Алматы қаласы басшылығы шаһардың алдағы жылыту маусымына дайындығын пысықтап, оның 94 пайыз дайын екенін мәлімдеді. «Алматыжылу желілері» ЖШС бас инженері Данияр Қазымбетов: «Жоспар бойынша биыл 17 жылу желісін қайта жөндеуден өткізу міндеттелген. Олар аяқталуға жақын. Оның ішінде 20 шақырымға жуық жылу желісі мен 6 сорғы станциясындағы жабдықтар жаңартылады. Жалпы, қазіргі таңда қаланың жылу жүйесінде соңғы сынақтар өткізіліп жатыр. Кешенді шара барысында жөндеуден кейінгі құбырлардың беріктігі мен тығыздығы тексеріледі. Айта кетсек, биыл ескірген қазандықтар энергияны үнемдеп, жылу өткізуді жақсартатын заманауи еуропалық өнімдерге алмастырылған»,— деп мәлімдеді.