Сіз кітап оқисыз ба?
Осы сауалды қойсаңыз, көп адамдар төмен қарайды. Бәрі түсінікті. Ондайға уақыты да, ықыласы да жоқ, «кітап оқы» деп ешкімді мәжбүрлей алмайсың. Кітап оқудың маңызын айтудың өзі де артық сияқты. Дегенмен де кітап оқитын адам мен оқымайтынның арасы жер мен көктей десек, артық айтқандық емес. Назарларыңызға кітап оқудың пайдасы туралы мақалалар ұсынып отырмыз. Кітап оқу жөнінде сіздің пікіріңіз қандай?
Пенде біткеннің бүгінде әр күні әлеуметтік желіге байлаулы. Бос уақытын кітап оқуға емес, телефонға үңіліп, әлеуметтік желілерді шарлауға арнайтын әдет бәріміздің бойымызда қалыптасты. Дегенмен жылт етпе жеңіл дүние сананы арбап жатқан осы заманда кітапқа деген құштарлығын сақтап қалған замандастарымыз арамызда баршылық.
Мәселен, мен де әлеуметтік желіге қарағанда кітапқа таңбаланған қараны құнды санайтынның бірімін. Өйткені «Мен бойымдағы жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын», – депті атақты жазушы Максим Горький. Демек, адам өзінің санасын кітап оқу арқылы жетілдіріп, адамшылыққа тән қасиетке кітап оқу арқылы қол жеткізеді.
Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Ғабит Мүсіреповтың: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген сөзі дәлел бола алады.
Бір айта кетер жайт, кітап оқуға деген құлшыныс біз секілді аға буынның бойында сақталған. Ал жастар арасында әдеби, тарихи кітаптарды оқып жүргендері аз. Бұған мен Байзақ аудандық орталықтандырылған (кітапхана директоры – Өмірбекова Салтанат) кітапханаға бас сұққан сәттерімде көз жеткізіп жүрмін. Онда кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің мамандары: Нұржамал Сапаралиева, Марта Сыздықова, Жанар Рахманқұлдар өз қызметтерін адал көрсетіп, алдына келген үлкен-кішінің сұранысына сай кез келген шығармасын тауып беретіні көңілді марқайтады.
Мүмкіндігінше кітапханаға барып, өзіме керекті газет-журналдарды ақтарып, әрдайым жаңа түскен кітаптарды да алып оқып отырамын. Өзім де әртүрлі тақырыпта ойда жүрген мәселелерді қағазға түртіп қоятыным бар. Оны кейде газет-журналдардың редакциясына жолдап, орайы келгенде жарияланып жатады.
Бүгінде әкем марқұм Наржанов Тойқараның жинаған кітап сөресінде көптеген кітаптары самсап тұр. Өзі қайда барса да үйге үзбей бір кітап болса да алып келіп, алғашқы бетіне қай мерзімде және қай жерден алғандығы туралы жазып қоюшы еді, жарықтық. Көзі кеткеннен кейін әкемнің осы әдетін мен жалғастырдым. Соның арқасында сатиралық «Ара» журналының бас редакторы болған, журналист, сықақшы «Көпен келе жатыр» пародиялық әзіл-сықақ театрының жетекшісі, оннан аса сатиралық кітаптардың авторы марқұм Көпен Әмірбектің және жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабековтың, жерлесіміз, тамаша ақын, журналист марқұм Қайыпназар Шотбасовтың бірнеше кітаптарына қолтаңбасын қойдырып алғаным бар. Ал ақын Мұхтар Шахановтың отбасында болып, біраз кітаптарымен танысып, оқығандығым бар. Совет одағының батыры, жазушы, полковник марқұм Бауыржан Момышұлының тікелей көзін көріп, өзімен сұхбаттасып, біраз кітаптарын оқығандығыма қуанамын. Себебі кітап иегерлерімен тікелей әңгіме-дүкен құру мен үшін ұлы мәртебе.
Бүгінде жастар, атап айтқанда, мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, мемлекеттік қызметкерлер қажеттің бәрін қолма-қол интернеттен алатыны белгілі. Олар кітап дүкенінен, кітапханадан кітаптар іздеп, уақыт кетіргілері келмейді. Әдеби кітаптардың да электрондық нұсқалары да интернетте пайда бола бастады. Қалай десек те, кітаптың жөні бөлек. Ең бастысы – ой-санаңды өсіреді. Жақсыға үйретіп, жаманнан жирентеді. Бала денсаулығына да зиянсыз. Демек, кітап оқу арқылы рухани құндылыққа кенелуді ұрпақтың бойына дарытып, ойына қондыруға әрқайсысымыз атсалыссақ, ең ұтымдысы осы.