Ақтамберді жырау

Ақтамберді  жырау

Қазақ халқының тарихында ерекше орын алған әрі жырау, әрі батыр, әрі ел тарихында халқының шапқыншылыққа қарсы азаттық күрес идеологиясы негізін алғаш қалағандардың бірі Ақтамберді өзінің жалынды жырларымен елі мен жерінің намысын қорғауға бар ғұмырын жұмсаған. Ол бір ғасырға созылған жоңғар шапқыншылығының қасіретінен зардап шеккен халықтың тағдыры мен арманын зарлы үнмен толғаған жырау, қантөгіс майданда жеңіс туын биікке көтеріп, қазақ елінің мәңгі тәуелсіз болуын аңсап, армандаған тұлға. Өзінің тоқсан үш жыл сүрген өмірінің жетпіс жылын халықты күреске көтерген ерлігімен өнеге көрсеткен батыр. Ақтамберді – барша жұртты күреске оятқан және азаттық үшін тер де, қан да төгуге ашық шақырып, елін, жерін қорғауды ұйымдастыруға жетпіс жыл азаттық күресінің туын жықпай, жеңіске жетуге зор үлес қосқан тарихи қайталанбас тұлға. Ақтамберді жырауды ұлықтау – батырды ғана емес, оның аманаты – қазақ елінің тәуелсіз келешегі үшін ынтымаққа сүйенген бірлікті, теңдікті, әділеттілікті, жігерлікті, парасаттылықты дәріптеумен ұрпақты тәрбиелеуге үйрететін даңғыл жол. Ол осыдан үш ғасыр бұрын қазақ халқының ұлттық идея негізінің алғашқы кірпішін қалаған тұлға. Қазақ халқының ұлттық санасының қалыптасуына алғаш бағыт берген, оның ұлттық идеясы терең философиялық толғаулардан, жыраулардан туындағаны аян.

 

Батырдың жастық шағы

Ақтамберді батыр осыдан үш жарым ғасыр бұрын, 1675 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан өңірінде, Қаратау баурайында дүниеге келген. Оның Қаратау жерінде туғанына байланысты қазақ халқының тарихи өмірінен хабары аз адамдардың шыққан ататегіне байланысты қате мағлұмат таратуы орын алғаны аян. Сол қателіктің тууы кейбір ғалымсымақ адамдардың өткен дәуірге байланысты тарихи мәселеге келгенде қазіргі уақыттағы қалыптасқан жағдайлар тұрғысынан қарап, ақиқатқа ұласпайтын қате тұжырым жасауларынан пайда болған еді. Он сегізінші ғасырдың ортасына қарай жоңғарлар шапқыншылығының күш ала бастаған кезеңінде шығыс өңірі жұртының біразы оңтүстік аймағына, Қаратау жеріне ауып барғаны белгілі. Ақтамбердінің өмірі жоңғар шапқыншыларының қазақ жерін жаулап алу соғысының жүз жылға созылып, ел басына қасірет, ер басына күн туған заманына тура келген болатын. Ол қазақ халқының «Ақтабан шұбырынды – Алқа көл сұлама» деп тарихта аты қалған, тозаққа бергісіз өмірдің зардабын шегіп, жел ұшырған қаңбақтай босқынға ұшырап, туған жерінен, өскен елінен айырылған зар заманның кезі болатын. Ақтамберді осындай жағдайда өмір сүрген. Оның тегі Найман Төлегетай бабаның ұрпағы, Қаракерей ішінде Сыбан атаның екінші бәйбішесі Орын анадан туған ұлы Бөрінің баласы Бөлтіріктен тарайды. Бөлтіріктен туған Сақадам және Сары деген екі ұл болған. Сақадамнан – Аллаберген, Қожамберді, Жарылғап туады. Сарыдан жалғыз Ақтамберді туған екен. Жеті жасында шет жерде жетім қалған Ақтамберді нағашысы Бердіке батырдың қолында тәрбиеленіпті. Жасынан әке-шешеден айырылып, тұл жетімдікті көріп өскен баланың өмірі оның ой-өрісінің ерте оянуына жетектеп, маңайындағы адамдармен қарым-қатынасына, әсіресе олардың қылықтары мен айтқан сөздеріне ерекше көңіл бөліп, іштей соны екшеп қабылдайтын мінез қалыптасқан. 

Жастай жетім қалған Ақтамберді өзін тұйық ұстап, әке-шешесі бар бес-алты жастағы кезін елестетіп, өзінің жалғыздығын, аға-апа жанашырының жоқтығын ойлауы оның ерте есеюіне және арман қуып өсуіне жетеледі. Жастай тегінде бар намысшылдықтың ерте оянып, бойында ақындық пен батырлық қасиеттерінің оянып, оның арман-қиялдарын өрге жетелеп, ерте дамытты. Ондай ақындық пен батырлықтың қатар жүруі ақын-жыраулар арасында өте сирек кездесетін қасиет екені аян.

Ақтамбердінің он-он бір жасынан өзінің ішінде қиялмен қайнап, піскен ойлары мен сөздерін өлеңмен жеткізу, оның бойында ақындық пен батырлық қасиеттерінің қатар дамығанын  мына  толғауы көрсетеді:      

 Жағама қолдың тигенін,

Жалғыздық, сенен көремін.

Жамаулы киім кигенім,

Жарлылық, сенен көремін.

Атадан тудым жалқы боп,

Жақыннан көрдім талқы көп,

Жасым жетпей он беске,

Қорғайтын жан адам жоқ.

Кәрі ақсайды ақылдан,

Ер ақсайды жақыннан,

Қазір әлсіз болсам да,

Үмітім бар ақырдан.

Жасым жетіп он беске,

Кірер ме екем кеңеске,

Бұғана қатып, бел бекіп

Ерегескен дұшпанмен

Шығар күн туса күреске! –  деген бала Ақтамбердінің, ертең-ақ жасы он беске толып, ересектермен бірге кеңеске қатынасып, елі мен жерін басқыншылардан тазартып, азат ел болуды аңсайды. Қай заманда болсын ұлтының мүддесін ұқпай, өз басының қамын ойлайтындар болған. Өршіл болып өсіп келе жатқан баланың, қазақ халқының арманын білдіргені үшін, надандық пен қызғаныш жеңген, жангөбек ағайындардың тексізінің бірі Ботағара Ақтамбердіні қамшымен сабағанда, оны нағашысы Бердіке батыр арашалап алады. Осы, қазақта сирек кездесетін қылық ел арасына тарап кетеді. Осы оқиғадан кейін бала Ақтамбердінің аты халыққа кең таралуы беделін өсіреді. Бала кезінен қиындық көріп, жүрегі шерге толса да жасымай, өзін-өзі жауға сілтер семсердей қайрап, он жетіге келгенде атқа қонып, елінің намысын қан майданда ерлік көрсетуімен қатар жауынгерлерге рух беретін жырауларымен танылады.                                        

Күлдір-күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екеміз?!

Күдеріден бау тағып,

Ақ кіреуке киер ме екеміз?!

Жағасы алтын, жеңі жез,

Шығыршығы торғай көз

Сауыт киер ме екеміз?!

Ор қояндай жүгінтіп,

Аш күзендей бүгілтіп,

Жолбарыстай шұбарды

Тандап мінер ме екеміз?!

Сол шұбарға мінген соң,

Қоңыраулы найза қолға алып,

Қоңыр салқын төске алып,

Қол төңкерер ме екеміз?! – деген Ақтамберді жыраудың поэзиясы – қазақ халқына тән жауынгерлік рух пен елі мен жеріне деген сезім идеясының биік деңгейін көрсетеді.       

                                  

Күреспен өткен өмір

Ақтамберді жыраудың жыр-толғаулары тарихи өмір шындығын еш бояусыз суреттеумен адамға ой салып, рухтандырып, ғасырлар аттап жеткен, бабадан қалған жадыңдағы ұйықтап жатқан сезімді оятады. Бұл өз тегіңнің қанымен бойыңа сіңген қуаттың, жігердің ұдайы жаңғырып, рухыңды көтеріп, серпіліс әкелетін қайсарлықтың қуаты, сарқылмас күштің көзі сияқты қасиетті сезім екенін көрсетеді. Ақтамбердінің шығармаларында поэзиялық толғаныстарының көбіне нақылдық сипатта болуы сол замандағы қазақ жұртының өмірімен, аңсаған арманына жетсем деген мақсаты мен мүддесіне тікелей байланысты болуында. Ақтамбердінің жыраулары өзінен бұрын өмір сүрген жыраулар Доспамбет, Шалкиіз дәстүрлерін жауынгерлік, күрескерлік идеямен жалғастырған ізбасары екені аян. Оның шығармаларындағы поэзиялық толғаныстары өз заманындағы қазақ жұртының өмірімен, қалыптасқан әдет-ғұрпымен, тіршіліктің мақсаттарымен байланысып жатады. Өз халқының жүрегінің лүпілін естіп, оның қасіреті мен шерін ұғып, көкірегі қарыс айырылатын Ақтамбердідей жырау ғана жұртының үніне үн қосып, сол тығырықтан шығатын жолдың барын айтып, үміт отын жағады. Ақтамберді батырдың ел тағдыры үшін күреспен өткен өмірі, артындағы ұрпағына қалдырған өшпес құнды мұрасы, халқының жүрегінде мәңгі орын алатын аманаты сияқты. Ақтамбердінің қазақ елінің тағдыры үшін күрескен, халқының келешегі үшін өмірін сарп еткен тұлға екенін өз замандастары да, кейінгі заманның ойшылдары, ақын-жыраулары да бағалап кеткені белгілі. Мысалы, Ақтамберді заманында өмір сүрген Үмбетей жыраудың «Ей, Ақтамберді, Қабанбай!» деген толғауы, ХІХ ғасырда елінің азаттығын армандап өткен ақын-жырау Дулат Бабатайұлының «Ер Еспембет» жырындағы Ақтамберді жыраудың батыр, көреген қолбасы деңгейі, ХХ ғасырда Әріп Тәңірберген ақынның «Біржан мен Сара» дастанындағы Ақтамбердіні дәріптеуі мен Құрбанғали Халидтің 1911 жылы Қазанда басылып шыққан «Тауарих хамса» кітабындағы батыр-жыраудың ел тарихындағы орны жайындағы жазғандары Ақтамбердінің өмір жолы мен ұрпақ тәрбиесі туралы өсиеттері бағалы құндылық екенін ұқтырады. Ақтамбердінің от шашқан жалынды жыр-толғауларының әсерінен кеуделерінде өз халқына деген сезімдері оянып, бодандық өмірге қамалған қазақтың келешегін ойлап, жүректері қан жылаған, өмірден зарлаумен, арманмен өткен ізбасарлары болған. Олар ХІХ ғасырда Дулат Бабатайұлы, ХХ ғасырда Міржақып Дулатұлы мен Шәкір Әбенов, тағы басқалар болуын ұмытпайық. Оны зерттеу ізденістері анықтайды.

Қазіргі ұрпақты жаңа ұлттық сана деңгейіне тәрбиелеу қажет кезеңде Ақтамбердінің шығармашылық дарынын терең бағалау, оның өлең, нақыл жыр-толғауларын іздеу, ғылыми зерттеулер арқылы шығармаларының философиялық, поэзиялық және рухани тәрбие беретін құндылықтарын толықтыратын ғылыми ізденістердің әлі қажетті жолға қойылмай отырғаны белгілі. Бодандық кезең мен Кеңес заманында қазақ халқының намысын, мүддесі мен арманын және ел бостандығын ойлағандардың аттарын атауға тыйым салынғандықтан, талай оның жолын ұстанғандардың аты аталмай жүр. 

Халқымыздың бойындағы өткен өмірден қалыптасқан құлмінездік санадан арыла алмауы еліміздің жаңа қоғамдық сана негізінде рухани дамуын тежеп отыр. Егеменді тәуелсіз ел болсақ та, жаңа ұлттық сананың қалыптасуына тежеу болып отырған осы кемшіліктің ықпалы екені белгілі. Ақтамбердінің қазіргі бізге белгілі өлең-жырларының саны жиырма алтыдан аспауы өкінішті. Осы мәселеге көңіл аударып, жүйелі ғылыми ізденіс жұмыстарын жандандыру келешек ұрпақ үшін қажет. Ақтамберді туралы тарих және ұлт әдебиеті ғалым-зерттеушілерінің терең жазылған мәліметтері аз және бір жүйеге түспеген, бірінің жазғанын бірі қайталаған, арнайы ізденіс пен талдаулардың аздығы ойландырады. Осы кемшіліктердің орнын келешекте жас ғалымдар толтыратын шығар деген үмітті іске асыру қажет. Дарынды жастарға осы аманат болуы керек. Келешектегі жастардың өмірі жаңа кванттық ғылыми жетістіктердің ықпалымен қалыптасатын, ақиқатқа сүйенетін қоғамдық сананың пайда болуына байланысты тек нақтылы ғылыми дәлелі айқындалған тұжырымдарды ғана қабылдайтын болады. Яғни, қазіргі қоғамдық санада орын алып отырған трайбализм, жершілдік, саяси қажеттіліктердің қоғам өміріне әкелетін ықпалы жойылуы ықтимал. Сондықтан өз халқының намысы мен келешегін қорғауды ту ғып көтеріп, қазақ елінің тәуелсіз, азат, дәулетті, бай ел болуын аңсап, бар ғұмырын осы арманына жетуге жұмсаған батыр-жырау, қоғам қайраткері Ақтамбердінің өткен жолын, оның ой-қиялына ықпал еткен себептерін анықтау үшін терең зерттеулер, ізденістер мен құштарлық және табандылық қажет. Осындай мақсат қойып, соны орындағанда ғана оның өмір жолы мен азаматтық ұстанымының келешек ұрпаққа тәлім, жігер беретін қуаты ашылады.                  

Жыраудың өмір сүрген кезі Абылай ханның заманына тура келуі және екеуінің ой-армандарының бір арнада тоғысып, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте бір тудың астында болып, бір мақсатқа жетуді армандағаны аян. Барша жұртты жауға қарсы күреске шақырған Ақтамбердінің Отанға деген сүйіспеншілігі мен қазақ халқының азаттығын аңсаған отты жырлары ел ішіндегі батырларға тез танылып, олардың беделіне ие болуы оның Абылай ханмен арақатынастарының жақын болуына ықпал еткені белгілі. Ақтамбердінің одан көп нәрсені үйреніп, тәлім алғаны да аян. Ол басқа да ел келешегіне жүрегі ауыратын батырлармен бірге Абылайдың Қазақ хандығының бөлшектенбей, бір ғана мемлекет болуына ықпал етті. Өйткені Қазақ хандығы 1715 жылы Тәуке хан қайтыс болған соң, мұрагерлері хандықты басқаруға дәрменсіз болып, араларында таққа талас күшейіп, билікке дәмелі хан тұқымдары мен сұлтандар топтарының сепаратистік пиғылдары Үш жүздің өз алдына жеке билік құруын көздеді. Бұл Қазақ хандығының құлдырауына жол ашып, ел келешегіне қауіп төндіретін, бірліктен ажырататын қатерлі бағыт еді. Сол кездегі Ресей империясының отарлық саясаты мен жоңғарлардың қанқұйлы жаулаушылық зардабынан қасірет шеккен қазақ елінің тағдыры қыл үстінде болған жағдайынан шығатын бір-ақ жол – ел билігіне ие болатын батылдығы да, дарыны да бар, қайсар қолбасшы, артынан ел еретін көшбасшы керек болған. Бұқар жырау бастаған, Қабанбай батыр мен Бөгенбай батыр қостаған барлық қазақ батырлары қазақ жерін бір тудың астына біріктіретін көшбасшы деп тек Абылай ханды таныды. Абылайдың бүкіл қазаққа хан болуын жұртқа ықпалы бар элита өкілдері де қолдаған. Солардың ішінде Ақтамберді, Тәттіқара, Жанкісі жыраулар болғаны тарихи шындық.

Қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан тазарту кезінің аяғында болған Ақшәулі соғысында орасан ерлік көрсеткен Бостан батыр қаза табады (сол жер Бостан батырдың жотасы деп аталады). Сол соғыста Ақтамберді де ерлігімен көзге түседі. Ақшәулі соғысы қазақтың көне қонысы, шығыс жері мен Жетісу өңірін басқыншылардан тазартуға жол ашып, соңғы шешуші ұрыстарға дайындыққа мүмкіндік бергеніне қазіргі тарих мамандарының көңіл аудармай жүргені аян. Сол ұрыстан кейін Ақшәулі баурайында, Қарақол өзенінің бойында Абылай хан шатырын тігіп, жаз бойы қазақ жерінен жоңғарларды толық қуып шығатын ұрыстарға әскери дайындық жасаған. Кейін сол жерді Абылай ханның қасиетті шатырын тіккен Қабанбай, Бөгенбай бастаған қазақ елінің барлық батырларының маңдай тері сол жердің топырағына сіңген деп жергілікті жұрт «Қосқонған» деп атап, естерінде сақтап келеді. Ақшәулі соғысы туралы ғалым тарихшылардың, облыс, аудан азаматтары мен зиялы жерлестерінің жазған деректерін іздесең, таба алмайсың.

Қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан тазартқаннан кейін Ақшәулі өңірін Қабанбай батырдың ұсынысымен Абылай хан Ақтамберді батырға қоныс етіп бекітіп берген екен.

 

Арманда кеткен бабамыз

Ақтамбердінің ұрпақтары Тарбағатай тауының табиғи байлығы ерекше, сұлу Ақшәулі тауының баурайының теріскейі мен батыс жағына қоныстанған. Ақтамбердінің мал ұстаған балалары қыс кезінде малдарын терістіктің желді ызғарынан қорғайтын Ақшәулі тауының ішінде ұстап, қар кеткен соң, жазы ұзақ, шыбыны аз, малға жайлы кең жер – Қоңыртаудың теріскейіне көшіп, қар жауғанда таудағы қыстауға келеді екен. Ал Ақшәулі тауының батыс жағына Ақтамбердінің ұрпақтарымен бірге жақын ағайындары Сыбан атаның балалары және басқа қазақ рулары мен көшпенді бауырлас елдердің өкілдері (қарақалпақ, қырғыз тағы басқа жұрт өкілдері) болып, бір атаның баласындай араласып, жазда малдарын жайлауға шығарып бағып, егіншілікпен айналысқан екен. Қарақол өзені мен оған құятын кішігірім өзендерден тоған, арықтар тартып, суларын пайдаланып, егіншілікпен айналысып, арпа, тары, сұлы егіп, отырықшылық өмірге көшеді.

Ақшәулі бауырында қыстайтын жер үй, қоралар алып, жаз кезінде малдарын бағып, егін егуді де меңгере бастайды. XVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың ортасы кезінде Ақшәулінің батыс күнгей етегінде Сасықбұлақ, Мыңбұлақ, Қожалар ауылы (Қарабұлақ), Сыбан ауылы (Жаманегін), Ақымбет ауылы (Қарақол), Егінсу (Ескі қора) деп аталатын қоныстар болған. Олар қыстайтын жер үй, қоралар салып, жаз кезінде малдарын бағып, егін егуді де меңгере бастайды. Тау өзені мен бұлақтар суынан құнарлы жерде егіндері жақсы өнім беріп, өмірлері өзгере бастаған соң, Сыбан ауылының тұрғындары ауылына іштарлықпен көре алмайтындардың көзі тимесін деп, «Жаманегін» деген жаңа атау берген екен. Ақшәулі бауырында Ақтамберді ұрпақтарымен бірге сыйластықпен өсіп, өмір сүрген жұрт жазда малдарын жайлауға шығарып және Жаманегін, Жетімбұлақ, Қарақол, Егінсу жерлеріне егін салуға жер жетіспеуіне қарай, ойдағы Лайбұлақ, Текебұлақ өзендеріне егін салыпты.

ХІХ ғасырдың аяғында Ресейден қоныс аударып келген орыс мұжықтарын Ақшәулі баурайындағы табиғаты сұлу, бай өңірге қоныстандыра бастағанда, қазақтар наразылық көрсетеді. Қарсылық күресін ұйымдастырған Ақымбет руынан шыққан Торғайтегі Кесікбайұлы Тұрлыбай халықтың қолдауымен он жылдай Ресей патшасының шешіміне қарсы күрескен. Ол Ақшәулі аймағының сайларына бірде-бір бөтен жұртты кіргізіп, аяғына таптатпайық, бұл батыр Ақтамберді бабамыздың қасиетті қонысы деп, келгендердің салған үй, қораларын түн жамылып өртеп, малдарын таудан алыс жерлерге айдап апарып тастап, мазаларын алып отырған. Ақшәулінің теріскейінен молдауандарды, батысынан орыстарды қуған. Оны жергілікті халық бай мен кедей болып қолдапты. Жұрт жоғары жақтан биліктің оны ұстап беру туралы талаптарын орындамай, өкіметтің жергілікті өкілі старшиналарын бақылауда ұстаған. Тұрлыбайды ұстауға әдейі Сергиопольдан келген казачьи отрядтарын амалын тауып, қарусыздандырып, көліктерін айдап әкетіп, қан төкпей жаяу қайтарып отырған. Халық қолдаған қарсылықтың нәтижесінде көшіп келген орыс мұжықтары бұл жаққа қоныстанудан бас тартып, кетіп қалған. ХХ ғасырдың басында ғана Украина жерінен ауып келгендер жергілікті халықпен тіл табысып, таудан алшақ Көктөбе жазығында орналасып, жергілікті жұртпен санасып, сыйласып, араласқан екен. Көктөбе қонысының аты Кеңес өкіметі орнаған соң, жиырмасыншы жылдардың ортасынан Знаменко деп аталған. Тұрлыбай дүниеден өтерінде ұрпағына: «Ақшәулі – Ақтамберді бабамыздың қасиетті қонысы, оның бір сайына бөтен жұрттың аяғы тимесін, қорғаңдар», – деп өсиет айтып кеткен екен. Ақшәулі тауы аймағының бір сайы, бір бұлағы ешқашан да бөтен жұрттың тілінде аталмаған.

Ақтамберді жырау тоқсан үш жасында дүние салыпты. Туған жердің топырағын жастанар алдында айтқан толғауында жырау өзінің өмірлік мақсаты орындалғанын, елінің азат хандығын көрсе де, «батырларша оққа ұшпай, төсекте жатып тек өлгендігіне өкініп, қан майданда ерлікпен өлу арманы болған» деген артында сөз қалған екен. Бала кезінен қайсар, өршіл болып қалыптасқан мінезі шынықтырған Ақтамберді батыр кәрілікке тізе бүкпей, өмірінің соңына дейін халқының тағдырын ойлаумен көз жұмған. Ақтамбердінің мазары қазір Абай облысы Абай ауданы мен Аягөз ауданымен шектескен Құндызды Қос өңіріндегі Шет өзенінің шығысында, Жүрекжота деген төбенің басында орналасқан. 

Қазір қазақ баспаларында оның өмірден өткен жылы 1768 деп ресми жазылып жүр. Ал Қытай архивтерінде сақталған материалдарда 1769 жылы Циндік Қытайдың шекарасына бірде 40, бірде 20 бас өтіп кеткен қазақтардың малдарын қайтару үшін Ақтамберді бастаған билер барып, өзара келіссөз жүргізіп, алып қайтады екен. Және байқамай қателесіп, шекарадан өтіп кетіп, тұтқынға түскен адамдарды да елге қайтаруға көмектесіпті. Ақтамбердінің жасы ұлғайған өмірінің соңында да ел арасындағы даулы мәселелерді шешуге дипломатиялық істерге араласқанын дәлелдейді. Осы деректің терістігін дәлелдейтін бізде құжат бар ма деген сұрақ туады. Ол кезде қазақ елінде архив жүйесі болмаған. Сонда осы жазылып жүрген 1768 жыл деген дерек қайдан алынды? Осы күмән туғызатын мәселені анықтап, түзету қажет.

Батыстық еуроцентризм ықпалымен тәлім-тәрбие алған біздің замандастарымыз бабалар рухы мен руханиятынан ажыраған, құлмінездіктің құрсауынан шыға алмай жүргендіктен, әлі Ақтамбердінің асқақ үнін ұқпай, жігерсіз өмір сүріп келеміз. Бұл – өмір шындығы. Осы кемшіліктерді түзетуді, бабалар рухын жаңа деңгейге көтеріп, халқының арманы мен мүддесіне жүректері ауыратын өсіп келе жатқан дарынды ұрпағымыздың жеңіске жетуін тілейік. Өмір өзгеру үшін бай, кедей, ел билеп отырған элита, зиялылар және қатардағы қарапайым адам деп бөлінбей, барша қазақ халқын құрап отырған әр азаматтың санасы (өзі) өзгеруі қажет. Сонда ғана қоғам өзгереді. Олай болмаса, ешқашан да әділдік, теңдік сақталатын, табиғи байлық өз жұртының несібесі болып, дәулетті ел қатарына қосыла алмайтынымызды ұғайық. Сол деңгейге көтерілсек, Ақтамберді бабамыздың арманы, аманаты орындалады. Ел бірлігі нығайып, ынтымақпен өмір сүру үшін әр адам өз халқының ары мен намысын қорғайтын, адал, енжарлықтан арылған, парасатты болуын тілейік.

  Болат ДҮЙСЕМБІ

 

23.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26615
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26049
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43439
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39226
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43845