Бейнеу ауданына қарасты Ақжігіт ауылы көшелеріне жаңа автокөлік жолдары салынуда. Бұл туралы Ақжігіт ауылының әкімі Жандос Салиев мәлім етті.
Оның айтуынша, жолдың жалпы ұзындығы 2671 шақырымды құрайды. Автожол құрылысына жауапты мердігер мекеме «ПромСтроиМонтаж-ХХІ» ЖШС. «Қазіргі уақытта автожол құрылысы қарқынды жүруде. Бұл «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Құрылыс жұмыстары 7 айдан кейін аяқталуы мүмкін. Жаңа жолдың салынуы тұрғындар үшін де жағымды жаңалық болмақ»,-деді Ж. Салиев.
Жоба аясында Ақжігіт ауылы №2 аймақ бойынша 3 көшеге жаңа жолдар төселеді. Бұл ауыл тұрғындарының бірнеше жылдан бері көтеріп жүрген өзекті мәселелерінің бірі. Бүгінге дейін бұл көшелерге қатқыл табанды ( асфальт ) жол төселмеген.