Референдум

Асқар ағаның "бір кемі"

Асқар ағаның "бір кемі"

Осыдан екі жарым жыл бұрын «ӘлжәбрA» журналының концепциясын да Ташкентте жазған едік. Сол журналдың қазір 24-санын дайындап жатыр. Өкінішке орай, Қазақстандағы қазақ тілінде жазылып, көпшілікке таратылатын ғылыми-танымдық жалғыз журнал осы. Соңғы 2 жылда біраз қиындықтан өтіп, әйтеуір нарықта өз орнымызды таптық. Балалар мен жасөспірімдер журнал оқиды екен. Неге сонша қиналып жүрсіңдер дейтін ақылды достарымыз көп. Бас редакторымыз Асқар Жұмаділдаев ағамызды алдымызға салып алып кез келген мекеменің есігін теуіп кіре салсаңдар болар еді дейді ғой. Олай істеген жоқпыз. Неге олай істемейтініміздің себебін өзім қатысып, куә болған бір оқиғамен баяндап берейін.

Осыдан бір жылдай бұрын Алматыға Қытайдан ірі кәсіпкерлер келді. Асқар ағаны тауып алыпты. Қазақстанға ғылыми-инвестициялық ұсыныс бар екенін айтып, Асқар ағаны кездесуге шақырған екен. Асқар аға бізді ертіп алды қасына. Келді қонақтар. Арамызда қытайша аударатын әріптесіміз қытайлардың сөздерін аударатын болып үлкен кездесуіміз басталды да кетті. Әлгі кісілер шынында да ірі кәсіпкерлер боп шықты. Қытайда он мыңдаған компаниялардың басын біріктірген көлемді ұжым екен. Қытайлық мәдениетке салып, сыйлықтарын берді. Бәрімізге. Біз де сыйға береміз деп журналдарды алып барғанбыз. Алмастық. Бір кезде Асқар аға үшін қымбат-қымбат шәй сервиздерін шығарды. Асқар аға оған қатты мән берген жоқ. Өз мақамында қазақ үшін ғылымның маңызын және ұлт ғылымын қайта жаңғырту үшін берген құрбандықтарын, күтетін нәтижелерін айтып болашақ армандарын бөлісе бастады. Келген қытайлар да әр сөзін мақұлдап, біздің елдегі ғылымды қолдайтынын жеткізіп отырды. Бір кезде ұсыныстардың көкесі кетті. Үлкен қытай былай бастады сөзін:

– Құрметті, Асқар ұстаз! Біз сізді Қытайдағы үлкен ғылыми одаққа мүшелікке қабылдағымыз келеді. Біздің ол одақта осы уақытқа дейін бірде бір шетелдік ғалым болмаған. Сіз бірінші адам боласыз. Екіншіден, кез келген ғылыми-технологиялық бағыттағы жобаларыңызға қанша қаржы керек болса, ақша саламыз! Үшіншіден, мына журналдарыңыз бен кітаптарыңызды жүз мыңдаған таралыммен тегін басып, Қазақстанға жеткізіп береміз. Төртіншіден, кәсіптегі жігіттеріңіз болса, Қытайдың кез келген қаласынан 2000-3000 кв.м ең мықты бизнес орталықтардан офис береміз. Бесіншіден, Қытайдың кез келген қаласына ұшақ билеттеріңіз бен жатар орындарыңызды қалаған уақыттарыңызға өзіміз алып беріп отырамыз. Алтыншыдан, өзіңіз вице-президент боп отырған ҚР Ұлттық Ғылым Академиясына қолдау жасаймыз. Жетіншіден, қандай да бір Қытаймен жасалатын бизнестеріңіз болса, оның бәріне көмектесіп, өзіңізге үлес беріп отырамыз..! – деді.

Анда отырған бәріміз шок болып отырдық та қалдық. Мәссаған! Не деген ұсыныс! Не деген қолдау! Өмірімде мұндай көлемді келіссөздерде болғам жоқ қой, енді. Демімізді бастық та, әрі қарай тыңдадық әңгімелерін.

Ортасындағы қытайлық үлкен қытайдың сөзін жалғап кетті: – Асқар ұстаз! Біз сізді ҚР Президентінің досы екеніңізді әрі Алматы қаласының әкіміне сөзіңіз жақсы жүретінін жақсы білеміз. Жоғарыдағы ұсыныстарымыз үшін бір ғана өтінішіміз бар. Біз Алматы қаласынан үлкен технологиялық экспорт орталығын, яғни шаруашылық және қытайлық көлік техникаларының үлкен сауда үйін ашқымыз келеді. Ол үшін бізге арнайы рұқсат алу керек боп жатыр. Сол рұқсатты алу үшін Президент әкімшілігі мен Алматы әкімдігіне бірауыз сөзіңізді айтып, бізді қолдап жіберсеңіз деген ұсынысымыз бар. Осы ғана! – деді жымиып.

Бәріміз Асқар ағаға қарадық. Мынадай ұсыныстардан кейін бірауыз емес, біраз сөз айтып рұқсатын алып беретін шығар деген ойда отырмыз ғой. Асқар аға үнсіз бір нүктеге тесіліп, қаламсабымен парақты нұқып біраз отырды да, басын көтеріп былай деді:

– Жігіттер! Сыйыңыз үшін көп рақмет! Ұсыныстар үшін де. Сіздер мекенжайдан адасыңқырап келген сияқтысыздар. Ұсыныс керемет екен, рас. Бірақ, мен коммерсант, кәсіпкер немесе шенді адам емеспін. МЕН ЖАЙ ҒАНА ҒАЛЫММЫН. Ғылымға бір кем қызмет етіп жүрген адаммын. Мен бұл ұсынысты қабылдай алмаймын! Бұлай жасай да алмаймын. Ренжімеңіздер! – деді көзілдірігін шешіп. 5 сағатқа созылған кездесу осы жерде тоқтады...

Мен анық көрген һәм таныған Асқар аға осы болды. Осы оқиғадан кейін мен бірде-бір мемлекеттік мекемелер мен министрліктерге Асқар ағаның атымен де, хатымен де барған жоқпын. Дейін де. Не үшін олай жасамайтынымыздың себебі осы.

Қазақстандағы жалғыз ғылыми-танымдық журнал қазақ мектептерінде қолжетімді болсын деп өзіміз ұсыныс айтып баспаның атынан бір рет ресми байланыстарды сұраған кезіміз болды. Бірақ, ол тараптан үнсіздікті қанағат тұттық. Жалпы, бұрынғы министрлік және оның басшылығымен жұмыс істеу мүмкін болған жоқ. Мүмкін емес себебін өздеріңіз жақсы білесіздер. Сөйттік те көпшілік нарықта ісімізді жалғастырдық.

Оқу-ағарту министрлігінің жаңа басшылығынан біздің журналдарды мектептерге алуға ұсыныс бола ма, болмай ма, білмейміз. Оны күтіп те жатқан жоқпыз. Өйткені, облыстық және қалалық білім басқармалары мұндай рекомендацияларды қарамайтынына, үшінші деңгей мамандардың поштасында сол күйі қалатынын көргенбіз... Жарайды, ол енді басқа тақырып.

Соңында айтар жаңалығым мынау. Біз осы жылдан бастап, нарықтағы қиындықтар мен өзгерістер себепті «ӘлжәбрА» және «Jaña Ğalam (ex-AjA Kids)» журналдары үлкен компанияның құрамынан еншімізді алып, бөлек бағыт және бөлек компания ретінде шығып қадам басып жатырмыз. Биылға ғылыми майдан үшін 7 жаңа өнім дайындап қойғанбыз. Біз нарықта тура жолмен адал дамығымыз келеді. Алдағы бірнеше жылда Орталық Азия және Түркі елдеріндегі ең үздік те пайдалы танымдық баспагер болғымыз келеді. Сондықтан бізге қазір шынымен қолдау керек. Ғылымды қазақ тілінде қазақ балаларына жеткізу жолында қолдау керек. Сұраймыз!

Бұл қолдауды елдің шағын және орта кәсіпкерлер мен жағдайы бүтін азаматтардан сұраймыз. Осы журналдарды қазір керемет топтама қылып әзірлеп жатырмыз. Не үшін? Кәсіпкерлеріміз ғылымды өз ауыл-аймағына, қаласына, өзі оқыған мектептегі ғылымсүйер жеткіншекке немесе Қазақстанның шалғай ауылдарындағы қаракөздерге жеткізуі үшін дайындап жатырмыз.

Михаил ШЕРІМБЕК

26.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23885
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23554
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40746
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36990
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41234