Атырау облысында тарихи маңызы зор Ақтөбе-Лаэти қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру бағытындағы құрылыс жұмыстары қолға алынды. Жоба облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр.
Нысанды осы жылдың аяғына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Жоба аясында кіреберіс бөлікте әкімшілік ғимарат бой көтереді. Сонымен қатар 2018-2019 жылдары жүргізілген археологиялық қазбалар барысында анықталған тарихи нысандарға ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіледі.
Тарихи ескерткіштерді сақтау мақсатында олардың үсті арнайы қорғаныш жабындарымен қамтамасыз етілмек. Бұдан бөлек, аумағы абаттандырылып туристер мен жастарға арналған садақ ату алаңы да салынады.
– Ақтөбе-Лаэти қалашығы Алтын Орда дәуірінде қолөнер мен сауда-саттық дамыған ірі орталықтардың бірі болған. Сондықтан бұл бастама тек бір нысанды жаңғырту емес, тұтас бір тарихи кезеңнің келбетін қайта жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам.
Бұл жер – ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігін, экономикалық және мәдени байланыстарын айғақтайтын бірегей мұра. Ескерткішті сақтау арқылы біз өскелең ұрпаққа өткеннің өнегесін жеткізіп, орналасқан өңіріміздің тарихи маңыздылығын айқындай түсуіміз керек, — деді облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев.
Атап айту керек, XIII-XV ғасырларға жататын тарихи шаһар Атырау қаласына қарасты Томарлы ауылынан шығысқа қарай екі шақырым жерде орналасқан. Қалашық Алтын Орда кезеңінің маңызды ескерткіштерінің бірі ретінде саналады.















