Партия төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен "AMANAT" партиясының жаңа саяси тұғырнамасының жобасын әзірлеу бойынша арнайы жиын өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде басты идеологиялық құжат – партияның жаңа саяси тұғырнамасын дайындауды тапсырған болатын.
Жаңа тұғырнамада "AMANAT" партиясының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен басымдықтары көрініс табуы тиіс.
Саяси тұғырнама кез-келген партияның стратегиялық құжаты. Оның уақыт ағымына сай, сапалы, терең әрі жан-жақты болуы саяси бірлестіктің нәтижелі жұмыс істеуіне тікелей ықпал етеді.
Қазақстан өз дамуында жаңа кезеңге аяқ басты. Еліміздегі барлық салада жүріп жатқан өзгерістер, жүйелі трансформация, Конституциялық реформа, мемлекет пен қоғам алдында тұрған тың мәселелер, халықтың сұранысы мен талап-тілектері «AMANAT» партиясына жаңа саяси тұғырнаманың қажет екенін көрсетіп отыр.
Ең бастысы – жаңа тұғырнама президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформаларды жүргізу мен Жана Қазақстан идеясын жүзеге асыруды басшылыққа алуы керек.
Жиын барысында партия төрағасы Ерлан Жақанұлы осы мәселеге ерекше назар аударып, жаңа құжатқа қойылар талаптарға кеңінен тоқталды. Партия жетекшісі сондай-ақ саяси бірлестіктің басты стратегиялық құжатын талқылау мен жаңа идеялар ұсынуда сарапшылардың пікірі мен қалың бұқараның ойын білудің аса маңызды екенін баса айтып, нақты тапсырмалар берді.
Саяси тұғырнама жобасын әзірлеу үшін барлық өңірлерден сауалнама және әлеуметтік зерттеулер негізінде ұсыныстар мен пікірлер жиналады.
Құжат жобасы аймақтық деңгейде де талқыланады. Сарапшылар, қоғам белсенділері және блогерлердің қатысуымен «TALQYLAU» алаңында ашық кездесулер мен пікір алмасу ұйымдастырылады.
Құжат жобасы партияның ресми сайты мен әлеуметтік желілердің ресми парақшаларында жарияланады. Оны кез-келген адам көріп, өз ойын білдіре алады.
Саяси тұғырнаманың қорытынды жобасы барлық ұсыныстар мен өзгертулерді ескере отырып биыл күзде республикалық партия конференциясында талқылануы тиіс.
Халқымызда «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген дана сөз бар. Осы қағиданы басшылыққа ала отырып біз "AMANAT" партиясының басты құжатын көпшілікпен ақылдаса отырып қабылдауды жөн деп санаймыз.