымызды қойғанда, бұл кезде Қазақ тіліміз төрде шалқайып отыратыны айдан анық болатын.
Енді Жаңа Қазақстанды құрамыз деп аттандап жатырмыз. Оны құру, тағы да қайталап айтамыз, тілден басталуы тиіс. Мемлекеттік тіл – барлық рухани жаңғырудың қайнар бұлағы, халықты ынтымақ-бірлікке бастайтын ғаламат күш. Қазақтың саны 70 пайызға жетті. Түркі халықтарын қосқанда, 80 пайызға жақындаймыз. Ар жағында 90 да алыс емес. Бірен-саран болса да орыс ағайындар қазақ тілін үйреніп жатыр. Жаппай аралас мектепті жабу жөнінде де халық талабы күшейді. Қаңтар оқиғасында Желтоқсан алаңына қаны төгілген қазақ енді бір дүр сілкінсе, Жаңа Қазақстан мен әділетті Қазақстан өзі-ақ келетіні анық. Сондықтан қазіргі билік ойлануы тиіс. Тілі үшін, ұрпағының жарқын болашағы үшін Қазақ жұрты енді аянбайды. Сіз осы бастаманы батыл бастауыңыз керек, Президент мырза! Артқа бұрылуға енді кеш. Алда Жаңа Қазақстан, болашағымыз әділетті Қазақстанмен жарқын болмақ. Тағы да қайталап айтамыз, Тіліміз өз тұғырына қонбайынша айта береміз, талап ете береміз! Қазақ тіліміз арқылы Жаңа Қазақстан айбарлы да қуатты болады. Ол сөзсіз, анық нәрсе. Егер қазақ тілін шынайы мемлекеттік тіл ете алмасақ, бүкіл әлемге тағы да мазақ боламыз. Қазақ мазақ болса, сүйегімізге таңба! Бірге күресейік, бірге Жаңа Қазақстанға қадам басайық. Тек бір Аллам қолдасын!