Жазылар естеліктер мен туралы
(Мұқағали Мақатаев)
Арқардай ауып жүргенде арқамды саған сүйедім
( Нарша Қашағанұлы)
Сіздермен қанаттас өмір сүргеніме бақыттымын
(Рақымжан Отарбаев)
Ұмытпасам, осыдан 20 жылдай бұрын 2006 жылдың қоңыр күзіндегі шуақты күндердің бірінде маған Қасым (Әбілқасым) деген жігіт телефон соқты деген СМС хабарлама келді. Келген телефонға өзім кері қайтара хабарластым. Өзін сыртынан жақсы білетін қазақтың айтулы азаматын бар ықыласыммен тыңдадым. Телефонның арғы жағындағы кісі өзін Қасым (Әбілқасым) деп таныстырды. Шыңжаңның сыртқы істер министрлігінің мәдени байланыстар жөніндегі сектор меңгерушісі екен. Ол кезде мен Қытайдың мемлекеттік ұлт істері жөніндегі агенттігінің (комитетінің) жанындағы Ұлттар баспасында әдеби қызметкермін әрі агенттіктің баспа ісі және маркетолог жөніндегі Шыңжаңдағы үйлестіруші менеджерімін. Қасым маған қысқа сәлемнен кейін:
– Сержан, сен қазақстандық жазушы Рахымжан Отарбаевты білесің бе? – деп сұрады. Мен жазушының аты-жөніне таныс екенімді, ал шығармаларын шет жағалап білетінімді, 1990 жылдардың ортасында студент кезімізде Құлжадағы Іле педагогика институтының кітапханасына келіп тұратын Қазақстанның газет-журналдарынан («Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Жұлдыз», «Парасат» секілді) біраз әңгімелерін оқығанымды, ұмытпасам, сол 90-жылдары Құлжадан шығатын «Іле айдыны» деген көркем-әдеби журналда бірнеше әңгімесінің көшіріліп басылғанын айттым. Сонымен ертесі күні кездесуге уағдаластық та, Нанмын (оңтүстік қақпа) шайханасында кездестік. Күн жексенбі, демалыс күні болатын. Шайхана Үрімжідегі ең үлкен Нанмин Шинхуа кітап дүкенінің іргесіне орналасқан. Кітап дүкеніне бас сұқтық. Келіп-кеткен оқырмандар қарасы қалың. Әңгіме арасында Қасым ағаға өзін Шыңжаң телевизиясындағы оператор-инженер болып істейтін Пекин ақпарат және медиа институтының түлегі, жерлес інім Ерлан Мәкітайұлы арқылы білетінімді айттым. Бұрын сөйлеспеген кісім, өзі көп сөйлемейтін, мінезі тік жігіт екен. Қытай тілінде оқыпты. Сыртқы істер министрлігінде қызметке келер алдында әскери қызметте, барлау агенттігінде Шыңжаңдағы Қытайдың Орта Азияны зерттеу институтында жұмыс істепті. Мені Данияр Акранұлы деген ағамыз арқылы біледі екен. Данияр Акранұлы Шыңжаңдағы жайылымды зерттеу саласындағы белгілі ғалымдардың бірі. 1990 жылдары Шыңжаңдағы ғылым-техникаға айрықша үлес қосқан жас ғалымдардың бірі ретінде танылған азамат. Неше ондаған ғылыми-техникалық жобалардың жетекшісі әрі авторы. Ондаған ғылым-техника саласына байланысты кітаптарды аударды және құрастырды 1990 жылдардың соңында біздің ауылда Іле облысының Моңғолкүре ауданында ғылым текника мен білім саласына жауапты бірінші орынбасар әкім ретінде 3-4 жыл қызмет еткені бар. Сол жылдары Данияр ағамен ағалы-інілі бауыр ретінде жақсы қарым-қатынаста болып едік. Ол кезде мен Іле педагогика институтын бітіріп, ауылда жұмыссыз жүргенмін. Қасым ағамен екеуара әңгіме біразға созылды. Елдің, ауылдың жағдайы сөз болды. Орта Азияны зерттеуші маман ретінде Орта Азия республикаларының сол тұстағы әлеуметтік-экономикалық, саяси ахуалы туралы әңгімеледі. Сол жолы біз жақыннан таныстық. Қасым аға маған Рахымжан ағаның сырты көк түсті кітабын берді де, кітаптың қытай тіліне аударылып, екі тілде қытай және қазақ тілдерінде (яғни қытай қазақтарының Ахмет Байтұрсынов әліппиімен шығару керек екенін) маған осы туралы баспаға ұсыныс жасауымды айтты. Жаңағы көк түсті, қатты мұқабалы кітап «Соғыстың соңғы бомбасы» деп аталады. Оған жазушының әңгімелері енген. Сонымен көп өтпей Орталық Ұлттар баспасының жауапты басшыларына, баспаның халықаралық байланыстар және маркетинг департаментінің директоры Бақытбек Тоқтасынұлына, қазақ редакциясының жетекшісі Әлімжан Нұрғазыұлына жазушының жаңа кітабы туралы өз ұсынысымды, Қасым ағаның сәлемін жеткізіп, аманатын орындадым. Кітап баспаның келесі жылғы (2007 жылғы) жылдық жоспарына енгізіліп, қытайша жәна қазақша (төте жазу, яғни Байтұрсын әліппиімен) шығарылатын болып, кітапты аударатын аудармашыл топ ұйымдастырылды. Аударма қызметіне белгілі аудармашылар, жазушы-аудармашы, аға редактор Еркеш Құрманбекқызы, аудармашы Қайша Табаракқызы және жас аудармашы, публицист Жұлдыз есімді қыз тартылды. Жұлдыз сол тұста Үрімжіден шығатын қытай тіліндегі «Шыңжаң экономика» газетінде тілші, редактор екен. Сол 2006 жылдың күзінің аяғына таман, қарашаның басында Рахымжан аға Сәуле жеңгемізді қасына алып, Үрімжіге барды. Сұңғақ бойлы, жіңішке, қараторы кісі. Шашы иығына түсіп тұратын жазушының бір көргенде түсі суықтау сезіледі екен. Біз осылай кездестік. Үрімжідегі осы жолғы сапарында сондағы қазақтың интеллигенциясының біраз өкілдерімен бірге студент жастармен кездесті. Бірнеше күннен кейін жазушы еліне қайтатын болып, Үрімжі әуежайына шығарып салдық. Ағаны Алматыға шығарып салып тұрып:
– Аға, іні болайық сізге, – дедім мен.
– Ой, айналайын, несі бар, мен аға, сен іні бол. Аға-іні болу үшін бір кемпірдің етегінен шығу керек емес шығар. Айналайын, – деді де құшағына қысты. – Ал, айналайын аман бол, хабарласып тұр.
– Аға, аман болыңыз, – деп, мен қолымды ұсындым. Араға бір жылға жақын уақыт салып, ағаның жаңа біз айтқан қытай тіліндегі екі томдығы шығып, 2007 жылдың жазында, шілденің басында аға Қытай астанасы Пекинде өтетін кітабының таныстырылымына келді. Қасында қазақтың белгілі қаламгері, жазушы, публицист, қазақ баспасөзінің мықты ұйымдастырушысы, «Өлке» баспасының, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас редакторы Мереке Құлкенов, қызы Наркез, тағы бір кісі (ұмытпасам, газ-мұнай саласындағы азамат), жеңешеміз Сәуле мен ұлы Ермерей бар. Қазақтың көрнекті қос қаламгерін Бейжіңде тұратын қазақтар, студенттер мен зиялы қауым құшағын жая қарсы алды. Бейжің төріне алты қанат ақ үй тігіліп, қазақтың қос қаламгерінің мерейіне үлкен мереке жасады. Жазушының кітабының таныстырылымына сондағы қызмет істейтін зиялы қауым өкілдері, баспагерлер, студенттер, Қазақстан елшілігінің қызметкерлері қатысты. Шараны Қытай мемлекеттік ұлт істер жөніндегі агенттігінің (комитетінің) басқарма төрағасы, Ұлттар баспасының директоры Үйбишын мырза өзі жүргізіп отырды. Мемлекеттік ұлт істер жөніндегі агенттігінің (комитетінің) төрағасының, қытай жазушылар одағы басқарма төрағасының, Орталық ұлттар университетінің ректорының, Қазақстанның Қытай Халық Республикасының төтенше және өкілетті елшісінің, Шыңжаң әдебиет-көркемөнер бірлестігі төрағасының құттықтау хаттары оқылды. Бейжіңде тұратын қазақ қаламгері, қытай жазушылар журналының бас редакторы шығармаларын қытай тілінде жазатын жазушы-аудармашы Акбар аға Мәжитұлы:
– Рахымжан Отарбаев шығармаларының қытай тілінде жарық көруі қазақ прозасының қытай тілі арқылы әлемдік аренаға жол ашады, Рахымжан Отарбаев Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін шығармалары тұңғыш рет қытай тіліне аударылған жазушы, Кешегі Совет Одағы кезінде 1940 жылдары Жамбыл Жабаевтың өлеңдері аударылса, 1950 жылдары Абай өлеңдері аударылды. Ал, 1980 жылдары Советтік Қазақстанның біраз жазушыларының шығармалары қытай тіліне аударылған болатын. Олардың ішінде Оралхан Бөкеев, Сейдахмет Әшімханұлы сияқты жазушылар болды, – деді. Қытай астанасының төріндегі рухани кездесу екі күнге ұласты. Жазушының Бейжіңдегі сапары аяқталып, еліне қайтар жолда аға мені еліне шақырды. Содан көп өтпей мен Қазақстанға, аталарымның, әкемнің кіндік қаны тамған атамекеніме оралдым. Әрине, Рахымжан аға Алматыдан күтіп алып, еліне – Атырауға апарды. Астанадағы үйінде бірге тұрдық. Ол кезде Рахымжан аға Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасының директоры болып қызмет атқаратын. Қарамағына жұмысқа алды. Сол кездегі Республиканың көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят аға Әзімбайұлы Әбішевке шығып, менің тез арада азаматтық алуыма көмектесуін сұрады. 2014 жылы қарашада Атырауда Рахымжан Отарбаевтың тұңғыш театр-фестивалы болатын болып, Қазақ әдебиетінің тілшісі ретінде Атырауға бардым. Сол сапарымда үлкен рухани олжамен оралған мен Алматыға келген соң «Қазақ әдебиеті» газетіне «Санаға сәуле құйған фестиваль» деген тақырыпта көркем очерк жаздым. 2012 жылдың қоңыр күзінде, қазақ айында Рахымжан аға екеуміз Шығыс Түркістанға сапарлай барып, ұлы Шоқанның ізі қалған Құлжа қаласындағы мәдени орындарда, Үрімжіде болып қайттық. Сол сапарында аға біздің қарашаңырақта болып, әкем Шығыс Түркістандағы қазақтың халық ақыны, жырау Тоқтасын Сәрсенбайұлымен бірнеше күн бойы таңды-таңға ұрып, әңгімелесіп, екеуара рухани сырласқаны бар. Содан бір жыл өткен соң қазақтың тағы бір көрнекті қаламгері, жазушы Жұмабай аға Шаштайұлымен бірге Шығыс Түркістанға бірге сапар шегу бақыты бұйырған еді. Сол сапарда Жұмабай аға менің әке-шешеме амандаса барып, ол кісі де әкеммен ұзақ таңға әңгіме шерткен болатын. Бұл 2015 жылдың жазы, ұмытпасам, тамыздың басы болуы керек. Келген соң Жұмабай аға менің әкемнің Рахымжан інісіне деген сәлемін жеткізіп, қазақтың екі қаламгерінің ұзақ сөйлескені есімде. 2016 жылы сәуірде әкем қайтқанда Рахымжан аға Қазақ әдебиетінде үлкен мақала жазып еді. Сол Үрімжіден басталған таныстық, аға-бауырлық байланыс ағаның өзі өмірден өткенше үзілген жоқ. Арамызға салқындық түспей, аға-бауырдай бірге жүрдік. Ағаның жүрегінің жылуын, ағалық ықыласын сездік. Бізде шамамыз келгенше інілік, кішілік, ізет көрсетуге тырыстық. «Құйрық жалы сүзілген мың сайгүлік мың тараптан бас бермей ағызып бара жатыр екен» дейді (Рахымжан Отарбаев). Сізде сол сәйгүліктер секілді бекзада болмысыңыз бен, мінезіңізбен бұл дүниеде ешкімге дес бермей, досыңызды сүйіндіріп, (егер шын досыңыз болған болса), дұшпаныңды күйіндіріп, сол өзің жазған мың сәйгүліктей ағызып, бұл өмірдің базарынан сен де өте шықтың-ау, аға! Қайда сол құйрық жалы сүзілген сәйгүліктер, қайда екен (Рахымжан Отарбаев)? Аға, сен қайдасың? Сол арқардай ауып жүргенде саған арқамды сүйеп едім, көке. Менің бұл жазбам сенің рухыңа бағышталған құраным болсын. Ара шалғай, жиі-жиі қабіріңе бара алмаспын. Мен Алматыда, сен Атырауыңда мәңгілікке жатырсың, аға, қабіріңе салған бір уыс топырағым болсын! Бейіште нұрың шалқысын!
Сержан ТОҚТАСЫНҰЛЫ,
Алматы қаласы















