Алматы облысында Су шаруашылығы мен Ветеринария қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Алматы облысында Су шаруашылығы мен  Ветеринария қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Алматы облысы әкімдігінде 9 шілдеде Су шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтіп, өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарына құрмет көрсетілді. Егістікке нәр беріп, ирригациялық жүйелердің үздіксіз жұмысын тәулік бойы бақылауда ұстайтын мамандардың еңбегі жоғары бағаланып, мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды.

Іс-шараға сала ардагерлері, «Алматыоблсушар» мекемесінің қызметкерлері, Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының ұжымы, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының мамандары, сондай-ақ жобалау және құрылыс ұйымдарының өкілдері қатысты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы су шаруашылығы саласының мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Ол сала қызметкерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградаларды, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды табыстады.

– Егістік алқаптарының өнімділігі, аграрлық саланың дамуы және халықтың азық-түлік қауіпсіздігі – сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесі. Өңірде су қоймалары мен каналдарды жаңғырту, ирригациялық инфрақұрылымды жетілдіру бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстар экономиканың тұрақты дамуына серпін беруде. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! – деді Бақытнұр Бақытұлы.

Марапат иелерінің қатарында Тасқұтан су көтергіш бөгетінде инженер-гидротехник болып қызмет атқаратын Абзал Рахымбаев та бар. Ол көп жылғы адал еңбегі үшін «Су шаруашылығының үздігі» ведомстволық төсбелгісімен марапатталды. Су саласында он жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан маман бұл марапатты бүкіл ұжымның ортақ жетістігі деп бағалайды.

– Бұл марапат – тек менің ғана емес, бүкіл ұжымның еңбегіне берілген баға. Біз Тасқұтан бөгетінде суармалы алқаптарға судың уақытылы әрі тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етеміз. Әрбір тамшы су – диқандар үшін қымбат. Сондықтан біздің жұмысымыз үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе суару маусымында демалыс пен мереке деген болмайды. Алайда еңбегіңнің нәтижесінде жердің ырысы артып, мол өнім жиналғанын көргенде, өз мамандығыңның маңызын ерекше сезінесің. Барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын! – деді Абзал Рахымбаев.

Бүгінде елімізде су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су инфрақұрылымын жаңғырту және су үнемдеу технологияларын енгізу мемлекеттік маңызы бар міндеттердің біріне айналды. Осы маңызды бастамалардың табысты жүзеге асуы өз ісіне адал, кәсібіне жауапкершілікпен қарайтын су шаруашылығы мамандарының еселі еңбегінің нәтижесі.

Сала ардагерлерінің мол тәжірибесі мен жас буынның жаңашыл көзқарасы ұштасқан бүгінгі су шаруашылығы жүйесі өңірдің тұрақты дамуы мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың берік негізіне айналып келеді. 

Сонымен қатар, Алматы облысының әкімдігінде 10 шілде – Ветеринария қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтіп, мал саулығы мен халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген сала мамандарына құрмет көрсетілді. Кәсібіне адалдық танытып, жоғары жауапкершілікпен қызмет атқарып жүрген үздік ветеринарлар мемлекеттік және өңірлік марапаттарға ие болды.

Салтанатты жиында бірқатар қызметкерге Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, сондай-ақ Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің «Құрмет» грамотасы табысталды.

Ветеринария саласына жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы мамандарды кәсіби мерекемен құттықтап, олардың өңірдің тұрақты дамуы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегін ерекше атап өтті.

– Ветеринар мамандығы – терең білімді, жоғары кәсіби біліктілікті және үлкен жауапкершілікті талап ететін абыройлы кәсіп. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін осы маңызды қызметті адал атқарып, халық дастарқанына қауіпсіз өнімнің жетуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, бүгінде Алматы облысының ветеринария саласында 1386 маман еңбек етеді. Олар мал ауруларының алдын алып, эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын сақтаумен қатар, халық денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күн сайын өз үлестерін қосып келеді.

Сондай-ақ, Бақытнұр Бақытұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің II форумында ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту, материалдық-техникалық базаны нығайту және сала қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту жөнінде нақты міндеттер қойғанын атап өтті.

Президент тапсырмаларын іске асыру аясында өңірде соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылдың өзінде облыста 21 ветеринариялық пункт пен 19 мал қорымы пайдалануға берілді. Ал 2026-2027 жылдары жергілікті бюджет есебінен 94 ветеринариялық пункт пен 52 мал қорымының құрылысына 4,1 млрд теңге қарастырылған. Бұл ветеринариялық инфрақұрылымға деген қажеттілікті толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында ветеринариялық қызметке 100 қызметтік автокөлік сатып алынды. Бұдан бөлек, аса қауіпті 12 жұқпалы ауруға қарсы эпизоотиялық іс-шараларды жүргізуге 5 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен 123 млн теңгеге 70 сібір жарасы көміндісі ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестендірілді.

Мерекелік жиында сөз алған сала ардагері Самғат Сүндетбаев бүгінде ветеринарияға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін айтты.

– Ветеринария – халықтың әл-ауқаты мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар сала. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау айтарлықтай күшейді. Жаңа ветеринариялық пункттер салынып, материалдық база жаңартылып, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Бұл – ветеринария мамандарының ел үшін атқарып жүрген еңбегіне берілген жоғары баға, – деді ардагер.

Мал саулығын қорғау – тек ауылшаруашылығының ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететін маңызды міндет. Сондықтан ветеринария қызметкерлерінің еңбегі төрт түліктің амандығымен ғана өлшенбейді. Олар адам денсаулығын қорғауға, сапалы әрі қауіпсіз азық-түлік өндіруге және елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып келеді.

Ветеринария қызметкерлері күніне арналған мерекелік жиын осы ақ халатты мамандардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігі ерекше екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Өз ісіне адал жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.

Әсем ФАЗЫЛОВА, 

Алматы облысы

16.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26498
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25926
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43321
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39122
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43728