Ақылман қарияларымен ырысты болған шаңырақ

Ақылман  қарияларымен  ырысты болған шаңырақ

Ұлттық тәрбие негізі отбасы құндылықтарын дәріптеуден басталады. Орал қаласындағы Хамзиндер отбасы – ұрпағының бойына ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді дарытып отырған үлкен шаңырақ. Жуырда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне қатысып, ұлттық құндылық пен жанұя мерейінің үлгісін танытты.

Бұл үлкен шаңырақтың немере ұрпағы ата-әжелерінің тәлімін алып, өнегесін көріп келеді. Отбасының қариялары Амангелді Қараұлы мен Хания Меңдіғалиева – ауылда өсіп-өнген нағыз еңбектің адамдары. Амангелді атай «агроном» мамандығын меңгеріп, әр жылдары есепші-диспетчер, ауылдық кеңестің атқару комитетінің басшысы, атқару комитеті төрағасы, кәсіподақ комитетінің төрағасы, кадр бөлімінің инспекторы, комсомол ұйымының хатшысы, партия ұйымының хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де алтын бесік – ауылдың өркендеуіне және жас  ұрпақтың тәрбиесіне атсалысып, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы және аудандық ұлт аспаптар оркестрінің мүшесі болған. Ал Хания әжеміз мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қолына қалам ұстатып, әріп танытатын бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіпті. Осындай өнегелі шаңырақтың іргесін қалаған ерлі-зайыптылар отбасында бес бала тәрбиелеп өсірген.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысқан бала-келіні Нұрлан Хамзин мен Дина Хабиева да ата-анадан алған тәрбиелерін тағылымға айналдырып, үлкендердің ізін жалғастырып келеді. Екеуі де ұлағатты ұстаз. Нұрлан Амангелдіұлы Оралдағы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде «Көркем еңбек» кафедрасының меңгерушісі болып еңбек етіп жүрсе, Дина Ғарифоллақызы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде жұмыс жасайды. Жас ұрпақ тәрбиесіне өзінің сүбелі үлесін қосып жүрген Н.Хамзин ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен және басқа да көптеген Алғыс хаттармен марапатталған. Сондай-ақ 2017 жылы облыстық «Үздік педагог» байқауының ІІІ дәрежелі жүлдесін иеленсе, сол жылы республикалық деңгейде «Үздік педагог» атанған. 2021 жылы «Еңбек жолы» облыстық конкурсының «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 

Ошақ қасында отбасының ұйытқысы болып жүрген жары Д.Хабиева 2018 жылдан бері Махамбет университетіндегі «Мектепке дейінгі және бастауышта білім беру» кафедрасының меңгерушісі болып жемісті қызмет атқарып келеді. Болашақ білікті педагогтерді даярлау ісіне атсалысып жүрген ұстаздың студенттері хадықаралық ғылыми жобалар мен республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Еселі еңбегі елеусіз қалмаған Дина Ғарифоллақызы ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің, Орал қаласы әкімінің, бірқатар университет ректорларының Алғыс хаттарымен, Құрмет грамотасымен марапатталған. 2020-2021 оқу жылында өзі қызмет атқаратын жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы арасында «Үздік қызметкер» атануы да ізденісі мен еңбекқорлығының жемісі екені даусыз. 

Нұрлан Хамзин мен Дина Хабиева білім саласында өзіндік орындары бар қызметкерлер болса, үйде асқар тау әке, аяулы ана. Тұңғыштары Қуаныш мектеп қабырғасында оқып жүргенде қолөнер үйірмесіне қатысып, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп, ата-анасының мерейін асқақтатқан. Ол Алматы қаласындағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша тамамдап, бүгінде өз мамандығы бойынша жұмыс жасауда. Ортаншы ұлдары Нұрдәулет – Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы. 5-сыныптан бастап робототехникаға қызығушылығы басым зерек шәкірт сонымен бірге ағылшын тілі курстарына, жүзу бассейні, қолөнер үйірмелеріне үздіксіз қатысып келеді. Робототехникадан түрлі деңгейдегі жарыстарда көзге түсіп, жеңіске жетіп жүргені де қуантарлық жағдай. Нұрдәулет өткен жылы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Ақордаға (ҚР Президентінің резиденциясы) бару құрметіне ие болып, Президенттің ресми сайтына сұхбат беріп, Мемлекет басшысының жүрекжарды тілегі жазылған құттықтау хатын алған екен. 

Қос ағасының ізінен ерген Айсезім енді 6-сыныпқа қадам басады. Би үйірмесіне қатысатын талантты қыздың өнердің осы түрінен бағындырған белестері аз еместігін білдік. 

Балалардың қуанышы – ата-ана үшін жарты бақыт. Текті ата мен әженің, өнегелі әке мен ананың тәрбиесін бойларына дарытқан ұрпақтың болашақта отбасы құндылығын одан әрі жалғары сөзсіз. 

– Сан ғасырдан қалыптасып, ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше құндылығымыздың бірі – отбасы тәрбиесі. Халқымыз баланың болашағына айрықша мән беріп, «Тәрбие – тал бесіктен» дегенді назардан тыс қалдырмаған. Біз де шағын мемлекетімізде ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарамай, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге сай ұлттық құндылықтарымызды бала бойына сіңіріп келеміз. Ата-әже шежіресі, әке тәрбиесі, ана өнегесі, бауырлардың бір-біріне деген мейірімі мен қамқорлығы әр күнгі іс-әрекетімізден көрініп, ұл-қыздарымыз өсіп-өнуде, – дейді отанасы Дина Ғарифоллақызы.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған Хамзиндер енді республикалық кезеңде елдің көзайымына айналмақ. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО Орал қаласы
28.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 133
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 16
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 69
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 63
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 48
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 465
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 433
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 457
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 449
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 447
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 464
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 454
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 647

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9689
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9068
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12302
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10073
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11282