ӘЛИЯ – ҚАҺАРМАНДЫҚ ДАСТАНЫ

ӘЛИЯ – ҚАҺАРМАНДЫҚ ДАСТАНЫ

Кеңес Одағының Батыры, Қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналған іс-шаралар Ақтөбе облысында жыл басынан бастап өткізіліп келеді.

Маусымның 12-13-і күндері Ақтөбе облысының орталығы мен батыр туған өлке Қобда ауданында  сол іс-шараларды қорытындылаған сән-салтанаты жарасқан үлкен мереке өткізілді.

Жиынға алыс-жақын шетелдер мен ел аймақтарынан келген мәртебелі меймандар қатысты. 

Әлия Ақтөбе облысының Қобда ауданына қарасты кішкентай ғана Бұлақ деген ауылда 1925 жылдың 15 маусымында Нұрмұхаммед Сарқұлов пен Маржан Молдағұлованың отбасында дүниеге келді.  Сегіз жасында анасы қайтыс болған Әлияны Алматыда тұратын нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұлов алып кетеді. 1935 жылдан бастап Әлия Ресейдің Ленинград қаласындағы №46 балалар үйінде тәрбиеленеді. Соғыс басталған жылы балалар үйі Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Әлия осындағы Вятское орта мектебінің 7-сыныбын аяқтаған соң Рыбинск авиациялық техникумына оқуға түседі. Алайда 1942 жылы өз еркімен майданға сұранған Әлия 1943 жылы мергендер даярлау жөніндегі Орталық әйелдер мектебін аяқтап, осы жылдан бастап 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болып майданға кіреді. Сексенге жуық дұшпанның көзін жойған батыр 1944 жылдың 14 қаңтарында Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданы Казачиха ауылы маңында болған соғыста ерлікпен қаза тапты. Ол қайтыс болғаннан кейін, 1944 жылдың 4 маусымында Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Батыр Новосокольники ауданының Монаково ауылында жерленді.

Ер етігімен су кешкен қанқұйлы соғыс жылдарында Отаны үшін жанын қиған қаршадай қыз қысқа ғана ғұмырында ерлік пен өрлікке, қаһармандық пен ұлы рухқа мәңгі ескерткіш орнатып кетті.

«Қобда, Нева суларын сүйіп өскен» (Бәкір Тәжібаев) Әлияның 19 жылдық ғұмыры кейінгі буынға тек музейлердегі, мұрағаттардағы құжаттар мен шығармалар, еңсе тіктеген ескерткіштер мен жүректерге сыр боп құйылар ән-жырлар арқылы жетіп жатыр...

Ақтөбе жұрты екі күн бойы дүркіреген той өткізді. Батыр рухына тағзым етіп, ат шаптырып, бәйге жасады, ғылыми басқосулар өткізіліп, батырдың ерлігі мен өрлігін кейінгі буынға үлгі етер игі істер жасалды.  

 

 

Ақтөбе батыр қызын еске алды

 

Батырдың 100 жылдығы аясында Ақтөбе қаласында өткен іс-шараларға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, облыстық мәслихат мүшелері, Астана, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Қарағанды облыстарынан келген делегациялар, сондай-ақ Әлия Молдағұлованың туыстары мен ақтөбеліктер қатысты.

Алдымен қонақтар  Әлия Молдағұлованың  мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті.

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының атынан іс-шараға қатысушыларды осы айтулы күнмен құттықтап,  батыр қыздың ерлігі өшпейтін рух пен отансүйгіштіктің мәңгілік символы екенін атап өтті.  

 Құрметті ақтөбеліктер! Баршаңызды Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойымен Мемлекет басшысының атынан шын жүректен құттықтаймын. Бұл халқымыздың жадында мәңгілік сақталатын, тарихи әрі рухани мәні зор күн. Әлия ұлт рухының символы. Ол өз ерлігімен елдік пен ерліктің биік үлгісін көрсетті. Ұлт болмысын айқындайтын ұрпақ тәрбиесі осындай тұлғалар арқылы қалыптасады. Президентіміз Ұлттық құрылтайда айтқандай, жаңа ұлттық болмыс терең білімді, мәдениеті жоғары, отаншыл азаматтар арқылы қалыптасуға тиіс.Осы орайда Әлияның өмір жолы мен ерлігі жас ұрпаққа мәңгілік өнеге. Сонымен қатар бұл мерейтой Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикалық деңгейдегі атаулы күндер тізіміне енгізілді,  деді Мәлік Отарбаев.  

Аталған іс-шараға «Әлия гүлі достарын қарсы алады» атты халықаралық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы фестивалінің өнерпаздары да қатысты. Оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Армения және Ресейден келген өнер ұжымдары бар. Мерейтойға еліміздің Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстары мен Ақтау, Атырау, Астана, Алматы қалаларынан да арнайы делегация келді.

Аталған мемориалды кешен 2005 жылы Әлияның 80 жылдық мерейтойына орай бой көтерген болатын. Биіктігі 3,8 метр болатын қола мүсіннің авторы ақтөбелік мүсінші Бақытжан Әбішев. Ескерткіш тұғырындағы барельефті белгілі мүсінші Ескен Серғабаев жасап шыққан.

 

 

«Ғасырларға жалғасқан ерлік»

 

Батырдың ғасырлық тойы аясында өткізілген республикалық форум  осылай аталды.

Форумға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мәдениет және ғылым саласының өкілдері, Ресейден және Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген делегациялар, сондай-ақ батырдың туыстары қатысты.  Бұл іс-шара мерейтойлық жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі ретінде атап өтілді. Форумның мақсаты батырлықтың, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизмнің символына айналған мерген қыздың рухына тағзым ету.

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы атынан форумға қатысушылар мен ақтөбеліктерді осы маңызды тарихи оқиғамен құттықтады.  

Әлия Молдағұлова – бүкіл қазақ халқының мақтанышы, қайсар рух пен жанқиярлықтың символы. Бүгінгі форум – тарихи жадымызды сақтау мен жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу жолындағы ортақ жауапкершілігіміздің көрінісі. Форумды ұйымдастырған барша азаматтарға, Әлия Молдағұлованың ерлігін ұрпақ жадында мәңгі қалдыруға атсалысып жүрген жандарға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер жастарды Отанға деген сүйіспеншілікке, ұлттық құндылықтарға, адалдыққа баулып келесіздер, – деді Президент кеңесшісі.

Форумға қатысушыларды Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров та құттықтап, батыр есімін ұлықтау бағытында өңірде жүзеге асып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.

 Бұл форум Әлия апамыздың 100 жылдығын кең көлемде атап өтуге арналған мерейтойлық іс-шаралардың бастауы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Әлия Молдағұлованың өшпес ерлігін міндетті түрде жадымызда жаңғыртамыз.  Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыстары жалғаса береді», деп атап өткен болатын. Осыған сәйкес Әлия Молдағұлованың  100 жылдығы республикалық іс-шаралар тізіміне енгізіліп, ел көлемінде ауқымды түрде аталып өтуде. Өңірімізде де арнайы жоспар бекітіліп, бұқаралық, мәдени-көпшілік,  әскери-спорттық  және халықаралық шаралар тізбелері жасақталды. Батырдың атындағы байқаулар, гала-концерттер, спектакльдер, танымдық кештер және өзге де ұлықтау шаралары өткізілуде. Мерейтой қарсаңында Әлия ауылдық клубы, «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығы мен батырдың есімін иеленген мемориалды музейге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әлия апамыздың ерлігі өскелең ұрпақ үшін қашанда мәңгілік өнеге. Қобда ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жаңа нысандар салу арқылы батыр есімін ұлықтау ісі жалғасуда. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында заманауи үлгідегі «Әлия» мәдени орталығы мен жаңа мемориалды музейдің құрылысы қолға алынды. Бұл форум сол игі бастамалардың жалғасы. Ерлікті ұмытпай, жаңғырту қастерлі міндетіміз, деді облыс әкімі.

Асхат Шахаров өз сөзінде педагог әрі қоғам қайраткері, Әлияның ерлігін зерттеуге және жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беруге өмірін арнаған Ғалымжан Байдербестің еңбегін ерекше атап өтті.

Форум барысында Әлия Молдағұлованың ерлігіне, тарихи жадыны сақтау жолындағы зерттеушілер мен қоғам белсенділерінің үлесіне, сондай-ақ музейлік және мәдени жобалардың патриоттық тәрбиедегі рөліне арналған мазмұнды баяндамалар тыңдалды.

Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің директоры Жанар Мақсұтова «Батырлық мәңгілік: Әлия музейі тарих пен тағылым көзі», Ұлттық Кеңес мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, академик Бүркітбай Аяған «Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанда құрылған дивизиялар» тақырыбында баяндаса, академик Серіктес Тоққұлов 1979 жылы Ленинградтағы Ә.Молдағұлова оқыған №140 мектеп музейін жасақтаған қазақ жастары жайында сөз етті.

Ресейден арнайы келген Ярославль облысындағы «Вятич» патриоттық орталығының жетекшісі Любовь Абрамова Вятское ауылында батыр қыздың рухына деген құрмет ерекше екенін айтып өтті. 1942 жылы Әлия Молдағұлова Ленинград қоршауынан эвакуацияланған балалармен бірге Вятское ауылына жеткізілген еді.  

Біз Ярославль облысы Вятское ауылынан келдік. Өңірлерімізді екі мың шақырымдай қашықтық бөлгенімен, Әлия Молдағұлованың есімі бізді берік байланыстырып тұр. Ярославль жерінде оның есімі зор құрметпен аталады: Батырлық мемориалында есімі қашалып жазылған, ауыл мектебінде құжаттар мен фотосуреттер қойылған арнайы музей ашылған. 1942 жылы Әлия біздің мектебімізде 7-сыныпта оқыды, сондықтан біз оны зор мақтанышпен өзіміздің түлек деп атаймыз. Вятское ауылына келген әрбір турист Әлияның ерлігі жайлы біледі. Оның бейнесі ауылымыздың мәдени-тарихи өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды, – деді Любовь Абрамова.

Форум – ұрпақтар сабақтастығының, тәжірибе алмасудың және Әлия Молдағұлованың ерлігін ұлттық тарих пен мақтаныштың ажырамас бөлігі ретінде дәріптеудің маңызды алаңына айналды.  

 

300 Әлия бас қосты

 

Ақтөбеде перзентіне Әлия есімін бергендер көп. Олардың қатарында бүгінде қария болар жасқа жеткендер де, жарық дүние есігін енді ғана ашқан шақалақтар да бар. Жалпы елімізде 70 мыңнан астам Әлия бар екен. Оның 4 мыңға жуығы Ақтөбе облысында тұрады. Батырдың 100 жылдығы аясында өткізілген. «Мен Әлиямын!» атты ауқымды форумға батыр қызбен аттас 300-ге жуық аналар мен қыздар жиналды. 

Форумның басты мақсаты Әлия есімін ұлықтау, ерлік пен қайсарлықтың символына айналған батыр қыздың есімін алып жүрудің өзі зор құрмет екенін ұғындыру. Форумның ерекшелігі сол Әлия есімді қыз-келіншектердің анықтамалығын жасау барысында көптеген қызықты мәліметтер жинадық. Қатысушылардың 40 пайызға жуығы Ақтөбе қаласында туған. Облыс бойынша ең көп Әлия есімі Қобда ауданында екен.

Өңірде екі Әлия Молдағұлова, батырдың туған күнінде дүниеге келген 4 Әлия бар.  Статистикалық анықтама жүргізу барысында соңғы уақытта Әлия есімін беру қалып бара жатқандығын байқадық. Себебі қатысушы 300 Әлияның ішінде балалардың пайызы төмен. Сондықтан алдағы уақытта Әлияның есімін көбірек ұлықтауымыз қажет,  деді Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бейсенғалиева.

Форумға келгендердің ең үлкені 88 жастағы қария болса, ең кішісі – 2 айлық сәби. Форум өткізіліп жатқан тұста Ақтөбе перзентханаларында дүниеге келіп жатқан сәбилер арасында да Әлия апасының есімін алып жатқандар да болды.

Форумға жиналған 300 қатысушының дені – дәрігер, мұғалім, өнер және спорт саласының үздіктері. Әрқайсысы өз саласында жетістікке жетіп, елге қызмет етіп жүрген жандар. Ерекше атап өтерлігі, қатысушылардың қатарында батырдың туған күнінде дүниеге келген төрт Әлия және «Ілия» есімімен тіркелген, бірақ бейресми түрде Әлия деп аталатын жандар да болды. Жиын барысында әр салада үздік нәтижелерге қол жеткізген Әлияларға құрмет көрсетілді. Батырдың туған күнінде дүниеге келген Әлияларға гүл шоқтары ұсынылды. Форумға дейін шара қатысушылары Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ерлікке тағзым етті.

Шара соңында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Әсет Оралбаев қоғам дамуына  үлес қосып жүрген, белгілі бір салада үздік жетістіктерге жеткен 22 Әлияға Алғыс хат табыстады.

 

Бұлақ – батырдың туған ауылы

 

Батырдың тойы одан әрі туған жері Қобда ауданында жалғасты. Меймандар алдымен  Бұлақ ауылына аялдап, батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Асхат Шахаров, сондай-ақ ҚР Парламент депутаттары, мерген қыздың туыстары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Қатысушылар Отан үшін от кешіп, сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапқан батырды бір минут үнсіздікпен еске алды. 

Аудан орталығы   Қобда ауылында 80 киіз үй құрылып, этноауыл бой көтерді. Киіз үйлерде ұлттық нақышта жасалған интерьер, дастарқан мәзірі мен қолөнер бұйымдары қойылып, келген қонақтарға аймақтың тарихы мен бүгіні таныстырылды. Сонымен қатар әр аудан концерттік бағдарламасымен келіп, өнерлерін ортаға салды.

Шара барысында сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді.

 Құрметті ақтөбеліктер және Қоба жұртшылығы! Баршаңызды Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойымен Мемлекет басшысының атынан шын жүректен құттықтаймын. Бұл халқымыздың жадында мәңгілік сақталатын, тарихи әрі рухани мәні зор күн. Әлия ұлт рухының символы. Ол өз ерлігімен елдік пен ерліктің өшпес үлгісін көрсетті. Әлия апамыздың аруағы шат болсын!  деді ол.

Өңір басшысы  Асхат Шахаров батыр жерлестеріне лебізін білдірді:

 Қобда өңірі  талай батыр мен тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Солардың ішінде Әлияның орны ерекше. Әлия апамыздың ерлігі  бүгінгі ұрпақ үшін биік рухтың, жігердің, патриотизмнің нағыз үлгісі. Оның есімі тарих беттерінде алтын әріппен жазылып, халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Бүгінгі іс-шара  өткенге тағзым, ерлікке көрсетілген құрмет. Бұл  жас ұрпаққа үлгі боларлықтай, олардың бойына отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіру жолындағы маңызды шара,  деді.

Батыр тойы театрландырылған қойылыммен басталды. Үш бөлімнен тұратын сахналық көріністе Бұлақта туып-өскен қаршадай қазақ қызының ғұмыры ерекше бейнеленген. Спектакль тарихты ғана емес, батыр қыздың Отанға деген сүйіспеншілігін, ерлік пен елдікті, рух пен қайсарлықты айрықша көрсетті.   

Мерекелік көңіл күй концерттік бағдарламамен жалғасты. Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония артистері мен қобдалық өнерпаздардың ән-жыры көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Қонақтар этноауылдағы Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанованың өмір тарихынан түрлі деректер қамтылған көшпелі музей-киіз үйлерді, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері – бәйге мен қазақ күресінде бақ сынаған спортшылардың шеберлігін тамашалады.   7 шақырымдық құнан бәйгеде Түркістан облысы Созақ ауылынан келген шабандоз мәреге бірінші жетсе, Ойыл ауданы екінші, Шалқар ауданы үшінші орынды иеленді. 

Іс-шарадағы жылы атмосфераға, көрсетілген құрметке және батыр есімін ұлықтап, еске алған сәттерге Әлияның туыстары разы екендігін білдірді.  Солардың бірі Әлия Молдағұлованың ағасы Бисембай Хабиевтің қызы Ария Хабиева.  

Әкем Әлияны жиі еске алатын. Ол бала кезінен-ақ басқа балалардан ерекшеленетінін айтатын. Әлия шапшаң, жауапкершілігі мол, білімге құштар болған. Әкем оның қамқорлығы мен мейірімділігін үнемі айтып отыратын. Жасына қарамастан, ол өзгелерге жанашырлық танытып, көмектесе білген екен. Біз ол туралы ұзақ тебірене аламыз Әлияның бойында шексіз жылулық, қуат, рух күші бар еді. Ол біздің отбасымыздың жадында өшпес із қалдырды. Ол біз үшін жай ғана батыр емес, ол отбасымыздың бір бөлшегі, мақтанышымыз, жан жарамыз және мәңгілік сағынышымыз, дейді Ария Хабиева. 

Қобдада өткен мереке аясында тыңдарманға «Әлия дастан» атты жаңа ән таныстырылды. Әннің авторлары   Орал-Қосай Байсеңгір мен  Дулат Айтжанов. Көпшіліктің назарына алғаш ұсынылған әнді Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздіктері Орал-Қосай Байсеңгір, Дулат пен Рита Айтжановтар, Жұлдыз Нұрқасымовалар және халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Ернар Дүйсеев орындады.

  

Дрондар шоуы

 

Осы күні кешке той Ақтөбе қаласында жалғасты. Ақтөбе аспанында алғаш рет ұйымдастырылған дрондардың таңғажайып шоуын мыңдаған адам тамашалады.

Синхронды түрде көтерілген 550 дана дронның шоуы таңғажайып көріністерді бейнеледі. Көпшілік Әлия Молдағұлованың, Димаш Құдайбергеннің бейнелерін, Ақтөбе өңірінің көрікті жерлерін және өзге де визуалды композицияларды тамашалады. Ел байрағы бейнесі көрсетілгенде, 40 мыңнан аса көрермен Мемлекеттік Гимнді бір мезетте орындады. Жарық шоу лазермен және әсем әуендермен сүйемелденді. Дрондар шоуын Aspan Galaxy ұсынды.

«Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында өткен керемет кеште жергілікті өнерпаздар мен арнайы шақыртумен келген эстрада әншілері өнер көрсетті. Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева «Любовь настала», «Сол бір кездер», «Шақырады көктем», «Балдәурен» әндерін шырқаса, жастар арасында танымал әнші  Садраддин «Үйге», «Қанша күн?», «Бақыт», «Жауап бар ма?» секілді хит әндерін орындады. Сонымен бірге Аллаберген Жақсыбаев, Рита және Дулат Айтжановтар, Қанат пен Светлана Айтбаевтар, Мирас пен Құралай Бекжановтар, Марат Әйтімов, Әлихан Зейнолла және өзге де жерлестеріміз өнер көрсетті. Кеш Роза Рымбаеваның орындауындағы батырлықтың нышанын әспеттейтін «Әлия» әнімен қорытындыланды.

Жыл басынан бері елімізде өткізіліп келе жатқан қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар халқымыздың бірлігі мен елдік рухының жарқын көрінісіне айналды.

Ақтөбе жерінде екі күнге созылған мерейтойлық бағдарлама ерекше мазмұнымен есте қалды. Бұл ерлікке тағзым, өткенге құрмет, ұрпаққа аманат. Мерейтой аясындағы әрбір іс-шара облыс тұрғындары мен қонақтарын біріктіріп, әсіресе жастарға ерекше рух берді. Бұл ерлік мәңгілік екенін, ал Әлияның есімі ұлт жадында мәңгі жаңғырып тұратынын тағы бір дәлелдеді.

 

 

М.ТАБЫН,

Ақтөбе облысы

20.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14416
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14338
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29483
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28112
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31647