Сәрсенбі күні Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте ішкі саясат пен спорт саласындағы жұмыстардың жай-күйі қаралды.
Кеңестің күн тәртібі бойынша ауылдық округ әкімдерінің әлеуметтік желідегі белсенділігі мен халықпен кері байланыс орнату деңгейі қаралды.
Жиында ішкі саясат бөлімінің өкілдері округ әкімдіктерінің ресми парақшаларындағы ақпараттық жұмысқа талдау жасап, 2025 жылдың 20 қазанына дейінгі мониторинг нәтижесін жариялады. Рейтинг қорытындысы бойынша Абай ауылдық округі үздік көрсеткішке ие болып, көш бастап тұр. Бұл округтің әлеуметтік желілерде жүргізіп отырған тұрақты ақпараттық жұмысы, халықпен ашық байланыс орнатудағы белсенділігі жоғары бағаланды.
Аудан әкімі Ернар Есіркепов ауылдық округ әкімдеріне тұрғындармен ашық әрі жүйелі диалог орнатудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік органдардың халық алдындағы жұмысы тек есеп берумен шектелмеуі тиіс, ең бастысы – тұрғындардың сұрақтарына жедел жауап беріп, нақты шешім ұсыну.
– Ақпараттық кеңістіктегі белсенділік – бүгінгі күннің талабы. Әрбір ауылдық округ өз парақшасын халықпен байланыс құралына айналдыруы қажет. Әлеуметтік желі арқылы елдің тыныс-тіршілігін көрсету, өзекті мәселелерді дер кезінде жеткізу – сенімді арттырудың ең тиімді жолы, – деді Ернар Есіркепов.
Кеңесте бұқаралық спорттың дамуына да ерекше назар аударылды. Аудандық спорт бөлімі басшысының айтуынша, биылғы жылдың басынан бері 210-нан астам спорттық іс-шара ұйымдастырылған. Бұл көрсеткіш тұрғындардың салауатты өмір салтына бет бұрып келе жатқанын айғақтайды. Қазіргі таңда аудандағы 27 479 адам, яғни жалпы халықтың 41,7 пайызы бұқаралық спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысады.
Сонымен қатар аудан спортшыларының халықаралық деңгейдегі жетістіктері де мақтаныш тудырады. Есепті кезеңде жергілікті спортшылар Азия чемпионатында 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль иеленсе, әлем чемпионатында 1 алтын мен 2 қола медаль жеңіп алып, өңірдің намысын абыроймен қорғаған.
Аудан басшысы спорт саласындағы жетістіктердің артында жаттықтырушылар мен спортшылардың еңбегі тұрғанын айтып, осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай күшейту қажеттігін атап өтті.
– Спорт – жастардың рухын көтеріп, елдің бірлігін нығайтатын сала. Бізге спорт арқылы ауданның имиджін арттыру, дені сау ұрпақ тәрбиелеу маңызды. Сол себепті спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру мен жаңа жобаларды іске асыруды басты назарда ұстауымыз қажет, – деді аудан әкімі.
Кеңес соңында Ернар Есіркепов жауапты бөлім басшылары мен округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, ақпараттық саясат пен бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру қажеттігін міндеттеді.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Жамбыл облысы
Тұрар Рысқұлов ауданы















