Ақтөбедегі «Азат» қозғалысы

Ақтөбедегі  «Азат» қозғалысы

Биыл Қазақстанның өз тәуелсіздігін ресми түрде жариялағанына 30 жыл толады. Ал бұған дейін қазақ халқы айырылып қалған өз тәуелсіздігін қайтару үшін қаншама күрес жүргізгенін халық та, тарихшылар да жаңғыртып айтып жатыр. Сондықтан мен тек 20 ғасырдың соңғы жылдары өзім куә болған, өзім араласқан саяси жағдайларды және күрескер азаматтар туралы әңгімелеймін.

Күреспен өткен жылдар

Демократиялық өзгерістер республикаларда ұлт тілдерінің қолданыс аясын кеңейтіп, мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеру мәселесін де күн тәртібіне шығарды. Қазақстанда осы қазақ тілі мәселесі өте ушығып, ұлттық тілдің қолданыс аясы тым тарылып, қалаларда қазақ тілді мектептер саны өте аз еді. Қазақ азаматтары мен тіл мамандарының белсенді күресінің нәтижесінде қазақ тілінің мәселесін шешу мақсатында Қазақ тілі қоғамы дүниеге келді. Осы қоғамдағы айтыс-тартыс пен өзгерістер Ақтөбелік азаматтарды да бей-жай қалдырған жоқ. Ақтөбелік белсенділер Сәлім Өтен, Серік Ерғали, Сұлтан Тәшкенбай, Естай Жайлыбай, Көшкінбай Ахметов, Шералы Бәйімбетов сияқты жастар осы қоғамдарды құруға бел шешіп араласып кірісіп кетті. Ақтөбеде экологиялық мәселелер бойынша құрылған «Жем» антиядролық қозғалысы Байғанин ауданындағы жер асты жарылысы жасалған аймақтың мәселесін көтеріп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық, денсаулық сақтау жағдайын жақсартуды қолға алды. Олардың ұйымдастырған алғашқы митингілерін милиция жасағы тоқтатып, бөлімге апарып, өздерімен әңгіме жүргізумен шектелді. Осы «Жем» қозғалысы, Қазақ тілі қоғамдарына мүше болған Серік Ерғали мырза бұл көтеріліп жүрген өзекті мәселелердің шешуі саяси жүйеге келіп тірелетінін көріп, олардың түбегейлі шешу жолдарын іздестіру үшін әрі пікірлестер табу мақсатында «Алдаспан» саяси пікірлесу клубын ұйымдастырды. Ол клубқа жоғарыда аталған азаматтар мен осы мәселелер толғандырып жүрген басқа да белсенді жастар келіп, мүше бола бастады. Клуб жиыны қаладағы саяси ағарту үйінде өтетін. Оны сол кезде Абдуллаев Нұртаза аға басқарған болатын, Компартия мүшесі болса да бізге әрқашан оң көзімен қарап, жиналуымызға еш кедергі жасамайтын. Клуб жиынына тек қана мүшелері ғана емес, әртүрлі көзқарастағы адамдар қатынаса беретін. Кей жағдайда қажет деп тапқан мамандар мен саясаткерлерді арнайы шақырып, пікір таластыратынбыз. Негізгі көтерген мәселелеріміз – қазақ тілін өркендету, қазақ мектептерін ашу, экологиялық зардап шегіп отырған аудандар мен ауылдарға жағдай туғызу, аудандар мен ауылдық жерлерге қазақ тілді теледидар, радио тораптарын орнату (облыс  аумағының 70% қазақ тілінде теледидар көре алмайтын, тек Мәскеу хабарларын орыс тілінде қарайтын), баспана мәселелері, қоғамды демократияландыру т.т. Ашықтық пен жариялылықты пайдаланған тек біз сияқты ұлт мүддесін көздейтіндер ғана емес, ашық шовинистік көзқарастағы немесе КСРО саясаты мен жалған интернационализм идеясын жақтайтындар да өз мүдделеріне сәйкес қоғамдар құрып, қазақ тілі мен ұлттық мүдделерге қарсы шабуылды күшейтті. Біздің мүшелеріміз пікірталас кездерінде олардың қитұрқы әрекеттерін сауатты да байыпты түрде әшкерелеп, тойтарыс беріп отырды. Айта кетерлік жайт, біздің қатарымызда сол кезде университет оқытушылары, доцент-профессорлар, дәрігерлер, инженер мамандар,заңгерлер, әртүрлі саладағы журналшылар өте көп болды. Кейін осының бәрін ескере отырып, ұлттық мүддеге сай жұмыстарымызды кедергісіз заңды түрде кеңінен жүргізу үшін ұйым жарғысын түзіп, оны құрылтай жиналысын өткізіп бекітіп, «Алдаспан» Қоғамдық Саяси Бірлестігі етіп, тіркеуден өткіздік. Сөйтіп, облыс аумағында заңды тіркелген, жұмыс жүргізуге құқы бар алғашқы қоғамдық ұйым болып құрылдық. Өз үніміз – қоғамдық саяси «Алдаспан» газетімізді аштық.

 

Қозғалыс қалай күш алды?

1990 жылдың көкек айында Ақтөбеге Қазақстанның «Азат» азаматтық қозғалысының тең төрағаларының бірі Сәбетқазы Ақатай (сол уақыттарда демократиялық қозғалыстарда бір төраға емес, құқықтары бірдей тең төрағалар сайланатын, «Азат» қозғалысының 7 тең төрағасы болды) мен «Азат» газетінің бас редакторы Батырхан Дәрімбет мырзалар келіп, біздің «Алдаспан» бірлестігінің басшыларымен кездесті. Бірнеше күндік кездесу барысында Сәбетқазы мен Батырхан біздің қоғамның құрамы мен атқарып жатқан жұмыстарымен танысып, жақсы баға берді. Әңгіме соңында олар «Алдаспан» бірлестігіне толық құрамымен «Азат» қозғалысына кіруді ұсынды. Бұл ұсыныс бойынша, егер біз «Азатқа» қосылатын болсақ, онда қоғам өз жұмысын тек «Азат» қозғалысының Ақтөбе облыстық бөлімі ретінде ғана жүргізуі тиіс болды. Ойлануға берілген уақыт өз арамызда қызу пікір талас туғызды, өз қалауымызбен барлық қиындықтарды жеңіп ұйымдастырған қоғамды осылай әрекетсіз жауып тастау оңай шаруа емес-ті. Дегенмен, ұлт бірлігі мен саяси күрес заңы бірігуді қажет деп тауып тұрғандықтан көпшілік дауыспен «Азат» қозғалысына қосылған дұрыс деп шештік. «Алдаспан» бірлестігін жаппай-ақ оның жарғысында көрсетілген ұлттық мәдени шаралар сияқты әрекеттерді осы қоғам арқылы жүргізе беруге келістік. Ал саяси мәселелер мен билікке қарсы әрекеттерді «Азат» қозғалысымен байланыста жүргізетін болдық. Жас болсақ та танымал белсенділік амбициямызды тәуелсіздік пен ұлт бірлігі үшін күрес жолына жеңдірдік. Бұл әрекетіміз қазіргі оппозициямыз деп жүрген белсенді жастарға бірігуге үлгі болса деген тілегім бар. Біріге көтерген жүк жеңіл ғой, тіркеле алмай жүрген партиялар бір-біріне жау болып, жамандап сынай бермей, ең болмағанда тіркелу мәселесінде қолдаса деген ой келеді.

«Азат» басшылары біздің бұл шешімімізді зор түсіністікпен қуана қарсы алды. Енді аудандарда «Азат» қозғалысының бөлімшелерін құруға белсене кірісіп кеттік. Облыстық бөлімнің құрылтайын жақсы дайындықпен өткіздік, жиналған халық Сәбетқазы Ақатайдың, Батырхан Дәрімбеттің, «Азат» қозғалысының басқа да өкілдерінің сөздерін ықыласпен тыңдап, рухтанып қарсы алды. Қарапайым адамдар сөз алып, жоғары деңгейде пікірлесті. Маңғыстаудан Жаңаөзен көтерілісінен кейін құрылған «Парасат» қоғамын Сайын Шапағатов ағамыз бастап келген, осы бір топ маңғыстаулық делегаттар да құрылтайымызды жоғары деңгейге көтеріп тастады. Оралдан келген Аманжол Зейнуллин, Нұрлыбай Қошаманұлы Сисенбай, Айсұлу Қадырбаева т.б. делегаттар, Қызылорда, Қазалы, Арал, Сексеуіл, Шалқардан келген делегаттар да сөз алып, орынды пікірлер айтты. Желтоқсан партиясынан Ермұханбет Қуандықов  деген жігіт те өз пікірін ортаға салды. Жалпы осы жиын біздің алдағы жасайтын жұмыстарымыздың бағыт-бағдарын айқындап берді. Теледидарда жұмыс істейтін жігіттердің көмегімен осы жиын толыққа жақын теледидардан берілді, үзіндісін қазір де көруге болатын сияқты. Осының өзі Компартия билеп тұрған заманда БАҚ өкілдерімен жақсы байланыста болып, өз идеяларымызды халық арасына таратуға мүмкіндік алғанымыздың айғағы. Аудандарда «Азат» қозғалысының бөлімшелерін ашу оңайға соққан жоқ, себебі «Азаттың» ұлтшыл демократиялық бағытынан хабардар Компартия басшылары небір қитұрқы әрекеттерге барды. Ойыл ауданындағы бөлімшені құруға барған кезімде, біздің алдымызды ораған обкомның өкілі халыққа баяғы Алашорданың ізбасарлары экстремист ұлтшылдар келе жатыр деп хабарлап қойыпты. Жиналыс өткізетін орынға рұқсат бермегендіктен жиналған он шақты адаммен ойылдық белсенді Кәдіржан Жұмағалиевтың ауласында құрылтай өткіздік. Әңгіме барысында өз бағдарламамызды айтып, түсінік жүргізгеннен кейін халық ашылып, өз мәселелерін, тұрмыстағы әділетсіздіктерді, кейбір заң бұзушылықтарды айтты.  Осының бәрін К.Жұмағалиев газетке мақала етіп беретін болды. Мен өз тарапымнан Темір ауданындағы төрағамыз облыстық Кеңес депутаты Ізімғали Көбенов арқылы облыс басшыларына жеткізіп, шара алынуына жәрдемдесетінімді айттым. Жергілікті билік Кәдіржанға көп қысым көрсетіп, түрмеге жабуға дейін барды. Депутат І. Көбенов пен азаттық заңгер Төлеген Бөлектің құқықтық көмектерінің арқасында Кәдіржан ақталып шықты.

Саяси көзқарастары үшін Қарабұтақ ауданындағы «Азат» белсенділері де осындай қудалаушылыққа душар болды. Бауыржан Тоқабай деген «Азаткер» журналисімізді де қорғауға мәжбүр болдық.  Бұл бірлі жарым мысалды «Азат» қозғалысы сол кездегі партия кеңес органдарының назарынан тыс қалмағанын көрсету үшін келтірдім. «Азат» қозғалысының ең танымал, беделді қозғалыс болып қалыптасуына Темір ауданының бір топ азаматтарының қосқан үлесі мол болды. Ақиқатын айтайық, сол бір топ зиялы азаматтардың қажырлы еңбегі мен үлгілі істерінің арқасында аудандық компартия хатшысының өзі Нұрмұхан Өтепов «Азат» қозғалысына үлкен ілтипатпен қарады. Теміржол ауруханасының бас дәрігері, облыстық Кеңес депутаты Ізімғали Көбенов, заңгер Төлеген Бөлек, газет редакторы Ұзақбай Қауыс, мектеп директоры Темірхан Әділханов, журналист Меңдіхан Әділханов, соғыс және еңбек ардагері Сүлеймен Мырзабайұлы, туберкулез ауруханасының бас дәрігері Төлеміс Даркулов, мүгедектер қоғамының төрағасы Хамит Қырқымбаев, Шұбарқұдық УТП басшысы Ұзақбай Шынтеміров, белсенді жігіт Мұстафа Ақбалиев сияқты атпал азаматтар кез-келген түйінді мәселелерді бейбіт заңды жолмен оңынан шешілуіне ат салысатын.  Аталған азаматтардың бір бөлігі қазір өмірде жоқ болса да қасына марқұм деп қоспай кеттім, ұлт үшін еңбек еткен ерлердің алдынан жарылқасын, имандары жолдасы болсын.

 

Тәуелсіздігімізге жол ашқан «Тамыз бүлігі»

Мен одақтық шартқа неге қарсы екенімді, референдумда қарсы дауыс беретінімді айтып, Қазақ радиосының Ақтөбедегі меншікті тілшісі Сәбит Сүлейменовке сұхбат бердім. Референдум қортындысы әдеттегідей бұрмаланып, 90 пайыздан артып жығылды, Қазақстан одақ құрамында қалды. Референдум өткеніне қарамастан Одақтың ыдырауы күннен күнге күшейді, әсіресе Ресейдің Борис Ельциннің айналасына топтасқан демократияшыл күштері Одақ билігіне бағынбай, өз заңдарын қабылдай бастады, 12 маусым Ресейдің тәуелсіздік күні деп белгіленді, триколорды жиі көтеріп шыға бастады. Қазақстанның тәуелсіздігін талап еткендер де көбейді. Азат қозғалысының белсенділерінің бірі Жасарал Қуанышәлин Қазақстан билігінен Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауды талап етіп аштық жариялады. Бұл акция туралы хабарды «Азат» газеті Қазақстанның барлық аймағына таратып жатты. Дәл осы кезде Горбачевтың демалысқа кеткенін пайдаланған КСРО-ны сақтап қалуға мүдделі күштер бүлік бастады. Осы тамыздың 19-21 күндері болған бүлік тарихта «Тамыз бүлігі» деген атпен қалды. Бұған егжей-тегжейлі тоқталмаймын, бірақ Ресей басшысы Борис Ельциннің табандылығы мен демократияшыл жастардың қажырлы күресі және танкке қарсы тұрған үш орыс құрбанының төгілген қанымен бүлік артық қантөгіссіз аяқталды. Осы тамыз күндері кімнің кім екенін айқындап берді. Қазақстанның сол кездегі басшысы Назарбаев абдырап қалды, тіпті оны қорғауға тиіс қызмет те теріс айналған. Осы күндері Жасарал Қуанышәлі де аштықты тоқтатуға мәжбүр болды, ал «Азат» қозғалысының басшыларының бірі Сәбетқазы Ақатай сол күндері Назарбаевқа қолдау көрсеткенін айтып еді. Жергілікті жерлерде партия хатшылары Горбачевтың портретін бір күні алып тастап, бір күні қайта ілгізіп әуреге түсті. Сол күндері Ойылға барған Серік Ерғали Камаздың бортына шығып, митингіде жүрді. Орталықпен байланыс үзіліп қалды, ары қарай не істейтінімізді өзара ақылдастық. «Азат» қозғалысының Үйлестіру кеңесінен хабар алғанша күте тұруға келістік. Кейбір реакцияшыл күштер, яғни МҚК мен ІІМ қызметкерлері ұлттық демократиялық ұйым мүшелерінің тізімін жасап, қамауға дайындық жасай бастаған. Қарағанды облыстық МҚК мен Ақтөбе ІІБ бастықтарының осындай істері кейін әшкереленді. Кейін Ақтөбедегі генерал-майор Дихтярдың осындай шараға барғанын, бұйрық шығарып қойғанын сол органдағы мүшелеріміз арқылы біліп қалдық. Бүлік басылған соң облыстық биліктің құқық бөліміне осы туралы мәлімдегенімізде олар аса көңіл аудармай, немқұрайлы қарады. Кейін Серік Ерғали Алматыға барып, осы туралы «Азаттық» радиосының Қазақстандағы тілшісі Қиял Сабдалинге берген сұхбатында айтқанда сол кездегі биліктегілер бұл дәлелденбесе сендер сотталасыңдар деп қоқан лоққы жасады. Бірақ артынан Алматыдан келген Қазақстанның МҚК комиссиясы бұл құжаттың түпнұсқасы жойылғанмен, бұйрықтың нөмірі өзгертілгенін, біздің адамдар тапсырған ксерокөшірменің растығына көз жеткізіпті. Осы істің нәтижесінде генерал-майор Дихтяр кейін орнынан алынып, Ресейге көшуге мәжбүр болды. Осы Тамыз бүлігінің демократияның жеңісімен аяқталуы республикалар тәуелсіздігі шеруіне жол ашты, Компартияның биліктен айырылып, күйреуінің басы болды. Барлық жерде Комунистік партияның жабылуын талап еткен шерулер, митингілер басталып кетті. Біздің «Азат» қозғалысы да КОКП бұрынғы қылмыстық істеріне жауапты деп, әрі Қазақстанның ендігі жерде КСРО-да қалуына еш себеп жоқ, сондықтан тезірек Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялауын талап ете бастадық.

Азат қозғалысының съезінде Оралдық делегаттар көтерген ірі мәселе Оралда казак орыстар ұйымдасып, Кеңес Одағы бойынша казачество әскерлерін шақырып, Жайық казактарының Ресей патшасына ант беріп, қызмет ете бастағандарына 400 жыл болғандығын мейрамдайтынын, бұған жергілікті билік рұқсат бергенін, ал мұның арты сепаратизмге апаратын шара екені айтылды. Осыған байланысты съезд арнайы қаулы қабылдап, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне бұл тойды өткіздірмеуді талап етті. Егер бұл талап орындалмаған жағдайда Азат қозғалысы барлық мүшелерін Оралға шақырып, казактардың бұл шарасын тоқтатын ірі акция өткізетінін мәлімдеді. Біз де Ақтөбеге оралған соң қаладағы демократиялық қозғалыстар ұйымдастырған ірі митингке қатысып, өз жаңалықтарымызбен бөлістік. Басқа әртүрлі ұйымдармен бірге Коммунистік партияның таратылуын талап еттік.  Көп ұзамай Ақтөбе облыстық және қалалық ұйымдарының құрылтайын өткізіп, Азат қозғалысы мен Республикашыл партиясының облыстық, қалалық ұйымдарының жаңа құрамын бекіттік. Мен Ақтөбе облыстық «Азат» қозғалысының төрағасы, Жайлыбаев Естай – ҚРП Ақтөбе облыстық бөлімінің төрағасы, Айтқали Италиев – қалалық «Азат» қозғалысының, Серік Сапарғалиев – ҚРП қалалық ұйымының төрағасы болып сайландық. Осы кезең Оралдағы казачество ұйымының КСРО-ның Ресей аймақтарынан казак әскер атамандарын жинап, 400 жылдық мерекесіне шеру өткізу шарасын болдырмауға бағытталға Азат қозғалысының қарсы күресіне тура келді. Ақтөбеден «Азаттың» шақыруымен оншақты жігіт Оралға аттанып, басқа азаттықтармен бірге сепаратистерге қарсы акцияның басынан аяғына дейін қатынастық. Біздің жігіттер 113 адамнан тұратын арнаулы жасақ құрамында болды. Бұл туралы материалдар беріліп жүр, Нұрлыбай Қошаманұлы зерттеу мақалаларын шығарып жатыр, сондықтан тоқталмаймын. Ақтөбелік «Азат» қозғалысының басты істері – қоғам алдындағы өзекті мәселені айтып, көтеріп қана қоймай, оның шешу жолдарын көрсетіп, оған нақты әрекеттер жасауы болатын. Мемлекеттік органдардан қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту жөнінде тек талап қою ғана емес, нақты қадамдар жасалды. Біздің құрамымыздағы білікті дәрігерлер, іштерінде ғылым кандидаттары мен докторлар да бар, қазақша медициналық терминдерді кітап етіп шығарды, қазақша оқулықтар жазып, Медицина Академиясында қазақ топтарын көбейтті. Бірнеше аурухана таза қазақ тілінде қызмет көрсетуге кірісті. Амангелді Тыныбеков, Мұхамедияр Аманғалиев, Қайырбек Тоқтаров, Руслан Аманғосов, Қоянбай Шадыманов, Ізімғали Көбенов, Әсима Дүйсембина сияқты білікті дәрігерлер маңызды шаруалар атқарды. Өндіріс саласында еңбек еткен Кәрімхан Кикембаев, Шерәлі Бәйімбетов сияқты азаткерлер де өз ұжымдарында қазақ тілін жоғары деңгейге көтерді. Белгілі суретші Әнуар Өтеген-Тана да Азат қозғалысын қолдап,басқа өнер адамдарының арасында түсінік жұмыстарын жүргізді, бізге плакат, вымпел, жалау сияқты нышандарымызды жасап беріп отырды.  Бір топ іскер азаматтарымыз банк жүйесі мен салық құжаттарының қазақ тілінде жүргізілуін талап етіп, оны жүзеге асырды. Қайырбек Тоқтар, Сұлтанбек Тәшкенбай сияқты іскер азаматтар мен заңгер Төлеген Бөлек құжаттарды қазақ тіліне аудармағаны үшін Мемлекеттік Кірістер Министрлігін, оның басшысы Зейнолла Какимжановты сотқа беріп, жеңіп шықты. Сөйтіп бұл министрлік талап ететін құжат бланкілерін қазақ тіліне аударып, салық есебін қазақ тілінде қабылдайтын болды. Тағы бір нақты ісіміз сол уақыттағы үлкен шаруа  – баспанасыз отбасылардың мәселесі еді. Басқа жерлерде жастар Баспанасыздар қоғамын құрып, митинг өткізіп, баспана талап етіп шулап жүрді. Біз осы мәселені ойлана келе Серік Ерғалидың ұсынысымен бұрынғы Жастар Тұрғынүй Кешендерінің (МЖК) ізімен «Отау» құрылыс кешенін құрдық. Оны өндірістік құрылыс бірлестігі етіп тіркеп, баспанаға мұқтаж 30 адамның арызын жинап, мүше еттік. Олардың арыздарын алып, сол кездегі қалалық әкім Сержан Жаманқұловқа кірдік, жанымызда РИКА телекомпаниясының операторы болды. Әңгімеден кейін Сержан Боранқұлұлы жағдайды түсініп, «Отауға» 30 жер телімін бөлуге уәде етті. Марқұм Сержан ағамыз уәдесінде тұрды, қалалық архитектура бөлімі Оңтүстік Батыс аумағынан 30 жер телімін бөлді. Оны түгел мұқтаж қазақ отбасылары алды. Серік Ерғали өзі араласып, банктен есеп-шот аштырып, арнаулы техника мен көлік алуға жәрдемдесті, құрылысшы маман тартты, Бейнеуден ақтас алдыруға, Ақтөбедегі гипс блок өндірісімен келісім шарт жасауға мұрындық болды. Қысқасы, баспанасыздар өз қолдарымен өз үйлерін тұрғыза бастады. Бұл әрекет Азат қозғалысының беделін арттрып, халық жақсы қолдай бастады. Бұл тәжірибені кейін Қазақстан бойынша арнайы шақырылған Ақтөбедегі жиналысқа келген делегаттармен бөлісіп, құрылыс алаңын көрсетіп қайттық. Бұл жиын туралы С. Ерғали мырзаның «Бір фотоның тарихы» атты мақаласында айтылды.

Біздің Азат қозғалысы Ақтөбедегі беделді ұйымдардың біріне айналды. Ақтөбе облысында өтетін тарихи, мәдени, саяси шараларға міндетті түрде шақырту алатынбыз. Басқа саяси-қоғамдық ұйымдармен байланысымыз жақсы болды. Немістердің «Өрлеу-Возрождение» ұйымының басшысы В. Мунтаниол, Облыстық Кәріс ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Мойсей Ким, Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау қоғамының төрағасы Бердалы Хасанов сияқты белсенді азаматтар жиынымызға қатысып, өз ұсыныстарын айтып, біздің бастамаларымызға қолдау көрсететін. Жиын әдетте қазақ тілінде өтетін, аталған азаматтар қазақ тілін түсінетін.

Біздің Ақтөбе облыстық бөлімінің ұйымдық құрылымында бірнеше комитеттер болды. Тұрақты түрде жұмыс істеп тұрған хатшылық жұмысын марқұм Мәлік Дүйсебаев атқарды. Жеке азаматтармен және жергілікті әкімшілік органдарымен байланысты, әрі іс қағаздарын ұқыпты жүргізіп отырды. Оған тәжірибелі журналист, «Алдаспан», «Тіл-тағдыр» газеттерін шығарған ұлтшыл азамат Оразбай Жұматов марқұм бағыт беріп, жетекшілік етті. Екеуі де иманды болсын, алдарынан жарылқасын.

Жазбамды қортындылай келе, еліміздің тәуелсіздігін мақсат еткен Қазақстанның «Азат» азаматтық қозғалысы өз миссиясын адал орындады деп сеніммен айта аламын. Қазақстан өз тәуелсіздігіне қан төгіссіз қол жеткізе алды, ал бұған Ақтөбелік Алдаспан бірлестігі, «Азат» пен Қазақстанның Республикашыл партиясының облыстық бөлімдері мол үлес қосты.

Тәуелсіздік жолында тер төгіп, еңбек еткен, адал күрескен барлық азаматтарды түгел атап шығу мүмкін емес, сол үшін есімдері қалып кеткен азаткерлерден кешірім сұраймын. Ал өмірден өтіп кеткен бауырларымыздың алдарынан жарылқасын, имандары серігі болсын.

Сейілхан МҰСТАФА
09.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 77
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 82
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 183
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 183
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 322
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 325
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 547
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 493

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9198
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8595
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11822
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9591
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10805