Өнерлі өлкенің өрісін ашқан бұл жағымды жаңалық көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші орнатылған бұл аумаққа абаттандыру мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар саялайтын демалыс аймағына айналды.
Аллеяның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, республикалық «Жалаңтөс баһадүр» қорының төрағасы Нәжмадин Мұсабаев құттықтау сөз сөйледі. Одан соң, ауданның абыз ақсақалы Шәкірат Дәрмағамбетов жиылған қауымды қала көркіне айшық берген алаңның ашылуымен құттықтап, бата берді. Мұнан соң, жұртшылық жаңадан ашылған алаңды аралап, көркіне тәнті болды.
Айта кетейік, «Жалаңтөс баһадүр» аллеясы көгалдандыру жұмыстарына өткен жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 2859 шаршы метрге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Алаңның жоғарғы басының қақ ортасында батырдың ескерткіші орналасқан. Одан бері аллеяның көркем келбетін келтірген 25 заманауи үлгідегі орындықтар мен субұрқақ, сондай-ақ 34 түнгі жарық шамдары орналасқан. Ал, жанында балаларға арнап салынған жаңа талапқа сай шағын футбол алаңы мен балалар ойын алаңы бар. Алаңның кіреберісіне батыр есімі жазылған арнайы қақпа орнатылған.