Облыс әкімі Ералы Тоғжанов тиісті тапсырманы «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын жүзеге асыру сұрақтары бойынша жиында берді.
Жиынға бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары және Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері қатысты.
Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев баяндама жасады.
Ақтөбе облысында 281 ауылдық мектеп бар болса, оның 262-сі немесе 93,2 пайызы жылдамдығы 8 Мбит/с және одан жоғары интернетпен қамтылған. 19 ауыл мектебінде бүкіләлемдік желіге қосылу жылдамдығы секундына 4 мегабиттен аспайды.
Аталмыш мектептердегі интернет жылдамдығын көтеру жұмыстарын тездету тапсырылды.
«Білім басқармасы цифрлық технологиялар басқармасымен және байланыс операторларымен бірге осы аптада техникалық мүмкіндіктермен жұмыстанып, мектептердегі байланыс сапасын жақсарту жолдарын ұсыну керек»,- деді Е.Тоғжанов.
Бұдан бөлек, шалғай елді мекендердегі медициналық мекемелерді кеңжолақты интернет желілеріне қосу және жыл соңына дейін Ақтөбе қаласы аумағындағы 5 мың гектар жерді цифрландыру тапсырылды.
Жалпы «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы 44 көрсеткіштен тұрады, оның 12-сі 2021-2025 жылдарға арналған Ақтөбе облысын дамыту бағдарламасына енгізілген. Әсет Отарбаев ұлттық жоба қойған міндеттерді жүзеге асыруда проблема жоқ екеніне және бәрі кесте ойынша жүріп жатқанына сендірді.
Өңір басшысы бұл сұрақты үнемі бақылауда ұстап, барлық бағыттар бойынша мәліметтердің шынайылығын қамтамасыз етуді, сонымен қатар, онлайн форматтағы мемлекеттік қызметтердің үлесін арттыру және ІТ мамандары даярлау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.