17 қазан күні Алматыда өтетін бокс кешінде Қазақстан мен Өзбекстан спортшылары шаршы алаңда жолығады. Кештің басты оқиғасы – аса ауыр салмақтағы Қазақстан – Өзбекстан айқасы. Қазақ боксшысы Бекжан Бакиров өзбек спортшысы Асадбек Джураевқа қарсы шығады. Бұл кездесу екі спортшы үшін де кәсіби бокстағы дебюттік жекпе-жек болмақ. Бұған дейін екеуі де ММА мен жалаңқол жекпе-жектерде тәжірибе жинаған. Аю – қазақ жанкүйерлерінің сүйіктісі. Оның әрбір жекпе-жегі көрерменге керемет әсер қалдырады, ал соққылары мен комбинациялары залды дүр сілкіндіреді. Оның қарсысы 23 жастағы Өзбекстанның бокс пен ММА чемпионы, сондай-ақ қолма-қол ұрыстан спорт шебері. Бокс ережелері бойынша өтетін айқаста кім жеңіске жетеді? – делінген RD Promotion ақпаратында. Кештің негізгі жекпе-жегінде жергілікті боксшы Алишер Абдулалим (5 жеңіс, 3 нокаут) Таиландтан келген тәжірибелі қарсылас Пхумиритдет Чонлатхондамронгкунмен (19 жеңіс, 17 нокаут) күш сынасады.














