Чернобыль АЭС-тағы апат – адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі. Осыдан 37 жыл бұрын, яғни 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр стансасының төртінші блогі жарылды. Апаттың зардабын жою жолында жүз мыңдаған сарбаз отан алдындағы борыштарын атқарды. Оның ішінде 31 730 қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушы өздеріне жүктелген әскери міндеттерді ерлікпен орындады. 60-қа жуық сарысулық азаматтар да әскери міндетімен қоса, адам өмірін сақтап қалу үшін жан аямай еңбек етті. Бүгінде олардың ортамызда 9-ы ғана қалды.
Бүгін Даңқ аллеясындағы арнайы ескерткішке Чернобыль оқиғасынан зардап шеккен азаматтарды еске алып, гүл шоқтары қойылды. Гүл қою рәсімінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Үмбетұлы Чернобыль апатына қатысқан ардагерлердің еңбегіне тоқталып, алғысын білдірді. Сонымен бірге апатты жоюға қатысқан, ұйым төрағасы Өскенбеков Амангелді сол кезеңнің ауыртпалығын, қанша сарбаздың мерт болып, денсаулығынан айырылғанын айтып өтті. Шара өмірі мен денсаулықтарын қатерге тігіп, халықты радиациялық өлімнен құтқаруға атсалысқан сарысулық азаматтарды Сәкен Үмбетұлының арнайы қабылдауымен жалғасты.
Қабылдауда Сәкен Мамытов «Чернобыль апаты бүкіл әлемге атом энергиясының бақылаудан шығып кетсе қандай күйге ұшыратынын көрсетіп берді. Бұл қайғылы оқиға өз өмірлерін аямастан апаттың зардабын жоюға атсалысқан адамдардың ерік-жігері мен батырлық үлгісін де таныта алды. Әрқайсыларыңыздың сол кезеңдегі іс-әрекеттеріңіз — бүгінгі ұрпақ үшін ерліктің үлгісі», − дей келе, сый-сияпат жасап, алғыс хаттар табыстады.
Сонымен бірге мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков Чернобыль апатының зардаптарына тоқталып, ардагерлерге алғысын жеткізді. Қабылдау соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.