Амангелді Айталы: Қазаққа тілдік маркетинг керек

Амангелді Айталы: Қазаққа тілдік маркетинг керек

Көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері, ІІ, ІІІ шақырымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болған Амангелді Айталы былтыр 21 желтоқсанда, 83 жастан ас­қан шағында дүние салды. Ұлтжанды азаматтың отбасы мен жақын туыс­та­рына көңіл айту жеделхатын жол­даған Мем­лекет басшысы «қа­жырлы қыз­ме­тімен еліміздің өр­кендеп да­муына сүбелі үлесін қо­сып, соңына жарқын із қал­дыр­ған Аман­гелді Әбдірахманұлының есі­мі мен бейнесі ұмытыл­май­тынын» жеткізді. Осы тұста на­­зар­ларыңызға айтулы тұлға­ның «AIQYN» газетіне берген соң­ғы сұхбатын ұсынып отырмыз.

– Қоғамда ұлттық саясатқа қа­тыс­­ты басты екі көзқарас бар. Бірі – бір­тұтас ұлт қана болуы керек, ел­дің әр ұлтқа бөлінуін ынталан­дыратын Қазақстан халқы Ассам­блеясының қажеті жоқ десе, екіншісі – әр ұлттың, этностың дамуына же­ке мән беру қажет деп табандайды. Ортадан шығатын ортақ тоқтам қандай? 

– Кеңес одағының күйреуі, әлем елдеріндегі этносаралық қай­шылықтар демократия мен ұлт мәселелерінің өзара байланысын, адам құқығымен бірге этнос құқы­ғының маңызын, әр адамның ана тіліне, мәдениетіне ұмтылысы ер­кіндік пен демократия принцип­терімен үйлесетінін мойындатты. Дегенмен бұл ақиқат бірауыздан қолдау тауып отыр деп айтуға бол­майды. Сондықтан екі түрлі көз­қарас қалыптасты. Бірінші көз­қа­расты қолдаушылар түптің түбінде бір ұлттың мүддесі басқаларын ығыс­тыратынын, ұлт мәселесі сая­си ахуалға зиянын тигізбей қой­май­тынын баса айтады. Ресейдің бір премьері: «Біздің барлық ұлттық проблемаларымыз – соған назар аударғаннан. Назар аудармасақ, айналыспасақ – ұлттық пробле­малар да болмайды» деген. Оны қол­дайтындар Қазақстанда да та­былады. Олар ұлт мәселесін көте­ретіндерді «национал-патриоты» деп кекетеді. Бірақ ұлт мәселесі шешілді, ондай проблема жоқ делінген «халықтар достығының лабораториясында» 1986 жылы жарылыс болғанын, КСРО ыды­рауы ұлттық қозғалыстардан бас­талғанын естен шығарғандаймыз.

Екінші көзқарас – демокра­тия­лық процестерді ұлттық мәселелер­ден ажыратуға болмайды дегенге саяды. Демократияны тек сайлау­мен, саяси реформалармен ғана шектеу демократияның аясын та­рылтады. Бір жағынан, этнос­тар­дың құқын жүзеге асыру, ұлтаралық келісімнің үйлесімді жолдарын табу қажет, сонымен бірге қазақ ұлтының мүддесін де ілгерілету ке­рек. Ұлтаралық келісімді қазақ­тар­ды басу арқылы орнатуға болар, бірақ ұзақ ұстап тұру қиын. Билік назар аудармаса, ұлттық мәселені шешу ісін халық өзі қолға алуы мүмкін.

Дәл қазіргі кезде біз ұлтаралық мәселелерді шешудің кілтін таптық деу – жаңсақтық. Бүкіл адамзат ізденіс үстінде. Себебі тарихи да­мудың әр қадамы ұлтаралық қа­тынастарға жаңа мән мен мазмұн беріп отырады. Әр заман, әр кезең өз шешімін талап етеді. Ең бастысы, біз тәуелсіздік арқасында жоғары­дан таңылған, бұйрыққа негіздел­ген «мәжбүрлі достықтан» шынайы кісілікке негізделген тату қоғамға бет алудамыз. Ұлтаралық қатынас­тардың астары терең, мазмұны ауқымды.

– Бұрын бізде «жаһандануға жұтылу» тіркесі сәнді болатын, енді ол ауызға алынбайды, өзектілігін жойғаны ма? Бүгінде қай құбылыс басым: жаһандану ма, әлде ұлттану ма? 

– Жаһандану және оның ұлт тағ­­дырына ықпалы – бүгінгі ғы­лым­дағы ең даулы мәселелердің бірі. Жаһанданудың іргетасы XIX-XX ғасырларда қаланды, ол барлық мемлекеттерді интеграцияға, еркін саудаға бірдей жұмылдырады. Әр мемлекеттің ұлттық, техникалық құндылықтарының бүкіл адамзатқа қызмет етуі, өзара алмасу, әлемдік рухани байлыққа өзіндік үлес қосу барысында ұлтардың бір-бірімен жақындасуы, араласуы, өзін өз­ге­мен салыстырып, өзгенің жақсысы­нан үйренуі, жаманынан жиренуі – заман талабы. Алаңдататыны – басқа жағдайлар. Егер бұрын адам­ды жұмыс берушілер қанаса, бүгін мемлекетті мемлекеттің қа­науы болуда. Қытай Африканың ен бай­лығын сүлікше сорып отыр. Да­мыған елдер дамушы елдерді қа­най­ды. «Алтын миллиард» ел­дерінде әлем халқының 15 пайызы ғана тұ­рады, олар планетамыздағы бай­лық­тың 80 пайызын иеленеді. Сон­дықтан жаһандану – отарлау саяса­тының жаңа түрі. Бұл АҚШ монопо­лиясы, батыс қаруы, Голливуд, тағы басқалар арқылы жүреді. Оның орнына батыс озық технология­ларымен көп бөлісе қоймайды.

Жаһандану – ұлттық мәде­ниеттерді жоюдың, мемлекеттердің ішкі ісіне араласудың жолына айналды. Ол араласудың қарқыны күшеюде. Мысалы, біздің Пар­ламент депутаттары бұрын ЛГБТ насихатына ашық қарсы тұра алатын, қазір ЕҚЫҰ сынайды деп мұндай мәселелерді көтеруге рұқсат бермейтін көрінеді.

Жаһанданудың тиімді жағын айта келіп, глобалистер: ұлттар мен ұлттық мемлекеттер бірте-бір­те тарих сахнасынан ығыстыры­лады деген ойды алға тарта бас­та­ды. 20 ірі трансұлттық топ дүние­жү­зінде өндірілетін тауарлар, авто­мо­биль­дер, ұшақтар, элек­трон­дық жаб­дықтардың жартысы­нан астамын өндіреді, олар сон­дай-ақ әлемдегі телекоммуникация жүйесінің 70%-ына дейін бақы­лайды. Көптеген шағын мемлекет­тің тәуелсіздігі сөз жүзінде ғана, олар­дың болашағы аянышты. Әлем­нің қай түкпірінде өмір сүруі­не қарамастан, барлық мемлекет пен ұлт жаһандық аза­маттық қо­ғамға айналуы ықтимал.

Жалпы, жаһанданудың қазаққа да кесірі бар. Оның либералды идеологиясы әр адам төл таңдауы­мен, өзі білгенше өмір сүруі керек дегенді уағыздайды. Мысалы, әр тегі қазақ қай тілде сөйлеп, қай дінді таңдаса да ерікті дейді. Ол отбасы, ата-анасы, ұлты алдындағы парыздан бас тартуға құқылы, еркектің еркекпен, әйелдің әйел­мен отбасын құруға, тіпті, өз еркі­мен өмірден кетуіне құқылы дейді. Мұны құптамасаң, сен демокра­тиялық ел емессің, сайлауыңды қанша жерден таза өткізсең де, оны демократияға сай емес деп танимыз дейді. Мұндай қалып шынымен ұлтты ыдыратады. Себебі, қазақты қазақ етіп отырғаны – ортақ ұлттық құндылықтар, әдет-ғұрпы, салт-санасы, Отан, ұлт, ата-ана алдын­дағы парыз ұғымы. Оның бәрі жойылса, бізде не қалады? Бұлай бара берсе, жүз жылдан соң қазақ деген ұлт бола ма?

Іріткі салудың басқа да жол­дарын жас мемлекеттерге енгізуде: жастардың талғамы мен назарын ұлттық дәстүр мен құндылықтардан аластатып, дүниеге, ақшаға, ойын-сауыққа аударуда, ата-баба өсиетінен гөрі интернет, әлеуметтік желі­дегі кеңеске бұруда. Әлеу­меттанушы Ю.Хабермас «демокра­тия мен ұлттық құндылықтар ара­сында тікелей байланыс жоқ, этни­калық тіл, мәдениет мәселе­лерінде барлық азаматқа ортақ құндылықтарды пайдалану орын­ды», – дейді. Демократияның ұлты жоқ, жеке азаматтар тек сол қа­лып­ты қолдаса болды дейді. Назарбаев тұсындағы «қазақстан­дық ұлт» кон­цепциясы да осы теорияға елік­теудің бір көрінісі болды. Жаһан­дану ұлттар тағды­рына нақты қауіп төндіреді. 114 мемлекет пен ұлттық автономияда ағылшын тілі іс-қағаздар мен іскерлік тілге айна­лып, олардың ұлттық тілдерін ығыс­тырып жатыр. ХХІ ғасырдың соңында жаһандану апатынан қазіргі 4-5 мыңдай ұлттан небары 600-ге жуығы ғана аман қалады деген болжам бар. Адамзат тығыз қабысып, біртұтас қоғамдастық болып қалыптасу процесі дами­тыны анық. Жаһандық құбылыс­тардың негізінде жаһандық сана, идеология, көңіл-күйі қалыптасып, нигилизм, шовинизм, космополи­тизм сияқты психологиялық құбы­лыстар кең тарады. Австралияда жүз ұсақ ұлыс жойылды, тағы жүзі жойылу қарсаңында.

– Көрші Ресей Батысқа қарсы риторикасында да ұлт болып сақ­талып қалу үшін жаһандануға қарсы күресетінін мәлімдейді, сонымен дәйектейді. Бұл популизм емес пе? 

– Жаһанданудан дәл қазір барлық ұлт құриды деген сөз жоқ. Дәл қазір жаһандану әр ұлтты бәсекелестікке шақырып тұр: қай мықтысы жеңеді. Ресей жеңілген ел­дердің бірі, өйткені идеология­сының экономикалық ұстыны әл­жуаз. Сондықтан бұл бәсекелес­тікте ол демократиядан гөрі зор­лық-зомбылық, күш қолдануға бейім тұрады. Өйткені жаһандану­дың салдарынан Ресей де қатты сескенеді. Сарапшылар арасында «Ресей тіпті қауқарсыз және оны енді қуатты ел ету қиын» деген пікір бар. Жалпы, Ресейдің ықпалы Қазақстан, бұрынғы бірқатар одақтас республикалар сияқты бірнеше жас мемлекеттің ортасына ғана тараған, сонымен шектеледі. Оның өзі бірте-бірте азайып келеді. «Жаһандану және орыс мәселесі» бүгін ресейліктер үшін ең өткір, алаң­даушылық туғызып отырған мәселе. «Орыс әлемі» тұжырым­да­масы содан туындаған. Яғни, ең құрығанда, орыстың қалған ық­па­лын сақтап қалудың қарекеті. Бірақ тартымдылығы зор жұмсақ күш­ке емес, қатыгездікке құрыл­ған­дықтан, оның болашағы жоқ.

Ал қазақ әлемінің мәселесі неде? Жаһандануға икемделу қазақтан материалдық байлықтар мен рухани құндылықтарға деген көзқарасты ой иелігінен өткізуді талап етіп отыр. Байлық қазақ хал­қына қай заманда да мұрат бол­маған. «Малым жанымның сада­ғасы, жаным арымның садағасы» деген қазақ ақшаны ардан жоғары қоймаған. Сонымен бірге енжар­лық, бос қиял, еркіншектік, жауап­кершілікті жоғары жаққа аудару сияқты психология қазақ арасында да кең тараған. Кедей болған сайын енжарлық басым, енжар болған сайын кедейлік жайылған. Сол ен­жар, қанағатшыл, еріншек халық­тың арасында аузын ашса жүрегі көрінетін, адал, ақ ниеттілер де басым. Шүкіршілік философиясы қазақты екіұдай қырынан көрсетіп, оның жан дүниесіндегі диалектика­лық қайшылықтарды ашады. Бір жағынан, шүкірлік қиындықты көре тұра мойымау, тіпті мойын­дамау, ескермеуді білдіреді. Қазақ мұны тауқыметті жеңудің басты амалына айналдырған. Қазақ еш уақытта болашақтан үмітін үзбеген халық. Шүкіршіліктің екінші жағы – барды қанағат тұтып, шектелу, одан әріге ұмтылмау, ал қолда болса шашу, дарақылық.

Н.Назарбаев бірде «қоғамы­мызда ысырапшылдықтың асқын­ғаны сонша, шенеуніктер арасында қайтыс болған жақындарын ақтық сапарға шығарып салудың өзі жарасымсыз бәсекеге айналған» деген. Сөйте тұра, байларымыз қайрымдылыққа сараң. Кедей­леріміз байға еліктейді.

Біз дұрыс «жаңа қазақты» тәр­биелей алмадық, соны қалыптас­тыруға тиіспіз. Бірақ «жаңа қазақ» дегеніміз – заңсыз байлық жиған, астындағы көлігі мен үстіндегі сарайы өз абыройынан, параса­тынан да қымбат қазақтар емес, бұлар – жаңа технологиялы за­манға бейімделген алғыр, іскер, істеген ісі ақылға сиымды, өз ұл­тына мақтанышпен де, сын көзбен де қарай алатын, өзінің ұлттық келбетін сақтаған адамдар болуы тиіс. Бүкіл білім жүйесі соған бағдарлануы керек, ол оған сәйкес болмай тұр.

– Сонда жаңа Қазақстан жағ­дайында ұлт мәселесін ушықтырмай шешу үшін не істеген жөн?

– Билік те, халық та мынаны түбегейлі ұғынғаны дұрыс: қазақ ұлтының өз тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтайтын, дамытатын отаны жалғыз, ол – қазақ жері. Ресейде 1,5 миллиондай қазақ тұрады, бірақ Ресей барлық қазақ мектебін жауып тастады. Біз ең құрығанда, Қазақстанда қазақ тілін дамытуға жан-жақты, жете көңіл бөлуіміз қажет. Тіпті, Аф­рика, Азияда да бірде-бір ел дәл қазақтай ассимиляцияға ұшыраған жоқ. Басты себептің бірі – отар­лаушы ұлт пен отарланған ұлттың іргелес қоныстанып, мидай ара­ласуы, орыстандыру саясаты. Біз отарлау салдарларынан қазіргі ми­тың қарқынмен арыла алмауы­мыз мүмкін.

Бүгінде орыс диаспорасының кейбір өкілі ұлт мәселесінде демократияны өзінше түсініп, орыстардың құқығы бұзылуда деп байбалам салады. Кеңес заманынан үстем болған орыс мектептерінің, орыс тілі сағаттарының азаюы, қазақ мектептерінің көбеюі, елді мекендердің қазақшалана бастауы, іс қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуі орыс тілділер тарапынан қазақтарға шектен тыс артықшы­лық беріледі деген сияқты сындарға түрткі болды. Орыс халқының бір сөзі бар: «злой не тот, кто злится, а тот, кто злит». Ол пікірлер қазақ­тарды ашуландырады, ашынды­рады, ағат қимылға итермелейді. Астамшылық психологияның та­мыры тереңде, бұл сыншысымақтар – соның құрбаны.

Сонымен бірге өзге ұлт өкіл­дерінің бойында қазаққа деген құрметті қалыптастырған жөн. Кеңес заманында қазақтар азамат ретінде де, ұлт ретінде де кемсіту­шілікке ұшырады. Қазақ азамат­тарын сыйлағанның өзінде адам ретінде сыйлады да, мәдениеттің, тілдің, ұлттық құндылықтардың иесі ретінде сыйлау жетіспеді. Қазақты ұлт ретінде сыйлап өс­пе­ген сол ұрпақ қазақ ұлтының сана-сезімінің оянуына күмәндана қа­рай­ды. Қазақ «ұлт» десе, ұлтшыл­дық­қа берілді деп күдіктену кең тараған. Сондықтан болар, өзімізге жылы қарағанның бәрін қолдап жатамыз. Кейде баспасөз бетінде орыс өкілінің белгілі тұлғалары «қазақтардай соғым сояды», «қа­зақ­ша ет асады», «жусанды сағына­ды» екен деп мақтап жатады. Со­лар­дың бір аяғы Ресейде, екінші аяғының ұшымен ғана Қазақстанда тұрғанын білеміз. Шынайы ықы­ласты сыртқы көрініспен шатас­тырмайық. Қазақы құндылықтарды шын сыйлайтын ұрпақты мектеп қабырғасынан тәрбиелеу керек.

– Ұлт тағдыры тіл тағдырына тікелей байланысты. Сіздің ойыңыз­ша, қазақ тілінің болашағы бұлыңғыр ма, әлде жарқын ба? 

– Әлеуметтік лингвистика ғы­лымында тілдің өміршеңдігі де­ген ұғым бар. Яғни, тілді меңгерген­дердің үлесі көп болса, ұлттың ке­лешегі де зор болады деп болжайды. Бірақ тілді меңгеру деңгейі әртүрлі: санақ бойынша қазақтардың 99,6 пайызы ана тілін қазақ тілі деген. Дегенмен тілді мойындаумен ол тілді меңгеру екі бөлек. Білмесе де намыстанып, ұлттық сана сезіміне байланысты ана тілім қазақ тілі дегендер бар екені белгілі. Тілді игерудің әртүрлі деңгейлері барын ескерсек, қазақ тілінде білетіндерді көбейтуге де, азайтуға да болады.

Оптимистер санаққа сеніп, тілін білмейтін қазақ жоқ, қазақтар саны елде басым, демек, тіл мә­селесі өзінен-өзі, бірте-бірте ше­шіледі деседі. Ал пессимистер қа­зақ­тардың шынында 40 пайызы ана тілін жөнді білмейді дейді. Бұл пікір де қоғамда кең тарап, біреу­лерді ашындырса, енді біреулерді ұлт тағдырына немқұрайлы қарауға итермелейді. «Қазақтың өзіне қажеті жоқ тілді басқа ұлттарға таңу елде араздық туғызады» дейтін ше­неуніктер табылады. Кейбір жағ­дайда қазақ емес ұлттардың өкілін қазақ тілінің қарсыласы, тіпті көтерілуге дайын тұрған ықтимал экс­тремистік топтар ретінде санай­тындар да бар.

Ұлттың болашағы, оны ұлт­сыздану дертінен сауықтырудың басты бір жолы – мемлекеттік тілде білім мен тәрбие алуында. Қазақ ұлтының болашағы бүгін білім мекемелерінде шешіліп жатыр десек артық болмас.

Ұлттың өміршеңдігінің өлшемі тілінің тек білім саласында ғана емес, сонымен қатар БАҚ, әкім­шілік іс, өнеркәсіп, сот ісінде, әлеу­меттік, экономикалық, саяси өмір­де кеңінен пайдаланылуында. Заң, мемлекетаралық келісімшарт­тар, хабарландырулар, арыз-ша­ғымдар, тергеу құжаттары және басқасы әлі де түпнұсқада орысша, қазақшаға тек аудара салады. Мәжіліс пен Сенат мемлекеттік тіл мен орыс тілін аралас қолданады. Үкімет тек баяндамаларын қазақша оқиды, жабық жиындары негізінен орысша жүреді. Лауазымды қыз­мет­терде мемлекеттік тілді білмей­тіндерді де алатынын көргенде, түңілу сезімі тереңдейді. Олар халық арасында шыққанда қазақ тілділермен қалай сөйлеседі? Әлде олармен сөйлесу міндетті емес деп санай ма?

Терминдердің әлі күнге жетіл­дірілмегені, салғырттық психо­логия, көзбояушылық, нигилистік көзқарас, орыс тілділердің белсенді қарсылығы ақыр соңында қоғамды қазақ тілі мемлекеттік тіл қызметін толыққанды атқара алмайды деген ойға итермелейді. Қазақ тіліне қоғамда сұраныс көп болмаған­дықтан балаларын, немерелерін ата-аналар қайтадан орысша, ағылшынша оқуға бере бастады. Әкімдерден орысша мектеп ашуды талап ететін қазақтар қаптады. Бірінші сынып оқушыларының 70 пайызының ғана ата-аналары қазақ тілді мектептерді таңдаған. СҚО-да оқушылардың 21% ғана қазақша мектептерге барады. Петропавлда небары 6 қазақ мектебі бар, ал орыс мектептерінің саны 31. Бес есе көп. Қазақ мек­тептерін ашуда батылдық таныту маңызды.

– Демократияландыру мемле­кет­тік тіл мен ұлт мәселесін ысырып қоюға соқтырмай ма? Бұған демогра­фияның ықпалы қандай? 

– Бүгінде онсыз да орыс тілді­лері­нің құқығы мен талаптарын барлық қазақстандықтардың сұ­ранысына теңеу, телу белең алған. Тиісінше, билік орыс тілділердің мүддесінен шығу – ұлтаралық ке­лі­сім мен татулықтың ұстыны, этни­калық алауыздықтың алдын алудың тиімді жолы деп біржақты ойлайды. Ұлтаралық келісімді бүр­ке­ме­леп, астамшылық пен ни­ги­лизм­ді уа­ғыздау қауіпті. Орыс тіл­ділер қысым көрдік деп шетелге кетіп қалады деп қорқудың керегі жоқ. Қазақстандық славян текті диаспоралар өкіл­дерінің басым көпшілігі соңғы 15-20 жылда талай жағдайды ой елегінен өткізді. Ре­сейге көшкеннен Қазақ­станда тұру тиімді екенін біледі. Көршінің аза­мат­тығын алып, бізде қалғандар көп.

Жарлықпен, нақты межелеген уақытта ұлт мәселесін шешіп тастау мүмкін емес. Сонымен бірге уақыт барлығын өз орнына қояды дейтін эволюциялық жол салғырттыққа соқтыруы ықтимал. Мемлекеті­мізде ұлт мәселесі туралы әңгіме бола қалса, біздің қоғам толерант­ты, ұлттар арасындағы мәселелер біржола шешілген дегендей пікір ай­тылады. Бұл ұлт мәселесіне кеңес дәуірінен қалған конъюнк­ту­ралық көзқарастың салдары. Тек ши шыққанда, билікке қауіп төн­генде ғана себептерін іздеп, оның төңірегінде ойлана бастаймыз. Ал оның алдын алу туралы күнібұрын бас қатырмаймыз.

Сол бұрынғыдай, Қазақстан көпұлтты мемлекет, 100-ден аса ұлттың өкілі тұрады деп жүрміз. Олардың кейбіреулерінің саны 200 адамнан аспайды, кейбірі 10 адамға да жетпейді. Қазақтардың үлесі жетпіс пайыздан асты (2021 жылғы соңғы санақ бойынша Қазақстан халқының 70,4%-ы – қазақтар, 15,5%-ы – орыстар. Ірі диаспоралар арасында өзбектер – 3,2%, украиндар – 2%, ұйғырлар – 1,5%, немістер – 1,2%, татарлар – 1,1%, авт). Ұлт, тіл мәселесін бүгін соңғы жылдары жаңарған демографиялық ахуалға байланысты жаңаша талдаған жөн.

Демографиялық жағдай өзгер­ген тұста тіл саясатына да басқа қырынан қарайтын уақыт туды. Алдымен қазақтардың өзінің, со­дан соң еліміздегі салмағы басым, тілі ұқсас түркі тілдес ұлттар өкіл­дері­нің мемлекеттік тілді жүз пайыз меңгеруіне қол жеткізген жөн. Мұның сыртында славян тектес және басқа да еуропалық этностар­дың тәуелсіздікпен құрдас жаста­ры­ның тілді үйренуіне мол жағдай жасау қажет. Ал орыс тілді аға ұр­пақтан тілді білуді талап ету пәлеге жолықтырмаса, ештеңе шешпейді.

– Мемлекеттік тілдің өрістеуіне не кедергі? Ол тосқауылдардан қалай арылуға болады? 

– Мемлекеттік тілге деген бет­бұрыс бар. Алайда биліктің мем­лекеттік тіл саясаты қазақ тіліне қажеттілік туғыза алмай отыр. Қандай да бір тауардың нақты бір мақсатқа пайдасы барын алдын ала білмесе, тұтынушы оны сатып ал­майды ғой. Сол сияқты егер мем­лекеттік тіл адамдарға қызметінде, оқуында, басқа мұқтаждықтарын өтеуде қажет болмаса, оған сұраныс болмайды.

Яғни, қазаққа тілдік маркетинг керек. Сұранысқа ие тілде ғана ата-аналар өз баласын оқуға береді. Қажеттілік қамшыласа ғана тілге жол ашылады. Лауазымды қызмет­тегілердің, барлық шенеуніктер мен әкімқаралардың 100 пайыз мемлекеттік тілді білуін талап етіп қоятын уақыт келді.

Тәжірибе көрсеткендей, мем­ле­кеттік тілдің өрге баспауы – қа­зақ­тардың ынтасының төмендігі. Бас­қа ұлт өкілі қазақ тілінде сұрақ қойса, орысша жауап беретін қа­зақтар жетерлік. Германиядағы еврейлер: «түзде неміспіз, үйде ев­рейміз» дейді екен. Біздің қа­зақтар түзде де, үйде де орыс бо­лып кетті. Қазақтардың өз тіліне ен­жарлығын білген орыс тілділер беталысын өз­гертуге асықпайды. Әр ұлт өзін өзі сыйлағанда ғана оны басқалар­дың сыйлайтыны өмір заңдылығы.

Тіл білу денсаулық саласында аса маңызды. Америкалық ғалым­дар Роберт Малгада мен Джузеппе Константино дәрігер мен пациент­тің сөйлеу тілінің диагноз қою үшін өмірлік маңызды екенін дәлелдеді. Дәрігерлер 149 испан тілділердің әрқайсымен оңаша ағылшын, кейін испан тілінде қатар сөйлес­кен. Испан тілділер өзімен тек испанша сөйлескенде, аурула­рының жай-жапсарын толыққанды айта алған. Тиісінше диагноз дәл қойылған. Бізде дәрігерлердің біразы медициналық терминдерді қазақша түсіндіре алмайтындықтан, диагноз дұрыс қойылмауы, қазақ­тар қалай емделу керектігін жете түсінбеуі мүмкін.

Қазақстанның азаматтығын алғысы келетіндерден мемлекеттік тілді білуін талап ететін кез жетті. Бірақ оған басқа елдердегідей тілді меңгеруге белгілі бір уақыт берілуі керек. Тілді меңгерудің деңгейін анықтайтын критерийлерді, аттес­таттау, сертификаттау жолдарын жетілдіру талап етіледі. Ата заңы­мыздың 93-бабында «Үкімет, жер­гілікті өкілді және атқарушы ор­гандар Қазақстанның барлық аза­маты мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйым­дас­тырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жа­сауға міндетті» делінген. Ол мін­детін орындау орнына Үкімет Тіл үйрету орталықтарын жеке­шелен­дірді, жете қаржылан­дыр­мады.

Жағдайды түзеу үшін мемлекет келесі бағыттарда тілдік инвести­ция салуы қажет: біріншіден, қа­зақша балалар әдебиетін өзге этнос­тардың арасында тарату: ал бізде ең қымбаты – балалар әде­биеті. Екіншіден, мемлекеттік тілде білім алам деуші басқа ұлт өкіл­деріне мемлекеттік гранттар беріп, тегін білім алуына мүмкіндік жасау. Үшіншіден, қазақша оқулықтар мен сөздіктер авторларын, аудар­ма­шыларды, баспаларды ақшалай, басқалай қолдау, жеңілдіктер беру. Төртіншіден, қазақ тілінде оқыта­тын педагогтерді ынталандыру. Бе­сіншіден, тіл үйренгісі келетін­дер үшін тегін тіл курстарын қар­жы­­ландыру. Алтыншыдан, мемле­кет­тік тілді компьютерге толық бейімдеу. Жетіншіден, елді мекен, көшелердің атын, жер-су атауларын қазақшалау. Сегізіншіден, тер­минология жұмысына инвестиция бөлу. Тоғызыншыдан, ұлттық ком­па­­ниялар, банктер, жеке кәсіп­кер­лер өз қызметшілерін мемлекеттік тілге оқытуды, іс-қағаздарын қазақ тіліне аударуды қаржыландырғаны жөн. Оныншыдан, мемлекеттік тілге қарсы шыққандарды, тілді қор­лап, ұлттың намысына тиетін­дерді заң жүзінде жазалаған абзал.

Қазақ өзін сыйлағанға барын беруге дайын тұратын халық: егер биліктің мемлекеттік тілді дамытуға шындап кіріскенін көрсе, отан­шыл­дығы артып, билікті құрметтей түседі, қызу қолдайды. Израилде иврит тілінің жандануына ықпал еткен Элиэзер Бен-Йехуданы хал­қы қадір тұтады. Түрік тілінің да­муына белсенді үлес қосқан Ататүріктің Түркия үшін орны бір төбе. Ал қазақтар үшін Ахмет Байтұрсынұлы қымбат.

Тіл саласына инвестиция салу, оның өрісін кеңейту – халықтың ашу-ызасының алдын алудың да кепілі екенін ұмытпағанымыз жөн.

– Әңгімеңізге рақмет!

Айхан ШӘРІП
10.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 30
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 63
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 22
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 27
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 33
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 28
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 59
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 63
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 262
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 258
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 880

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8956
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8350
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11576
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9334
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10560