Отбасы – адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі. Татулық пен сыйластыққа негізделген шаңырақта қашан да ынтымақ пен береке салтанат құрары сөзсіз. Орал қаласында тұратын Дускалиевтер отбасын да «үлгілі әрі өнегелі жанұя» деп дәріптеуге тұрарлық.
«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» демекші, бұл жарасымды жанұяның ақылшысына айналған қос бәйтерегі Мұхамбет атамыз бен Дариға әжеміз – бейнеттерінің зейнетін ұрпағынан көріп отырған бақытты ата-ана. Өз заманының жас буыны секілді еңбекке ерте араласқан Мұхамбет Сағынғалиұлы көп жылдар қарапайым еңбек адамы – механизатор болып еңбек еткен. Мінезі ашық-жарқын, отбасына асқақ тұлғасымен үлгі бола білген ақсақал қазіргі уақытта зейнеткер. Ал отанасы Дариға Сәрсенқызы – шаңырақтың берекесін еселеп отырған ардақты ана, сүйікті әже. Тазалық пен ұқыптылықты сүйетін Дариға апай өмірден көрген білгенін, оқып-тоқығанын келініне, қара берді немерелеріне үйретіп отырудан жалыққан емес. Ағайын-туысқа сыйлы, дос-жаранға қадірлі қос қария өнерден де құр алақан емес екен. Атамыз жас күнінде ауыл сахналарында ән айтып көзге түссе, Дариға әже он саусағынан өнер тамған шеберлігімен талайды тамсандырған. Қазіргі уақытта спортты жанына серік етіп жүрген ата-әжеміздің осындай қасиеттері – ұрпақ үшін үлкен мақтаныш екені сөзсіз.

Жарасымды жұптың көзінің ағы мен қарасындай ұлдары Асқар да ата-анасының үмітін ақтап, саналы перзент болып ержеткен. Мектеп қабырғасынан қолөнерге және сурет салуға әуес болған кейіпкеріміз кейіннен осы жолды таңдапты. Батыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерген Асқар Мұхамбетұлы еңбек жолын ауыл мектебінен бастаған. Бірақ бір орында тұрақтап қалуды қаламаған Асқар облыс орталығына жұмысқа ауысып, өзін сыртқы жарнама саласында сынап көруді ұйғарған.
– Заманның ағымына сай тәжірибем мен біліктілігімді қоса пайдалануға тырыстым. Осылайша, бұл салада өз-өзімді дамытып, түрлі материалдармен жұмыс жасауды үйрендім. Атап айтқанда, мектептерге арналған үлкен стендтер, баннерлер, ауқымды әріптер сияқты тапсырыстар ала бастадым. Солай жеке кәсіпте шыңдалып, өзіме команда жинап, кәсібімді кеңейттім. Әрине, оның өз жауапкершілігі бар. Оны да ұмытпау керек. Бірте-бірте қоғамдық жұмыстарға атсалысуға ден қойдым. Тіпті волонтер болып, қайырымдылық істермен де айналыстым. Салауатты өмір салтын ұстанып, спорттың көшеде айналысатын Street workout түрінен президент болдым, – дейді Асқар Мұхамбетұлы. Асқар 2011 жылы Жұлдыз есімді бойжеткенмен шаңырақ құрып, содан бастап жеке кәсіптерін жас жұбайлар бірге дөңгелетіп әкеткен. Ата-анадан тағылымды тәрбие алған ұлға текті әулеттің қызы кездесіп, бүгінде олар үлкендер салған сара жолды абыроймен жалғастырып келеді. Мерейі үстеп, мәртебесі тасқан үлкен шаңырақта бүгінде Жанайым, Жанарыс, Жансұлтан деген тәтті немерелер ұрпақ сабақтастығын жалғастыруда.
Кішкентайынан өнерге құштар болған қыздары Жанайым – вокалдан облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері. «Қарақат» мектеп студиясында, «Жасталап» өнер ордасында қосымша білім алған талантты Жанайымның әжесі сияқты ісмерлік өнері де бар болып шықты. Анасының айтуынша, сәнді киінгенді ұнататын қызы қуыршағына, тіпті кейде өзіне де киімді өз қолымен тігіп алады. Қалада өтетін сән көрсетілімдерінен де қалмайды. Көп адам әжесіне ұқсататын Жанайым Асқарқызы болашақта үлкен сахналарда өнер көрсететін актриса болуды армандайды.
Ұлдары Жанарыс пен Жансұлтан да ата-әженің мейіріміне, әке-ананың махаббатына бөленіп өсіп келеді. Шығармашылыққа бір табан жақын Жанарыс Асқарұлы – мектептегі озат оқушылардың бірі. Көркемсөз оқудан байқауларда жүлдегер атанған жеткіншек жан саулығын да ұмытпай, футбол үйірмесіне барады. Ал Жансұлтан Асқарұлының талғампаздығы сонша, 3 жасынан бастап киімді өз таңдауымен киеді екен. Ол да Жанарыс бауыры секілді футбол үйірмесіне барып жүр.
Қылықты қыз, ұлықты ұл өсіріп отырған Дускалиевтер «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде топ жарып, бас жүлдені қанжығаларына байлаған. Отбасы құндылықтарын насихаттап, жастарға үлгі көрсетіп жүрген үлгілі жанұяның бұл жеңіске қол жеткізуі – заңдылық.
– Рабиға есімді үлкен әжеміз – өнерлі, әу дейтін әншілігімен баурай білген және қолы шебер болған жан екен. Әжейдің әншілік өнері өз ұлына, яғни атамызға дарыса, қолөнерлік қасиеті немересі Асқарға берілген. Енді, міне, шөберелері сол сабақтастықты жалғастырып, өнердің қай-қай түріне де әуестік танытып жүр. Жалпы баланың көзі ашық, көкірегі ояу болу үшін кітап оқу және саяхатқа шығу секілді игі бастамаларды ұстанған жөн. Мұндай әрекеттер олардың ой-өрісінің дамуына да оң ықпалын тигізеді. Отбасында әрбір мемлекеттік және ұлттық мерекелерді ұмыт қалдырмаймыз. Отбасы мүшелерін бір-біріне жақындастыру, ұйымшылдықтарын арттыру мақсатында отбасылық шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Мысалы, көктемде бірге үйіміздің ауласын тазалап, ағаш отырғызып, бау-бақша егіп, оларды күтіп-баптауға арнайы уақыт бөлеміз. Жазда ата-анамызбен бірге саябаққа немесе демалыс орындарына барып, табиғатқа шығып, уақытты мағыналы өткізуге барымызды саламыз. Дастарқан басында балаларға салт-жоралғылар, дәстүрлер туралы әңгімелеп отырамыз. Тәрбие деген осындай дүниелерден басталады деп ойлаймын, – деді шаңырақтың келіні Жұлдыз Қауметова.
Жұлдыз Нұржанқызы өзі – облыстағы іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі. Жолдасымен бірге алға қойған мақсаттарына бірге ұмтылып, оған қолдау көрсетіп жүрген ибалы келін жастайынан жаңалыққа құштар болып өскен. Қазақылықты ұстанатын Жұлдыз өзі де этностильге сай киініп, балаларының да қазақы киімдерді өзі тігіп береді екен. Оның ойынша, ұлттық өнерге жақын болып өскен ұрпақ адамгершілік, кішіпейілділік, қайырымдылық сияқты қасиеттерді көкейіне түйіп өседі.
Шағын кәсіптен бастаған істері берекелі болған отбасының бүгінде өз үйлеріндегі ауласында шағын цехтары бар. Қандай қолөнер туындыларын жасаса да, балаларын өздерімен бірге еңбекке баулып, оның жемісі құнды болатынын көрсетіп келеді. Мектепте өтетін отбасылық сайыстарда да ұл-қыздарын қолдап, белсенділік танытып жүреді.
Ата-ана берген тәрбие – өмірлік азық болары анық. Дускалиевтердің дәріптеуге тұрарлық отбасында да осы дәстүр қалыбын бұзбай жалғасып келе жатқанының куәсі болдық. Ұрпақ сабақтастығы кейінгі буынға да жалғасып, қара шаңырақтың қасиеті кемімей, құндылығы арта түсеріне сенім мол.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
БҚО, Орал қаласы













