Алпауыт ел Қазақстан нарығына 24 млрд доллар инвестиция салмақ

Алпауыт ел Қазақстан нарығына 24 млрд доллар инвестиция салмақ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтің ресми шақыртуымен 16 маусым күні Қытай төрағасы Си Цзиньпин Астанаға келді. Мәртебелі мейманды күтіп алудың ерекше форматта өткені өз алдына бөлек әңгіме. Қытайлық сайттар бұл құрметті айрықша ықыласпен жазып жатыр.

Ақордада өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев, Қытай басшысының екі елдің арасындағы достық пен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруде айрықша ықпал еткендігіне тоқталып өтті.

– Сізді Қазақстанда аса көрнекті мемлекет қайраткері, халықаралық қоғамдастық алдында зор абырой-беделге ие көреген көшбасшы деп біледі. Еліңіздің қарқынды дамуы Өзіңізбен тікелей байланысты. Сіздің сарабдал саясатыңыздың арқасында Қытай Халық Республикасы әлеуметтік-экономикалық жаңғыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісінде ерен жетістікке жететініне сенімдімін. Біз жаңа тарихи кезеңде өзіне тән ерекшелігі бар социализм негізін қалап жатқан Қытай халқының мол табыстарына шын қуанамыз. Сіздің маған және барша Қазақстан халқына деген құрметіңізді жоғары бағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Тату көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде біз Сіздердің жетістіктеріңізге тәнтіміз. Сіздер үшін қуаныштымыз. Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы құбылмалы әлемнің сынына төтеп беріп, қарқынды дамып келеді. Бұл – тек географиялық тұрғыдан жақындықтың, ғасырларға ұласқан достықтың арқасы ғана емес, елдеріміздің өркендеу жолындағы табиғи сұранысы. Соңғы жылдары бірлескен күш-жігердің нәтижесінде тағдыры ортақ Қытай мен Қазақстан арасындағы ықпалдастық жаңа мән-мазмұнмен толығып жатыр. Бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуы қос халыққа айтарлықтай пайда әкелді. Мен Өзіңізбен тізе қосып, Қытай-Қазақстан достығын нығайтуға, өңірдің және жалпы әлемнің дамуына елеулі үлес қосу үшін екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі ілгерілетуге әзірмін, – деді ҚХР Төрағасы.

Осы реткі келелі кездесудің мәні айтарлықтай зор болды. 2024 жылы екі елдің арасындағы сауда айналымы 44 млрд долларға жетіп, рекордтық нәтижеге жеткендігін тілге тиек еткен Тоқаев бұл қатынастардың ары қарай да тереңдей беретіндігіне сенім білдірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин жүргізген келіссөз нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Екі ел делегациясының мүшелері энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауылшаруашылығы, электронды сауда, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын құжаттармен алмасты. Олардың ішінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер бар.

Осы тұста негізгі салаларға бағытталған ірі жобалар туралы айта кеткен жөн. Мәселен Премьер-министр Олжас Бектенов Shandong Energy Group Co. басқарма төрағасы Ли Вэймен кездесу өткізді. Онда энергетика саласындағы ынтымақтастық, оның ішінде Қазақстанда көмір химия зауытын салу бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

QazaqGaz және Shandong Energy Group Co. компанияларының Қарағанды облысындағы көмірден газ өндіретін көмір химия зауытының құрылысы бойынша бірлескен жоспарларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Жобалық қуаты жылына 2 млрд м3 газды құрайды. Өндірісті іске қосу Қазақстанның көмір-химия саласының дамуына жаңа серпін береді. Газдың қосымша көлемі, 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу, экономиканы әртараптандыру, жаңа технологияларды дамыту, сондай-ақ еліміздің экспорттық әлеуетін күшейтеді деп күтілуде.

Тағы бір маңызды кездесу туралы тоқтала кеткен жөн. Олжас Бектенов қытайлық Qingdao Wanlin Food Co., Ltd. компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ли Яньтаомен өткен кездесуі кезінде, ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Qingdao Wanlin Food компаниясының Түркістан облысында индустриалды парк салу жөніндегі жоспарлары қаралды. Жоба жалпы ауданы 70 гектар ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу нысандарды кезең-кезеңімен іске қосудың және өнеркәсіп инфрақұрылымын дамыту жөніндегі үш кезеңін қамтиды. Бұл құрғақ көкөністер, мал азықтық дақылдар өндіретін зауыттарды іске қосу, сондай-ақ Қытай бизнесі тарапынан кемінде 15 серіктес тарта отырып, өнеркәсіптік парк салу.

Өндірістік қуаты жылына 50 мың тонна құрғақ көкөніс өндіретін зауытын салу жұмыстары басталды. Инвестор инвестиция сомасын $30 миллионнан $90 миллионға дейін арттырды, 300 жұмыс орнын ашу күтілуде. Компания бірінші кезеңде «Түркістан» ӘКК өнеркәсіп паркіндегі дайын өндіріс нысандарын жалға алды. Жақын арада жабдықты монтаждау жоспарлануда, бірінші кезеңді пайдалануға беру осы жылдың шілдесінде күтіліп отыр. Жобаны дамыту стратегиясы еліміздің Жетісу және солтүстік өңірлерінде сәбіз және сарымсақ өңдеу бойынша қосымша зауыттар сала отырып, өндірісті кеңейтуді қамтиды. Өндіруші дайын өнімді Қазақстанда сатуға, сондай-ақ АҚШ пен ЕО нарығына экспорттауға ниетті.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Қытай экспорт-импорт банкі басқармасының төрағасы Чэнь Хуайюймен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар екіжақты инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға байланысты бірқатар мәселені, сондай-ақ Қазақстан аумағында бірлескен инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған шешімдерді әзірлеу жөніндегі алдағы қадамдарды талқылады.

Бұл маңызды кездесуде Қазақ-Қытай компаниялары арасында жалпы 58 коммерциялық құжатқа қол қойылғандығын ерекше айта кету керек. Олардың жалпы құны 24 млрд доллардан асады.

Ауылшаруашылығына қатысты жобаларға Қытай тарапы 800 млн доллар көлемінде инвестиция салатын болды.

Алматы облысының әкімдігі мен TBEA Company Limited компаниясы 1000 МВт қуаттылықтағы күн электр станциясы мен трансформатор зауыты құрылысы жобасы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Болашақта инвестор Алатау қаласын сенімді жылумен қамту мақсатында 1320 МВт қуаттылықтағы көмір электр станциясын (ЖЭО) салуды жоспарлап отыр. Жалпы инвестиция көлемі – 3,7 млрд доллар.

PS: Біз бұл мақалада Қытай төрағасының Қазақ еліне жасаған сапары аясында қарастырылған негізгі мәселелерді қысқаша шолып өттік. Бұл сапардың экономикалық маңызынан бөлек, стратегиялық әріптестік саласында да айтарлықтай маңызы бар екенін ескерген жөн. Сарапшылар Қытайдың Орталық Азия аймағындағы ықпалының күн сайын артуына қарап отырып, «Орталық Азия Ресейдің уысынан сусып түсіп бара жатыр» деген болжамдарын да жасырған жоқ. Дегенмен мүдделер тоғысында біржақтылы байланыстардың ешкімге пайда әкелмейтіні тағы бар. Сондықтан көпвекторлы саясаттың бір нәтижесі осы дер едік.

Ерқазы Сейтқали

20.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14420
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14342
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29488
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28117
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31651