Ақтүтек боранда ананы босандырған дәрігер

Ақтүтек боранда ананы босандырған дәрігер

Еліміздің біраз аймағы қаңтар айының алғашқы аптасын ақтүтек боранмен қарсы алды. Халықаралық және республикалық маңызы бар күре жолдар жабылды, қаншама жолаушылар жол бойында қалып, құтқару жұмыстары жүргізіліп, төтенше жағдай жарияланды. Әлеуметтік желілер мен теледидарда еліміздің әр аймағында боран құрсауында қалған жолаушыларды құтқарған төтенше жағдай қызметкерлерінің еңбектері мен ерліктері жазылып та, айтылып та жатыр. Ал, біздің шығыста 4 қаңтар күні ат құлағы көрінбес боранда Зайсан ауданында ерекше жағдай орын алды. Бұл қайсарлық пен ерлікті елемей кету мүмкін емес. Зайсан – Шілікті бағытында бұрқасын боранда жедел жәрдем көлігінде жас гинеколог дәрігер ана мен баланың өмірін сақтап қалуда тәуекелге барып, толғақ қысып бебеулеп келе жатқан ананы аман-есен босандырып алды. Жағдайдан құлағдар болған соң, «жақсыны көрмекке» деп, ертесімен Зайсан аудандық ауруханасының клиника диагностика бөлімінің сонолог және гинекология бөлімінің гинеколог дәрігері Мұхаметқалиева Іңкәрмен сұхбаттасуға келдім. Бір ерекше айта кететіні Іңкәр Мұхаметқалиқызы Зайсан аудандық ауруханасында жалғыз интернатура, резидентураны толығымен бітірген маман, 2- дәрежелі дәрігер акушер-гинеколог, хирург-гинеколог, сонолог.

– Сәлеметсіз бе, Іңкәр Мұхаметқалиқызы! Көңіл күйіңіз қалай? Әлеуметтік желіге назар аудардыңыз ба?

– Сәлеметсіз бе, рақмет! Көңіл күйім жақсы, көтеріңкі десем де болады. Әлеуметтік желіде жиі отырмасам да, кеңес сұраған аналар мен емделушілеріме дәрігерлік кеңесімді беремін. Сондықтан жаҺандық даму дәуірінде әлеуметтік желіге де уақыт тауып, назар аударып, өзімнің мамандығыма сай қажетті кеңестер мен мәліметтерді, салама қатысты жаңалықтардан ақпараттар алып отырамын. Әрине, кешегі орын алған жағдайдан кейін бір күннің ішінде әлеуметтік желілер мен сайттарда, бұқаралық ақпараттар құралының ресми сайттарында жұлдыз болып кеткендеймін... Дегенмен бұл менің күнделікті жұмысым ғой.

– Қасым Аманжолов ақынымыз «өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп жырлағандай, алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

– Мен 1990 жылы 16 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында дүниеге келдім. Орта білімді Зайсан қаласында қазақ мектебінің қарашаңырағы атанған киелі М.Әуезов атындағы мектептен алдым. Отбасында екі қыздың үлкенімін. Анам Қатира Шотанбаева аудандық ауруханада ширек ғасыр педиатр-неонатолог дәрігері болып қызмет етті. Әзірде еңбегін жалғастыруда. Орта мектепті бітірген соң, жарты ғасырдан астам тарихы бар Семей мемлекеттік медицина университетіне оқуға түстім. 2008-2015 жж. Семей мемлекеттік медицина университетінің «Жалпы медицина» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін, 2013-2015 жж. «Жалпы медицина» мамандығы бойынша интернатура біліктілігін, 2015-2018 жж. аталмыш оқу орнының акушерия және гинекология, соның ішінде балалар гинеколог дәрігері резидентурасын тамамдадым. Мамандығым – акушер-гинеколог, УДЗ дәрігері, бала және жасөспірімдер гинекологы. Жалпы 10 жыл медакадемияда оқыдым. Оқу ордасында білімді, білікті дәрігерлер мен профессорлардан дәріс алдым. Оқытушыларымның арқасында Ресейдің Омбы қаласында интернатураның 3 айын оқып, білімімді арттыра түстім. Омбы қаласында оқып жүріп ғылыми жобалар олимпиадасына қатысып, жүлделі 2-орын алдым. Жоғарғы оқу орнында көзге түсіп, аталмыш оқу орны интернатура мен резидентурамды осында оқуыма ұсыныс жасап, қалуымды өтінген болатын. Отбасым, туған-туыстарым білімімді елімізде жалғастыруымды өтініп, оқуымды қайтадан Семейде жалғастырдым. Жалпы резидентураны Астана, Павлодар, Алматы қалаларында оқыдым. Оқи жүріп УЗИ мамандығын да қоса алып шықтым. Оқуымды аяқтаған соң 2018 жылдан бастап туған жерім Зайсан қаласында, аудандық ауруханасында жұмысымды жалғастырудамын.

– Жалпы, білікті дәрігер болып жетіліп шықтыңыз. Үлкен қалаларға тартып кетпей, шалғайдағы ауданға келуге не себеп болды?

– Мен өзімнің туған жеріме бар жиған білімім мен тәжірибемді арнауым керек деп шештім. Облыс орталығынан 500 шақырым шалғайдағы Зайсан ауданына қандай дәрігер болмасын ауадай қажет. Ол маман болмаса, халық еріксіз қалаға қатынайды. Бастысы мен өзімді аялап өсірген туған жерім мен халқыма қызмет етуім керек деп міндеттедім. Жағдайым жақсы. Мемлекет тарапынан жас маман ретінде аудандық аурухананың қасынан көпқабатты тұрғын үйден жалдамалы пәтер берілді. Алған пәтерімнің барлық жағдайы жасалған. Су, газ – бәрі бар. Зайсан қаласы да үлкен қалалардан кем емес! Әлеуметтік және экономикалық дамуы тұрақты. Әлеуметтік нысандар, халыққа қызмет көрсету орталықтары барлығы бар. Бастысы ауа таза! Туған жердің көркейіп дамуына, әлеуметтік тұрмысының артуына неге атсалыспасқа? Маған туған қалам Зайсаным ұнайды.

– Дәрігерлік мамандықты таңдауыңызға не себеп болды? Жауапкершілігі мен ауыртпашылығы қатар жүретін мамандық сізге қиындық туғызбай ма?

– Жоғарыда өзіңізге айтып өткендей, менің анам Шотанбаева Қатира Мұхаметқалиқызы ұзақ жылдар Зайсан аудандық ауруханасында педиатр-неонатолог дәрігер болып еңбек етті. Зейнет жасына толса да аудандық аурухананың білікті эксперт дәрігері болып қызмет етуде. Анам өз мамандығының шебері. Жұмысына тиянақты әрі жауапкершілігі мол дәрігер. Бала кезімде анаммен еріп аудандық ауруханаға жиі келетінмін. Сонда анамның және әріптестерінің ақ халат киіп, науқастарға қызмет жасағандарын көріп, «өскенде мен де анам сияқты ақ халат киемін, мықты дәрігер боламын» деп іштей серт беріп, сол балалық арманыма ұмтылдым. Арманым орындалды. Отбасында туған-туыстар арасында дәрігер ағаларым бар. Отбасылық басқосуларда дәрігер мамандығы жайлы жиі айтылады. Сіңілім Айгерім қазір медакадемияның 4-курсында оқып жүр. Жалпы біздің отбасы аудандық медицина саласының династиясы десек те болады. 

– Сіз қызмет етіп отырған Зайсан аудандық ауруханасының жағдайы қалай? Осы уақытқа дейін қанша баланың кіндігін кесіп, әйелдерге ана бақытымен қауышуға ықпал еттіңіз?

– Аудандық ауруханада еңбек етіп жатқаныма алтыншы жылға аяқ басып барады. Соңғы уақытта аудандық перзентханада босанушылар да, жүкті әйелдер де көп. Осы күнге дейін қанша сәбиді аялы алақаныма салып, қанша ананы босандырып алғанымды санамаппын да. Жалпы дәрігердің міндеті ана мен баланы аман алып қалу, ана мен баланың денсаулығына жауапкершілік жоғары болғандықтан болуы керек, басқасына мән бермеппін де... Аудандық аурухананың перзентханасында өзге аудандарда жоқ жағдайлар жасалған десем артық болмас. Бүгінгі таңда сол аналарымызды, балаларымызды 1-ші, 2-ші,3-ші скрининг УЗИ-ін осы жерде өзім ө т к і з і п отырмын. Ота бөлімінде гинекологиялық палатаның гинеколог дәрігерімін. Перзентхана бөлімінде де дәрігермін. Жедел ота жасау қажет болса, Кесарь тілігі, жатыр мойын кистасы, аналық без кистасы сол сияқты шұғыл жасалатын оталарды да жасаймын. Ауруханамызда гинекологиялық ота жасауға арналған қажетті медициналық жабдықтар да бар. 

– Іңкәр Мұхаметқалиқызы, енді кешелі бері әлеуметтік желіде тараған жағдайдан сіздің шеберлігіңіз бен біліктілігіңізді, батылдығыңыз бен тәуекеліңізді ерлікке балап жатқан жағдай жайлы баяндап берсеңіз?

– Әрине, бұл жыл басындағы ерекше жағдай болды. Күнделікті жұмысымызды атқарып жатқанбыз. Кенет Зайсан ауданынан 60 шақырымдай таулы аймақтағы Шілікті ауылына қарасты «Дойка» қыстағына барған 1984 жылғы әйелдің толғағы қысып жолға шыққаны хабарланды. Өзіңіз біліп отырғандай, сол күні 4 қаңтарда Зайсанда ақтүтек боран тұрып, ауыл арасын қойып, қала ішінде қатынау мұң болып тұрған еді. Толғағы қысқан ананы ести сала нар тәуекел деп, бар жауапкершілікті мойныма артып, аудандық аурухананың жедел жәрдем көлігімен қасымда балалар мейірбикесі Оразахимова Үмітгүлді алып, сағат 10:00 шамасында жолға шықтық. Аудан орталығынан шыға беріс жол ашық болғанымен, сағат 11:00-ге қарай қауіпті жол аймағы бар, Шілікті тау жолына жеткенде боран үдей түсті. Алдымыз көрінбейді. Кейбір жол бөліктерін қар алып қалыпты. Жедел жәрдем жүргізушісі Бықаев Сымбаттың шеберлігі мен батылдығының арқасында қауіпті жерлердегі қасат қарларды бұзып отырып алға тарта бердік. Шілікті ауылына жақындай бергенімізде алдымыздан толғатқан әйелді әкеле жатқан көлік кездесті. Сағат 12:25-те жүкті әйелді жедел жәрдем көлігіне жатқыза бергенде-ақ босануға ыңғай танытты. Алдымен дереу тексерісімді жасадым. Баланың мойнына кіндігінің 3 рет оралып қалғанын және әне-міне дүниеге келейін деп тұрғанын әрі баланың бетімен келгенін байқадым. Бұндай жағдайда жүкті әйелге ауруханада кесарь тілігі жасалынады. Бірақ оған уақыт жоқ. Кесарь тілігін күтсек, баланың да, ананың да өміріне қауіпті. Тәуекелге бел байлауға тура келді. Көп ойлануға да, қорқуға да уақыт жоқ. Бірден медбикемен босандырып алуымыз керек деген шешім қабылдадық. Бірден бетімен келіп тұрған баланың положениесін ауыстырдық. Содан кейін мойнына 3 рет оралған кіндікті шешкен сәтте сағат 12:35-те кішкентай ғана тіршілік иесі шыр ете түсті. Бұл дауыс қанш а л ы қ т ы а щ ы болғанымен, толғатқан ана мен дәрігердің құлағына періштенің үні болып естілетіні анық. Міне сол үнді естіп, ана мен баланы аман алып қалған соң, барлық медициналық қажеттіліктерді жасап, қайта кері жол жүрдік. Боран екпіні басылар емес. Айдалада қалып қоямыз ба деген үрей бойымызды билеп алды. Мұндай сәтте дәрігер мен медбикенің тағы бір міндеті босанған әйелге психологиялық қолдау көрсету. Жол бойы көңілін аулап, ана мен баланың денсаулығының тұрақтылығын бақылап отырдық. Жүргізушіміз Сымбаттың шеберлігінің арқасында аман-есен аудандық ауруханаға да жеттік. 

– Қазір бала мен ананың жағдайы қалай?

– Ана мен баланың жағдайы жақсы. Жанымызды шүберекке түйіп отырып дүниеге әкелген сәбиіміз қыз бала. Салмағы 2 келі 300 грамм, бойы 54 см. Босанған ана мен балаға көрсетілетін медициналық жағдайдың барлығы жасалуда.

– Бұл сіздің дәрігерлік қызметіңізде алғаш кездескен ерекше жағдай шығар?

– Дәрігерлік қызметімде алғашқы жағдай болғанымен, бұндай жағдаймен мен бұрын да кездестім. 2017 жылы оқуда жүрген кезім еді. Астана – Семей бағытында пойызда келе жатқанбыз. Шамамен Семей қаласына 20-30 км қалғанда бір әйелдің толғағы қысып жатқаны естіліп, әп-сәтте вагонның іші у-шу болды да кетті. Вагонда дәрігер маманы болмағандықтан, толғатып жатқан әйелдің қасына баруыма тура келді. Қарасам, босануға дайын жатыр екен. Мөлшермен жүктіліктің 38- ші аптасы екен. Қ о л ы м д а ешқан - д а й медициналық құрал не спирт та жоқ. Көп ойланатын уақыт жоқ. Ана мен баланың өміріне араша болып, босандырып алуым керек деп шештім. Әрине, қорқыныш болды. Әуелі бір Алланың жәрдемімен, екінші өзімнің білімім мен батылдығымның арқасында ананы аман босандырып алдым. Вагон ішінен арақ табылып, сонымен сүртіп, көптеген шүберектермен баланы қымтап, кесетін құрал болмағандықтан, жолдасымен аман-есен ана мен сәбиді күтіп тұрған жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырдым. Ол да қыз бала болатын. Сол сәттегі қуанышыммен менің нағыз дәрігер болатыныма сенімім мен мақтаныш сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес еді.

– Қандай керемет! Бұл жағдай баспа беттерінде жарияланып, оқу орнында ескерілді ме? Босандырып алған ананың есімін білесіз бе?

– Жоқ, бұл жағдай сол сәттегі ғана бір уақытша кезеңдей өте шықты. Мүмкін жас болғандықтан ба, істеген әрекетімді сондай үлкен іс деп те ойламадым. Менің болашақтағы міндетім осы деп білдім. Кей кездері ол жағдайды, әрине, еске аламын. Ана мен сәбидің жағдайы не болды екен деп. Олар да мені ойлай ма екен, іздейтін де шығар деп... Бастысы ана мен баланы аман босандырдым, соған тәуба деймін. – Өте керемет! Іңкәр Мұхаметқызы, алтын уақытыңызды бөліп сұхбаттасқаныңызға алғыс білдіремін. Сіз студенттік және дәрігерлік тағдырыңызда да жолда ана мен баланың өміріне араша болып, аман-есен босандырып алыпсыз. Өзіңіздей адам өмірінің арашасы, ана мен баланың қорғаныш періштесіндей болған ақ халатты абзал жандар көп болса екен! Алдағы еңбегіңіз бен қызметіңізге мол табыстар мен үлкен абыройлар тілеймін. Сіз еңбек етіп жатқан Зайсан аудандық ауруханасының 100 жылдық мерекесімен құттықтаймын! Туған жердің қасиеті мен қадірін бір кісідей сезінген, отансүйгіш сіздей мамандарымыз көп болсын. Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан – Еркебұлан ЗАҒЫПАРОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ШҚО, Зайсан қаласы
12.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 30
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 63
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 22
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 26
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 32
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 28
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 59
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 63
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 262
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 258
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 880

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8956
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8350
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11576
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9334
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10560