Ассамблея Халық кеңесіне айналады

Ассамблея Халық кеңесіне айналады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея мен Ұлттық құрылтайды біріктіріп, орнына Халық Кеңесін құру туралы бастама көтерді. Бұл өзі көптен айтылып жүрген мәселе еді. Әйтеуір жүзеге асты.

Жақсыны жақсы деп айту керек! Бұл жолғы құрылтайда жағымды жаңалық көп.

Парламенттің Құрылтай аталуының өзі асқақ естіледі. Құлаққа сондай жағымды.

«Qazaqstan dauiri» газетіне өзім де бірнеше мақала жазғам.

Артық кетсем, Алла кешірсін, Ассамблеяны үй ішінен үй тігу деп қатты сынап. Себебі қазақ елі – біртұтас мемлекет. Онда неге өзгелерге Парламенттен квота бөлінеді. Қазақияда 100-ден аса ұлт тұрады екен, соның ішінде саны көп орыс, украин, ұйғыр секілді диаспора өкілдері үнемі Ассамблея атынан депутат болып сайланып жатты. Бұл да әділетсіздік болатын. Кіші ұлттарды көзге ілмейді. Бірақ атын жамылады. Оны да жаздым.

Ассамблея бір заманда керек болған шығар, татулықты сақтау үшін. Тағы бірдеңе үшін… Енді дымға керегі жоқ!

Дамыған елдердегі секілді енді Парламенттің ісіне Президент араласа алмайды. Бұл да жаңалық! Құзырлы қызметтерге шенеуніктерді енді бірпалаталы Парламент сайлайды. Бұл да жетістік! Вице-Президент статусы да тиімді шешім. Бұрын болғанымен, Ата Заңнан алынып тасталған еді.

Алдағы уақытта Конституцияға үлкен өзгерістер мен толықтырулар енетіні анық!

Президентіміз «кәпір болу бір пәсте, мұсылман болу әсте-әсте» дегенді қаперге алып, демократияға, өзі уәде еткен белеске қарай халқын сүйреп келеді.

Парламент Құрылтай аталса, бір уақытта мемлекеттік тіл де Ата Заңда өз орнын алатыны анық. Бір жерден құлағым шалып қалды, осы құрылтайда «заң таза қазақ тілінде жазылуы керек» деген пәрменді пікірді. Жел тұрмаса, желдің басы қимылдамайды ғой!

Күні кеше 3 пайыздан 16 пайызға бір-ақ секірген Қосымша құн салығы туралы да «киелі кітаптың сөзі емес», халықпен санасайық дегендей ой айтты Мемлекет басшысы. Ең бастысы, сең қозғалды. Халықтың рухы көтеріле бастады.

Бұл – жақсылық нышаны!

Ассамблея мәселесін толықтыра кетейін. Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мемлекеттік орган – Халық Кеңесін құруды ұсынды. Тоқаевтың сөзінше, Кеңес құрамына барлығы 126 адам кіреді: олардың 42-сі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі мәслихаттардың өкілдері, ал тағы 42-сі қоғамдық ұйымдар атынан болады. Кеңестің отырыстары жылына бір рет өткізіледі.

Төрағаларды Президенттің өзі тағайындайды. Орган заң шығару бастамасы құқығына ие болады. Этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелері Қазақстан халқы Ассамблеясынан Халық кеңесіне өтеді.

Сондай-ақ әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу де осы органның құзыретіне кіреді. Халық кеңесі Конституцияға енгізіліп, оның қызметі үшін жаңа заңдар қабылданады.

Дайындаған – Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

 

29.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22817
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22568
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38476
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36127
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40200