Оралда жылдағы дәстүрге сай күз мезгілінде аталып өтілетін «Қала күні» мерекесі басталды. 3 қыркүйекте басталған мерекелік іс-шаралар 17-сіне дейін жалғасады. Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оралдықтар асыға күтетін дәстүрлі мереке аясында жоспарға сәйкес барлығы 26 іс-шара, соның ішінде 15 мәдени-көпшілік және 7 спорттық шара ұйымдастырылады. «Қала күні – 2022» мейрамында «Ақжайық – шеберлер қаласы» атты қолөнер жәрмеңкесі биыл да жалғасын табуда. Осы жәрмеңкеден бастау алған мерекелік іс-шаралар облыс орталығының әр шағын ауданында, мәдени-демалыс орындарында, спорттық кешендерде айшықты бағдарламалармен жалғасуда. Сондай-ақ түрлі байқаулар ұйымдастырылуда.
Шаһардың төл мерекесі бастау алғалы тұрғындар түрлі өнер кештерінің куәсі болды. Соның бірі – «Бишілер қаласы» атты би ұжымдары арасында өткен балалар би фестивалі. Жиырма алты би ұжымы өнер көрсеткен кеште 3-16 жас аралығындағы кішкентай әрі балғын дарындардың талантына көрермендер тәнті болды. Ал алтыншы мәрте дәстүрлі ән-күй өнерін кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Жайық сазы» дәстүрлі өнер фестивалінде өңірлік, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары, көршілес Ақтөбе, Атырау қалаларының өнерпаздары өнер көрсетті. Сонымен қатар қалалық үрмелі аспаптар оркестрі мен вокалды аспаптар ансамблінің қатысуымен өткен концерттер, классикалық музыка кеші, халықаралық сән көрсетілімі сынды іс-шаралар да қалалықтарға ерекше әсер сыйлады. Жастар зор ықыласпен көретін «Жайдарман» ойындарында қала әкімінің жүлдесі сарапқа салынса, «Қазақша Stand Up» әзіл кешінде әзілкеш жастар көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Спортсүйер жанкүйерлер де қала мерекесі аясында бірқатар спорттық іс-шаралардың ортасынан табылды. «Орал» спорт клубында волейболдан ересектер арасында «Достық-Дружба» атты қала әкімінің кубогына арналған жарыс өтті. Дәстүрлі жарыста ресейлік және жергілікті командалармен бірге еліміздің бірқатар қалаларынан келген волейболшылар жақсы ойын өрнегін көрсетті. Сонымен қатар спорттың аралас жекпе-жек түрінен халықаралық турнир өтіп, оған еліміздің бірнеше қалалары мен Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан спортшылары қатысты. Сонымен қатар Оралға Алматыдан алғаш рет «Alash Pride FC» промоутерлік компаниясы өкілдері арнайы келді. Оралдық спортшылар жоғары нәтиже көрсеткен спорттық іс-шарада барлығы 12 жекпе-жек өткізілді.
Алдағы күндері Орал қаласының тұрғындары мен шаһар қонақтары балалар шығармашылық ұжымдарының мерекелік концертін, облыстық IV «Жайықтың би әлемі» фестивалін, азық-түлік өндірушілердің XIV қалалық көрмесін тамашалайтын болады. Сүйікті шаһарымыздың туған күніне арналған мереке 17 қыркүйек күні П.Атоян атындағы стадионда өтетін мерекелік кешпен түйінделеді. Онда жергілікті өнерпаздармен бірге танымал эстрада жұлдыздары Маржан Арапбаева, Argonya және Sadraddin өнер көрсететін болады.