Ақ Жайықта – тұңғыш фестиваль

Ақ Жайықта – тұңғыш фестиваль

 

Орал қаласында еліміз бойынша алғаш рет «Театрдың ғажайып әлемі» атты батыс аймақтық балалар театрлары арасында фестиваль өтті. 

Мұндай керемет жоба Мемлекет басшысы жариялаған «Балалар жылының» және «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының халық шығармашылығы мен мәдени мұрасы жылы» аясында, сондай-ақ ҚР халық әртісі, «Отан» орденінің иегері, кино және театр актрисасы Хадиша Бөкееваның туғанына 105 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Орал қаласы әкімдігінің, БҚО мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған театр өнері сайысына батыс өңірлердегі балаларға қосымша білім беру ұйымдарының балалар театр ұжымдары қатысты. 

Оралдағы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында өткен фестивальдің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсентегі театр әлеміне жаңа қадам басқан жеткіншектерге сәттілік тілеп, әртістік шеберлік сыналар байқауда шын жүйріктер оза шабатынын жеткізді. 

Ал өнер кешінің қадірменді қонағы, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері, ҚР «Құрмет» орденінің иегері Еділ Рамазанов: 

–  Кино өнерінің анасы, жерлесіміз Хадиша анамызға 105 жыл толуына орай өтіп жатқан мерекелік кешке келгеніме өте қуаныштымын. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Жас ұрпақты қазақтың ұлттық  театр өнерімен  тәрбиелеуге қолдау білдіріп жүрген ел азаматтарына алғыс білдіремін. Сіздер киелі қара шаңырақта өнер жолын бастағалы отырсыздар. Бұл – республика деңгейінде тұңғыш өткізіліп отырған шара.  Осы сахнада бәріміздің томағамыз сыпырылып, аға буыннан сабақ алып, өнер жолына қанат қақтық. Сіздердің араларыңыздан да үлкен өнерпаздар шығарына сенемін, – деп, балғын театр ұжымдарына шынайы тілегін жеткізді.

Фестивальге қатысқан Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің «Ақтөбе» балалар театры бір жыл көлемінде ашылған жас шығармашылық ұжымдардың бірі екен. Театр әкімшісі Арайлым Қуанышбайқызы кішкентай актерлердің бұл алғашқы сайысы екенін атап өтті. 

– Біздің балалар театрының құрамында 40-қа жуық оқушы театр өнеріне тәрбиеленуде. Фестивальде көрермендерге «Орман достығы» атты композициялық қойылым ұсындық. Жалпы, бұл іс-шара балалар үшін жақсы әсер қалдырды. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз, – деді ол.

Екі күнге созылған фестиваль нәтижесінде жеңімпаздар түрлі аталымдармен марапатталды.  

 

 

 

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО, Орал қаласы
09.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 355
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6460
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8169
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6540
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6676