Алтын бесіктің арқауы босамасын!

Алтын бесіктің арқауы босамасын!

«Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясы мен ҚР Ауылшаруашылығы  министрлігімен «ЕлАна» сайтымен бірлескен «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясы Сыр елінде!

Ежелгі Тұран ойпатының едәуір бөлігін алып жатқан Қызылорда облысының аймағы жүздеген миллион жылдар бойында бірнеше рет теңіз суы астында қалып, жер беті бірде көтеріліп, бірде төмен түсу процесі жүріп отырған. Оның үстіне Қарақұм мен Қызылқұм шөлін, тартылып бара жатқан Арал теңізін қамтитын бұл өлкеде табиғаттың қаталдығымен қатар қиын экологиялық ахуал қалыптасқан. Кайназой дәуірінің басында құрлыққа айналған жерде батысындағы үстірт Хазар теңізінен көтеріліп, Арал теңізі пайда болды, ал неоген кезеңінің соңында аридтік климат үстем болып, бұрынғы сирек орманның орнына шөл және қуаң далалы өңір қалыптасты.

Қызылорда географиялық жағынан ғана емес, тарихи, саяси-экономикалық, әлеуметтік тұрғыда да қиын өңірге жатады. Арал айдынының жоғала бастауында да Байқоңыр космодромының, Әмударияны бұрып әкетудің, яғни егіншілік жерді орасан зор көлемде тиімсіз пайдаланудың теріс әсері бар. Табиғаты қатал өңірдің адамдары қайсар болады, дегенмен мемлекет тарапынан қолдау мен көмек болып отыруы да керек-ақ.

«Nur Otan» партиясының қолдауымен дәстүрлі «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясы үстіміздегі жылдың қараша айында Қызылорда облысында болды. 4 күнге созылған осы іс-шара аясында экспедиция мүшелері 7 ауданда болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасы аясындағы бұл кездесулерде ауыл өмірі, ондағы мәдени-әлеуметтік жағдай, кәсіпкерлік жайлы ашық әңгіме болып, қарапайым адамдар ой-тілегі мен пікірлерін ортаға салды.

 

Қызылорда облысында 103 перспективті ауыл анықталып отыр, олар Сыр еліндегі барлық ауыл тұрғындарының 83%-ын қамтиды. Биыл 26 елді мекенде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы жүруде, оған 5,6 млрд теңге бөлінген.

 

Тарихи өңірдегі кикілжіңді  кім шешеді?

Экспедиция өз жұмысын Шиелі ауданының Жөлек ауылынан бастады. Аудан орталығынан солтүстік-батысқа, яғни Қызылқұмға қарай 34 шақырым қашықтықта орналасқан бұл елді мекеннің тарихы ерекше. Бұл жерде ХVІІІ ғасырдың аяғында үлкен бекініс, Жібек жолының бойындағы белгілі «Хан базары» болған.

Қазір Шиелі мен Жаңақорған аудандарының шекарасында тұрған, өткен тарихтан сыр шертетін Сығанақ қаласы бір кездері Қыпшақ мемлекетінің үлкен сауда-саттық және саяси орталығы болды. Дәл осы Сығанақ шаһары арқылы Жібек жолының керуеншілері келіп, Түркістанға, Отырарға, Сайрамға тауарлар жеткізіп, сауда-саттықпен айналысқан. Сонымен қатар Сырдария мен Қаратау аңғарындағы Созақ, Құмкент, Жаңакент секілді қалалар мен қыстақтардың да бір жерге шоғырланатын қолайлы орталықтары болған. Сол маңдағы ең үлкен «Хан базары» Жөлекте орналасқаннан кейін бұл аймақты да керуеншілер мен сол кездегі халық арнайы орталық ретінде пайдаланған.

Саудагерлер сайлы жігіттеріне жермен айдатып алып барған ірі қараларын, жылқыларын елден жинаған мол өнімдері: қой жүні, тері-терсектерін тай-тайлап түйеге артып, кірелетіп Ресей елінің Самара қаласындағы үлкен базарда сауда-саттық жасап, ол жақтан азық-түлік, қант-шай, кездеме мата түрлеріне айырбастайтын болған. Ол кезде «Жөлек» жәрмеңкесі тек сауда-саттықпен ғана шектелмеген. Онда үлкен ұлттық ойын-сауықтар да өткізілген. Алтыбақан, аударыспақ, балуан күрес т.б. Бұл мереке бірнеше күнге созылатын болған. 

Жөлек арқылы сонау Бұқараға дейін алып баратын «Хан жолы» өткен. Ханның жолы болғаннан соң керуеншілерге де, басқадай сауда-саттықпен де айналысу үшін ең тиімді әрі қауіпсіз жолдардың санатына жатқан. Сол себепті жолдың жағасында арнайы керуен сарайы болған деседі. Бұл туралы зерттеуші Т.Картаева «ХІХ ғасырдағы Сыр өңіріндегі керуен жолдары: қалыптасуы мен бағыттары» атты еңбегінде: «Перов портымен керуен жолы екі бағытқа бөлінеді, соның бірі 1000 шақырымға созылатын ұзақ жол Сырдарияның оң жақ бетімен жүріп отырып, Жөлек бекінісі Түркістан қаласы арқылы өтіп, екі тармаққа бөлінеді. Бір жол оңтүстік-шығысқа қарай Қоқанға, бір жол оңтүстік-батысқа қарай Ходжент, Ұратөбе, Самарқанд, Зерафшан, арқылы Бұқараға апарған» деген мәлімет келтірген. Қазір Жөлек ауылдың округінде 2,5 мыңдай адам тұрады.

Кіріспе ретінде келтіріп отырған мәліметтен кейін негізгі мәселеге көшейік. Атқарушы билік, сондай-ақ билік партиясы қай кезде де қоғамдық пікірге баса назар аударады, керек десеңіз оны саясаты мен іс-қимылына негіз етіп алады. Бойына дәстүр мен мәдениетті, өмірлік тәжірибені сіңірген әлеуметтік құбылыстың саяси үдерістердің қалыптасуына да әсер етері сөзсіз. Қазіргі әлемдік дамудың күрделі кезеңінде біздің еліміз де саяси-экономикалық, әлеуметтік дамудың жаңа моделіне көшуді мақсат етуде, бұл басқару жүйесі өзгеріп, оның тиімділігі артады деген сөз. Демек шешім қабылдау нақты нәтижеге бағдарланады, яғни қоғамдық пікір ескеріліп, әлеуметтік басқарудың тұрақты факторына айналады. Жөлек ауылы тұрғындарының да айтары көп екен.

– Қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшкен. Сонымен қатар 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болған еді.

Ұлтымыздың басынан үш алфавит жүйесін өткергендігін білеміз. Олар: біріншіден – араб әліпбиі (1929 ж. дейін), екінші – латын әліпбиі

(1929-1940 жж.), үшіншісі – кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі (1940жылдардан бүгінге дейінгі қазіргі әліпбиіміз).

Жөлек ауылдық округі, Жөлек ауылы, Б.Есенов көшесі №3 мекен-жайда орналасқан «Жөлек» бөбекжай-балабақшасы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ғимаратын ЖҚ «Серік» 2014 жылғы 21 қаңтардағы №60 экспертизалық қорытындысымен апатты жағдайда деп таныған. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 25 сәуірдегі №4360-19-00-2/599 іс шешімімен «Жөлек» бөбекжай-бақшасы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ғимаратын пайдалануға тиым салған. Экспедициямен кездесуде  ауыл тұрғындары осы бала-бақшаның мәселесін көтерді. Қаншама жылдар өтсе де іргелі ауылда бала-бақша мәселесі шешілмей келе жатқанын олар қынжыла ортаға салды. Ауыл әкімшілігінің қызметкерлері бұл мәселенің шешілетініне уәде берді. Сондай-ақ кездесуде айтылған басты мәселе жайылымның тарлығы. Бір жылдары Жөлек ауылының біраз жері көрші ауылға беріліп кеткен. Екі ауылдың арасындағы дау-дамай әділетті шешілмей келе жатқаны айтылды. «Осы жерімізді қайтып алуға көмектессеңіздер» деп олар өтініш білдірді.  

Экспедиция мүшелері Бәйтерек ауылдық округінде болғанда тұрғындардың жұмыспен қамтылғанын байқадық. Осындағы «Бидайкөл шаруашылығында 98 адам еңбек етеді. Жеке қожалықтар нығая бастаған, олар өз жұмысшыларын толық қамтамасыз етумен қатар, ауылдағы тұрмысы нашар отбасыларға да көмектесіп отырады. Табыс бар жерде көп нәрсені шешуге болады, бірақ қолдан келмейтін де шаруалар бар.

Қанат Сәулебеков, «Айболат» шаруа қожалығының қызметкері:

Бізде Сырдарияның күнбатыс бетімен қатынас қиын, менің айтайын дегенім көпір салу керек. Екінші бір сұрарым Қызылорда қаласынан бастап сол дарияның күнбатыс бетінде Тартоғайдың тұсына дейін асфальт жол бар. Сол жолды Жаңақорған ауданының жеріне дейін жалғастырса, қатынас жақсарар еді.

Асқар Бердияров, «Алтын дән Шиелі» шаруа қожалығының қызметкері:

Біз егін егіп, мал өсірумен айналысамыз, қазір шаруа қожалықтары көбейіп келеді. Біздің Шиеліде 60 жылдан астам тарихы бар (Ауылшаруашылығын механизацияландыру училищесі болып құрылған). Қазіргі таңда колледж Ауылшаруашылығына мамандар дайындайды. Шиелі аудан әкімшілігімен құрылған колледж арқылы ауылшаруашылығы мамандарын дайындап оқытады. 

1980 жылы Бәйгеқұм қыстағынан Шиелі кентінен көшірілген оқу орны құрылғаннан бері өз атауын бірнеше рет ауыстырды. 2009 жылдан бастап қазіргі күнге дейін оқу орнын Дүйсенов Мейрамхан Мұсаханұлы басқарып келеді. Қазіргі индустриалды-аграрлық колледжі индустриялық бағытқа бетбұрыс жасай отырып, ауылшаруашылық өндірісіндегі трактор машинисі, слесарь жөндеуші, автомобиль жүргізушісі, біліктілігін қоса оқытып келеді. 

– Нариман Мақұлбеков, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі

 – «Nur Otan» партиясы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытында ауқымды істер атқарып келеді. Осы мақсатты көздеген партия алдағы бес жылда әрбір облыс, қала, ауданды дамытудың тың жоспарын жасап, оны жүзеге асыру бойынша «Жол карталарын» бекітті. Қазір осы құжаттың іске асырылуы қатаң қадағалануда.

Партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы негізінде әзірленген Шиелі ауданы бойынша «Жол картасы» 7 бағытты қамтитын 91 іс-шарадан тұрады. Жыл басынан бері оның шеңберінде ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды.

Бүгінде ауылшаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту, оның ішінде саудаға қарағанда өнім өндіру бағытында жұмысты жандандыру алдағы негізгі міндеттердің бірі болып отыр. Ауданда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жыл басынан бері 24 кәсіпкерлік жоба іске қосылды.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселесі басты назарда. Себебі жер кезегінде тұрған тұрғындар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Биыл ауданның 100 отбасын жер учаскесімен қамтамасыз ету жоспарланып, бүгінде инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген учаскелерден 154 отбасыға жер берілді.

Ақмая ауылдық округіне газ құбырын және орамішілік газ тарату желілерін салу жұмыстарына облыстық бюджеттен, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Шиелі ауданы аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 323,4 шақырымды құрайды. 2021 жылы 66,1 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеуге барлығы 1 млрд 383,29 млн теңге қаржы қаралған.

Экологиялық мәселелерді жоюдың бір алғышарты – өңірімізді көгалдандыру. Осы орайда биыл ауданда 16400 түп ағаш отырғызу көзделді. Кент және ауылдық округ елді мекендерінің айналасына қосымша 1 гектар алаңға жасыл белдеу жасалып, барлығын қоса алғанда 25000 мың көшет отырғызылды.

Бұқаралық спорт үшін жағдай жасау мақсатында ағымдағы жылы Шиелі кентінен жергілікті бюджеттің есебінен 49,8 млн теңгеге 3 жерге балаларға арналған ойын алаңы және шынығу алаңдары салынып пайдалануға берілді.

Алдағы жылы да «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Жолдарды күрделі, орташа жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен 220 млн теңге қаржы қарастыру жоспарлануда.

Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі индустриялық бағытқа бетбұрыс жасай отырып, жастарды ауылшаруашылығына бағыттап келеді. Білім алушылар «Халық», «Байсын» сынды ірі шаруа қожалықтарында өндірістік тәжірибеден өтуге мол мүмкіндік алған. Өндірістік тәжірибе барысында білім алушылар жаңа заманауи ауылшаруашылық техникаларымен танысып, егін алқаптарында жұмыс атқарады. Оларға белгілі мөлшерде еңбекақы төленіп отыр.

 

ЖАҢАҚОРҒАН: ҚАЖЕТТІЛІК ПЕН  МҮМКІНДІК

Экспедиция мүшелері көршілес Жаңақорған ауданында алдағы реформаларға халық шешім беру деңгейінде қатысқысы келетінін байқады. Көпшілік мемлекет саясатын қолдайды.

Осы ауданда өткен жиында бағбан Амантай Сарбасов адамдарды еңбек етуге, кәсіптің жаңа түрлерін үйренуге шақырды.

Амантай Сарбасов:

– Мемлекеттің халыққа көмектескені дұрыс, бірақ адамдарға Үкіметке, әкімдікке қол жая беруіне болмайды. Мүгедек болса бір сәрі, ал дені сау адам жұмыс жасасын. Мысалы  мен бағбандықты меңгеріп алдым.  Бұл «Жеміс-жидек тұқым бағы 2017 жылы құрылды. Содан бері көшеттерді будандастырып сатылымға шығарып келеміз. 50 гектар жеріміз бар, оның 10 гектары алмабақ. Аналық баудан МММ-106 қаламшасын аламыз. Тұқымнан шыққан жеміс ағашы 60-70 жыл өнім береді. Ал будандастырылған алма 30-35 жыл өмір сүреді. Алманың бізден 20-дан аса түрі, оның ішінде жоғалып кеткен алма түрі де бар. Мысалы «семяренкінің қызылы. Ол әлі будандастырылып, сатылымға шыққан жоқ.

Алмамыз дәмді, себебі су қоймасында балық, үйрек-қаз өсіреміз, оның қиы тыңайтқыш болады. Қызыл шылаушын да өсіреміз.

Қара өрік, сары өрік, шие, миндалдың түр-түрі бар. Грек жаңғағын да өсірдік. Ыстық, суыққа, желге шыдайды. Тұя, қайыңның бірнеше сортын өсіреміз. 

Жеміс ағашын тұқымынан шығарамыз, ол жергілікті жерге бейім болып өседі. Үйренемін, көшет аламын деген адам хабарлассын (тел: 8 777 1161803).

Сабыр Әлімов, бақташы:

– Жаңа басшыларыңыздың сөзін тыңдадым, қарапайым әрі түсінікті. Ал бізде қалай? Басшылар қағазға жазылғанды оқып береді, содан қалай пікір алысасың? Жақында ауыл әкімдерінің сайлауы болды. Өте дұрыс. Енді кімнен сұрау керектігін білеміз. Ауылға не керек? Жолды, көшені жөндеу, электр жарығының сөнбеуі, ауызсу, тіпті көп нәрсе емес. Оған мемлекеттің қаржысы жетеді. Не жетіспейді? Жанашырлық жетіспейді.

Қожакент ауылында болған жүздесуде бұл жердегі ең негізгі мәселе мектеп екені айтылды.

М.Бұрханов, ауыл тұрғыны:

– Бұл мектеп 1983 жылы 400 балаға арналып салынған. Исатай Әбдікәрімов атындағы №168 орта мектеп. Қазір осы мектепте 700-ге жуық бала оқиды. Ғимараттың бала оқытуға тар, қолайсыз жеткені былай тұрсын, тозығы жеткен.

Н.Тұрсынов, мектеп директоры:

– Қосымша сынып бөлмелерін салу туралы кезінде мәселе көтерілген. Бірақ мектеп ғимараты тым ескі, бөлмелер тар. 

Б.Тұрғанбаев, ауыл тұрғыны:

– Бұл жерде егін еге алмаймыз, тек төрт түлік мал асырауға болады. Бірақ ол да бірте-бірте тиімсіз болып барады. Себебі жем-шөп өте қымбат. Осы мәселені реттеу керек. Егін шаруашылығымен айналысатын ағайын субсидия алып отыр, бірақ шөп бағасы қымбаттап барады.

Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы елдегі ағайынға көп демеу болуда. Бұл жобаның шарапаты мол. Қызылорда облысында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында үш жыл ішінде 173 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жалпы бұл бағдарламада ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер қарастырылған. Атап айтсақ, экономикалық, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымдары мен экологиялық ахуалын жақсартуға жұмыс істейді. Республикалық бюджеттен 90 млрд теңге бөлу көзделсе, оның ішінде Қызылорда облысына 11 млрд теңгеден асатын қаржы бөлініп, ауылдық елді мекендердің еңсе тіктеуіне өз үлесін қосып жатыр.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде халықты жұмыспен қамту, қажетті мамандарды тарту, әлеуметтік-мәдени нысандарды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, инженерлік-көліктік инфра құрылымды салу, күрделі жөндеу және реконструкциялау, абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру негізгі міндеттердің бірі. Халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешумен бірге өңірдегі инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасап, сол арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуге және өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуде. 

«Түйені түгімен, биені бүгімен жұтатындар» жойылып, жерім деген азаматтар тікесінен тік тұрып тірлік етсе, ауыл келбеті көркемдене түсетіні анық. Сол кезде ауыл тұрғындары қалаға көшпес еді.

 

СЫРДАРИЯ: ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Сырдария ауданының Ақжарма ауылы. Сыр еліндегі егін шаруашылығымен айналысатын елді мекендердің басым көпшілігі сияқты Сырдария өзенінің күнбатыс бетінде орналасқан. Ауылда биыл А.Есентұров, Т.Балапанов көшелеріне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Қазір көшелерді жарықтандырып жатыр екен. 

Аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттың фракциясының мүшесі Марат Бисенов көшені жөндеуді өз бақылауларына алғанын айтты. Көше жарықтандыру жобасы 26 млн теңгені құрайды.

Ширек Ысқақов, еңбек ардагері:

– Кешегі қоғамдық құрылыс ауысар кезде ауылға тіпті көңіл бөлмеді, оны мемлекеттің жағдайы көтермеді. Біз жарты ғасырдан астам уақыт еткен еңбегіміз еш болғандай сезіндік. Қазір, шүкір, әлеуметтің жағдай да, мәдени тұрмыстық жағдай да жақсарып келеді.

Облыс аудандарына табиғи газ келді, бұл тұрмыс-тіршілікке көп жеңілдік әкелді. Осы газды ауылға әкелуге көңіл бөлсеңіздер деймін.

Екінші айтарым ауылдың емес, аймақтың мәселесі Қызылорда-Жезқазған жолы жөнделеді екен, сол ұзап кетпесе деймін. Әрине оған қомақты қаржы керек екенін түсінемін, бірақ Қызылорда облысы үшін ең керекті нәрсе осы.

Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл 8 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, бүгінгі таңда 6 жоба толық іске асырылыпты. Оның қатарында А.Тоқмағамбетов елді мекеніндегі М.Мәметова көшесін орташа жөндеу, Тереңөзек кентіндегі Н.Бердіқұлов көшесінің жол құрылысы, «Тереңөзек-Шаған» автожолының бойын жарықтандыру жобалары бар. Ал аудан орталығындағы А.Иманов көшесін күрделі жөндеу және орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары атқарылып жатыр екен.

Келер жылға республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылған жобалар қатарында Бесарық ауылында спорт кешенін салу, Сырдария агро-техникалық колледж ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, кенттегі жаңа шағын ауданның инфрақұрылым құрылысы, яғни қиыршық тас төсеу, елді мекендердегі көшелерді жөндеу және жарықтандыру жұмыстары бар. Бұлардың ішінде аудан басшысы Бесарық елді мекенінде спорт кешенін салу бар екенін жеткізді.

 

Жалағаш: жас әкім – жаңашылдықтың бастамашысы

Жалағаш ауданында экспедиция мүшелерін аудан әкімі Асылбек Шәменов қабылдап, осы жерде мамандар өз ойларын ортаға салды. Таң ауылындағы Орынбай жырау көшесінің жөндеу жұмыстарын көрдік. Ұзындығы бір шақырымнан асатын даңғыл жол заманауи талаптарға сай төселген. Ал ауылдағы №118 орта мектеп күрделі жөндеуден өтіпті. Бұл жобаға жалпы құны 333 млн теңге қаражат қаралған. Бас мердігер «GOLDEN CITY DS» ЖШС биыл жаңа оқу жылына дейін нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға берген екен. Білім ошағының есік­-терезелері, едені ауыстырылып, ішкі қабырғалары түсіріліп сыланған. Ал сыртқы қабырғаларын металл сайдингтерімен қаптап, су, кәріз жүйелері жүргізілген. Бұдан бөлек электр жүйелері жаңартылып, өрт­дабыл қондырғылары ауыстырылған.

Бізбен бірге болған аудан әкімі ауылдағы білім ошағында Таң елді мекенінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, шаруашылық төрағасы Имамзада Шағыртаевтың жеке қаражаты есебінен де елді мекенді абаттандыру бағытында біршама жоба қолға алынғанын айтты. Биыл ауылда 14 көше жөндеуден өткен. 1131 тұрғыны бар елді мекенде осыған дейін 260 млн теңгемен ауыз су мәселесі толықтай шешімін тапты. «Таң LTD» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаев ауылды абаттандыру, көркейту­ көгалдандыру, елді мекен халқының әлеуетін арттыру мақсатында біршама жобаны жүзеге асырыпты. Асыл Сағынтаев бұған дейін іскер азамат 701 млн теңгеге ауылда 7 жобаны жүзеге асырып, өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосқан екен. Олардың қатарында спорт кешенінің құрылыс жұмыстары, балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, көшелерді жарықтандыру секілді жарқын жобалар бар. 

Жалғасбай Өмірбаев, ауыл тұрғыны:

– КСРО ыдырағаннан кейін біздің ауылда балабақша мен басқа әлеуметтік маңызы зор нысандар жабылды. Кеңес үкіметінен қалған дүниелердің барлығы ескіріп, тозығы жетіп, көше лердің өзінде жаяу адам түгілі техника жүре алмайтын халге жеткенбіз. 7-8 жылдың бедерінде ауылда көп өзгерістер болып жатыр. Қазір ауыл 100 пайыз болмағанмен, 90 пайызға жаңарып қалды десем артық болмас. Балабақша, мектеп жаңартылып, ауыл тұрғындары қуануда. Осы істің басы-қасында жүрген ауыл азаматы, «Таң ЛТД» ШҚ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Имамзада Шағыртаев пен шағын шаруа қожалықтарының қосқан үлесін ерекше атап өткім келеді. Сол азаматтардың ауызбіршілігінің арқасында көптеген жұмыстар оң нәтижесін беруде.

Жәмила Сәдуова, балабақша меңгерушісі:

– Осыдан 4 жыл бұрын ауылымызда «Таң бөбегі» атты жаңа балабақша ашылды. Қазір мұнда 26 адам еңбек етуде. Жалпы ауылдағы еңбекке белсенді 685 адамның 648-і жұмыспен қамтылған. Ауылдық округ сонау 1967 жылы құрылған. Сол кеңестік кезеңнен ізі қалған балабақша, мектеп, медпункт әбден ескіріп, көшелердің тозығы жеткен еді. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 14 көше жөнделді. Мемлекеттік бағдарламамен әр үйге ауызсу кірді. Тіпті аяқсу да келді. Ауылдағы №118 мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Қайта жаңғырған мектепте білім алып жатқан балаларымыздың қуанышында шек жоқ.

Аудан басшысы биылғы жылдың соңына дейін 11 млрд теңгеден астам инвестициялық жобалардың бірқатарын аяқтайтынын айта кетті. 2019 жылы 31 жоба арқылы 54 адам жұмысқа орналасса, 2020 жылы облыстың 8 елді мекенінде 4,2 млрд теңгенің 60 жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде 2019-2020 жылдары аталған бағдарлама аясында 955 жаңа кәсіпкерлік нысан ашылып, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға төмендеді.

Дегенмен аудан әкімі, шаруашылық басшысы мәселені түгел шеше алмайды. Су мәселесі өте қиын. Жылма-жыл Сырдария суы азайып барады.

Аудан ауылдарында болған кездесулерде аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Ә.Бақтыбаев, партия филиалының қызметкері А.Кенжебаев тұшымды пікірлер айтты. Ең алдымен адамдардың қажеттілігін, елді мекендегі өзекті мәселелерді шешу керек. Сұранысқа орай ұсыныс болса, халықтың билікке деген сенімі артады.

 

ҚАРМАҚШЫ: ОЙЛАНАТЫН ЖАЙЛАР КӨП

Қармақшы ауданындағы Дүр Оңғар ауылы Жаңажол ауылдық округінің орталығы екен. 3000-нан аса адам тұрады. Жалпы Қармақшы жыраулар мекені, Сыр термесінің туын тіккен жер. Балқы Базардан бастап Ешнияз, Кете Жүсіп, Тасберген, Тұрымбет, Молдахмет, Сәрсенбайлар жыраулық өнердің дүлдүлдері болған. Осы қатардан ойып орын алатын Оңғар Дырқайұлы – қазақ әдебиетінің қалыптасуына өз қолтаңбасын қалдырған тұлға. Оны ауыл халқы орынды мақтан етеді.

Қазан айында бұл өңірде той көбейеді екен. Сонау ерте көктемнен бастап егістік басында жүретін дихан-механизаторлар негізгі өнім – күрішті, басқа да ауылшаруашылық дақылдарын жинап алған. Қамба астыққа толы, көңіл жайлы. Сағат Әбжәлиев басқаратын №3 өндіріс бригадасы әр гектардан 71,3 центнерден өнім алыпты.

Сағат Әбжәлиев:

– Жетістік бар, адамдардың жағдайы жақсы, бірақ бәрі қарын тоқтықпен өлшенбейді ғой. Жастар неге басқа жаққа кетеді? Себебі әлі жұмыс орны аз. Олардың бәріне механизатор бол, егін ек дей алмайсың. Ауылда мектеп, амбулатория, мәдениет үйі, содан кейін шаруашылықтар, жеке кәсіпкерлер бар. Неге осы жерде өнімді өңдемеске? Ол үшін қаржы керек, содан барып істің көзін табу керек. 

Сәбит Орынтаев:

– Биылғы жылы Қармақшы ауданы 27747 гектар жерге егіс егіпті, әрине, оның жартысы күріш дақылы. Сырдария өзені суының азаюынан күріш егісі көлемін әлі де қысқарту керек. 

Картоп, көкөніс, бақша дақылдарынан мол өнім алуға болар еді. Бірақ оны сақтайтын база жоқ. Кәсіпкерлер осыған көңіл бөлмей отыр. Екіншісі – өңдеу мәселесі, мысалы піскен қауын мен қарбызды аз ғана уақыт ұстай аласың, демек тездетіп өңдеу керек. Бізде қауыннан қақ қана тіледі, оның өзінің технологиясы ескі. Қарбыздан неше түрлі сусын шығаруға, асқабақтан балалар тағамын жасауға болар еді. Бұл үшін ғылыми негіз және технология керек.

2021 жылы қармақшылықтар 71,55 миллион теңге субсидия алған. Оның ішінде мал азығы құнын арзандатуға 27 млн теңге беріліпті. Бұл – қомақты көмек, дегенмен мал өнімдері, оның ішінде ет бағасы қымбаттап барады. 

 

Қазалы:ізденгенге  мүмкіндіктер жетеді

Экспедицияның негізгі мақсаты жергілікті жердегі шешімін таппаған мәселелерді айқындап, мүмкіндігінше көмек көрсету болып табылады «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шалғай елді мекендердің еңсе тіктеуіне елеулі үлес қосып жатыр. Аталған жоба аясында Қазалы ауданының біраз ауылында жаңа нысандар бой көтергенін көрдік. Өткен ғасырдың 90 жылдары ауылдағы мәдениет үйлері жекешеленіп, тіпті кей жерлерде оны бұзып алып кеткен еді. Оның қираған орны көңіл құлазытатын. Мемлекеттік бағдарламамен мектеп, балабақша, кітапхана, амбулатория мен клуб салыныпты. Жалаңтөс батыр ауылы «үлгілі мекен» деп  аталады екен. Үлгілі десе үлгілі. Мемлекет басшысының Жолдауынан «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының жалғасатынын естіген ауылдағы ағайынның ертеңгі күнге сенімі артқан. Әлеуметтік нысандардың бәрі жаңаланған ауылда жұмыссыз адам жоқ. Тұрғындардың бәрі еңбекке бейім, жастар қабілетті. Ауылда кәсіпкерлер көп. Себебі жергілікті әлеуметтік қолдау орталығында тұрғындарды бизнеске баулып, өз ісін ашуға көмек көрсетіледі екен. 

Жанат Ержігітова, аудандық мәслихат депутаты, ауыл тұрғыны: 

– 100 көп балалы отбасының мүшелерін, яғни анасын, әкесін немесе 18 жасқа толған балаларды және басқа да жұмыссыз адамдарды жұмысқа баулу мақсатында жеке кәсіпкермен келісімшартпен түрлі мастер-класс, оқытудан өту арқылы сертификат табыстайды.  Ізденгісі, үйренгісі келетін жандарды тігін саласы, кондитерлік, сұлулық салоны, білім беру саласындағы кәсіпорындарда жұмыспен қамту 2019 жылдан бері жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Құрамына 4-5 шағын елді мекен кіретін ауылдық округтің мың жарымға жуық тұрғыны негізінен егінмен айналысады. Мына қасымызда тұрған кісі 40 жыл күрішші болған Ажаркүл Алдажарова шаруашылықтың есебінен жыл сайын емделеді. Шаруа қожалығы еңбек ардагерінің отын түсіріп, көмірмен қамтылуын да назарда ұстайды. 

Ажаркүл Алдажарова, Қазалы ауданының ауыл тұрғыны: 

– Елде болса ерніңе тиеді дейді ғой. Күріші, жемі, шөбі халыққа тиімді жақсы болып, шаруашылықтың көп пайдасы тиіп тұр. Көрші Басықара, Құмжиек ауылдары, қаламыз бар, барлығының малының жем-шөбі осы ауылдың мойынында десе де болады.  Ауыл-аймақта жиналған салықтың жергілікті жердің кем-кетігін жөндеуге жұмсау жөніндегі Президент пәрмені де елді мекен еңсесін көтеріп тастады. Мұндағылар енді көгілдір отынды күтіп отыр. Газ келсе кәсіпкерліктің де көкжиегі кеңейе түсері анық. Көп нәрсе  басшыларға, елдегі іскер жігіттерге байланысты. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев атқарушы билігі жүйесінде көп жыл қызмет еткен. Жағдайды жақсы біледі.

Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданының әкімі: 

– Жалаңтөс батыр ауылы және Басықара ауылдық округтеріне газ құбырын тарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджеттен ұсынылады деген жоспар бар. Енді елді мекеннің тіршілік көзі – су. Тәуелсіздік жылдарындағы үлкен жетістіктің бірі аудандағы Жанқожа батыр ауылы, Майдакөл елді мекені осы орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, халық игілігін көруде. Аудан бойынша үлгілі ауыл атанған елді мекен тұрғындары алдағы жылдары облыс бойынша үздік атануды жоспарлап отыр. 

Индустрияландыру картасы бойынша жұмыс істеп жатқан кәсіпорынның бірі – «Рза» акционерлік қоғамы. Қазалы ауданында орналасқан бұл ұжым шетелден әкелінген асылтұқымды сиырды жазы ыстық, қысы қатал, желдің өтіндегі біздің аймаққа да үйретуге болатынын, сол арқылы пайда табуға жол ашылатынын дәлелдеп берді. Заман ағымына орай кәсіпорында әртараптандыру жұмыстары жүрген. Бүгінде ол тамақ өнеркәсібі, ауылшаруашылығы, құрылыс, логистика және көлік қызметтері саласын қатар дамытуда жұмыс атқарып келеді. Акционерлік қоғамда 1200-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың қатарында инженер, экономист, агроном, зоотехник, құрылысшы, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп мамандары бар. Ал жұмысшыларының орташа еңбекақысы 56 мың теңгені құрайды. Айлықтың жыл сайын өсіп келе жатқанын, оның үстіне кәсіпорынның қалада емес, ауданда орналасқанын есептесек, онда бұл аз ақша емес. Енді «Рза» АҚ-тың түрлі сала бойынша атқарып отырған жұмыстарына тоқтала кетейік. Ең алдымен, «Рза-Агро» туралы айтайық. Бұл мекеме дәнді дақылдар мен мал азығына қажетті дақылдарды егу және өткізумен айналысады. Барлығы 35 мың гектарға жуық жер учаскесін иемденетін серіктестік жылына 1 миллиард теңге көлемінде өнім өндіреді. Оның ішінде 5 мың тонна ақталған жоғары сапалы күрішті Ресей, Украина, Белоруссия, Тәжікстан, Түрікменстан нарығына экспорттайды. Серіктестік ауылшаруашылық дақылдарын өндіруде қуаттылығы жоғары, бір уақытта барлық техникалық қызметтерді жоғары әрі сапалы деңгейде жасайтын шетелдік құрал-жабдықпен қамтылған. Мысал ретінде, Германияда шығарылатын әйгілі «Джон Дир» фирмасының ауылшаруашылық техникаларын айтсақ та жеткілікті шығар. Бұдан кейінгі серіктестік «Рза-Асыл түлік» деп аталады. Бұл еліміздегі индустриялық даму бағдарламасын іске асырып, көмегін көріп жатқан ұжым. «Рза» АҚ-тың «660 басқа арналған ірі қара өсіру кешені және сүт өңдеу зауыты» жобасы бар. Жобаның құны 2 миллиард 228,4 миллион теңгені құрайды. Германия, Италиядан әкелінген озық технологиялық құрал-жабдықтар қойылған сүт зауытында дайындалған пастерленген, ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары майдың сапасы жоғары. Сондықтан сұранысқа ие. Бұл өнімдер көршілес аудандарға, Қызылорда, Байқоңыр қаласына, Атырау, Ақтөбе облыстарына сатылуда. Келешекте балмұздақ, йогурт секілді өзге де өнімдер дайындау жоспарда бар. Ірі қара өсіру кешені мен сүт өңдеу зауытында 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Типтік жобадағы 1200 бас сауын сиырға, төлін қосқанда 3000 басқа арналған тауарлы сүт фермасының кешенді құрылысы салынды. Кешенге Венгриядан жеткізілген 660 бас «гольштин-фриз» атты асыл тұқымды қашарлары өз төлі есебінен көбеюде. 

Біздің тағы бір байқағанымыз жергілікті жерде өнім шығару қолға алынған екен.

Қазақстанда кондитерлік өнім жақсы шығарылады. Дегенмен Қазалының конфетінің дәмі ерекше, оған деген сұраныс көп. Сондай-ақ сөк, сүт, ет өнімдері республиканың барлық аймағына тарайды.

 

АРАЛ:  ӨНІМ ШЕТЕЛГЕ ШЫҒАРЫЛУДА

Арал – облыстың солтүстік шеткі ауданы ғана емес, қазір жарты ғасыр көлемінде мәселесі ең өзекті өңір. Сырдария өзенінен теңізге құятын судың мөлшері өте аз, тіпті ғасыр жобасы – «Кіші теңіз» де толықтай жүзеге аспай отыр. Дегенмен адамдардың өмірге деген құштарлығы, қайтпас қайсарлығынан тірлік алға басып, экономикада өрлеу, әлеуметтік жағдайда көтерілу бар. Құм басқан, тұз жауған жерде пессимистік көңіл күй басым болар деп ойлаушы едім, экспедициямен бірге аудандағы ауылдарды аралағанда өмірге деген құштарлықты, келешекке деген сенімді көргендеймін. Бұл аймақта балықтың бары, малдың көп екені рас, сонда да ауылшаруашылық өнімі аз өндірілмейтін, ал өңдеу өнеркәсібі дамымаған еді. Қазір жағдай тіпті басқаша 2020 жылы ауданда 143,6 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілсе, биылғы өсім 2,5%-ды құрайды. Тамақ өнімдерін өңдеу 50 млрд теңгеге жуықтаған.

Ауылдарды аралап жүріп, шаруашылық жұмыстарына көз тіккенімде егістік алқапты әртараптандыру бағыты жүйелі жүріп жатқанын байқадық. Соңғы 5 жылда егін егетін жер 7 мың гектарға ұлғайып, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының көлемі көбейген.

Санжар Жанәділов, дихан:

Су өте аз, жер де сорланып барады, осы ретте жаңбырлатқыш, тамшылату әдістерін кеңінен пайдалану керек. Ғылым осы салаға көңіл бөлсе, технология келсе және егін егетін шаруашылыққа қаржы яғни пайызы аз несие берілсе деймін. Биыл қуаңшылық болып, көп мал өлді. Көктем айларында, жаздың басында қолдан жаңбыр жауғызу керек.

Сағындық Сейітов, зейнеткер:

Арал – құмды жер, мынау Үстірттің өзі құмшауыт. Кешегі кеңес өкіметі жылдарында совхоздардағы көп малды қалай бақты? Скважина құдықтарын қазатын еді. Сол әдісті де қазір неге қолданбасқа?

Бізді бір таңғалдырғаны Арал ауданының ауылшаруашылық тауарларын экспортқа шығаруы болды. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сәбитжан Нұрғалиевтің айтуынша сырттан 15 мемлекет 61000 тонна өнім алады, ол 20600 мың долларды құрайды. Биыл Германия, Нидерланды 886 тонна қамыс, Аустралия, Литва, Польша, Грузия, Украина, жоғарыдағы Германия мен Нидерланды 1780 тонна балық, Әзірбайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан, Ирак 58237 тонна күріш сатып алған.

Әсілбек Сапаров:

Өткен ғасырдың аяғында Аралдан адамдар көше бастады, көбі Шымкент, Жамбыл облысына қоныстанды, Қапшағайға да барды. Бұл жерде тірлік болмастай, бәрі құрдымға кететіндей көрінді. Мемлекеттің қарасуының арқасында өмір де, тірлік те өзгерді. Әрине теңіз құрғаған сайын тұздылық көбейіп барады, осы бізді алаңдатады. Жастар әлі де қалаға кетуде, жергілікті атқарушы органдар жақсы жұмыс жасауда, шағын өндіріс орындары ашылуда, бірақ бұл көп адамды қамти алмайды.

Қазір не көп, бағдарлама көп, жоба көп. Мысалы, САРАТС жобасын алайық, оған қыруар қаржы кетті, бірақ діттеген мақсат аяғына дейін орындалған жоқ. Осы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен де көп жұмыс жасалып жатыр, бұл жерде мәселе ауылды сақтап қалу емес, оны дамыту, өнім шығарып, өзін қамтамасыз ету ғана емес, сыртқы өнім шығару, адамдардың материалдық, рухани қажеттілігін болдыру, толыққанды өмір сүру. Жетістік бар, ол бүгінгі күннің өлшемімен алғанда жақсы, бірақ келешекті де ойлау керек.

Қазір елімізде атқарушы биліктің қызметінің бір бөлігін азаматтық институтқа беріп жатыр. Қоғамдық ұйым мемлекеттік басқару мен халықтың арасында мықты байланыс орнатуы керек. Экспедиция жиындарына қатыса отырып, халық үні – қоғамдық пікірдің маңыздылығына тағы да көз жеткіздік.

Анархан Марданова, Қызылорда қаласы
02.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

Төбет – қазақтың ұлттық бренді
Жасұлан АБДИҒҰЛОВ, Қуат НҰРҒАЛИЕВ, әуесқой итбегілер - 09.12.2024 196
Жамбыл облысында 500-ге жуық мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалды
Р.Ш.Шарипов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 09.12.2024 23
ЖОЛДАР ТАЗАЛАНЫП, ИНЕРТТІ ЗАТТАР СЕБІЛІП ЖАТЫР
Сарысу ауданы әкімдігі - 08.12.2024 31
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 211
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 211
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 228
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 211
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 199
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 194
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 217
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 207
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 215

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10492
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9471
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12707
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11677
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16689