Көктем қыр астында. Ақпан айы – қыстың соңы. Әрине, Астанаға көктем кеш келеді десек те, су тасқынына дайындық өз уақытында жүргізілуі керек. Әйтпесе жылдағы сарсаң басталады. Себебі Сарыарқаға қар көп жауады. Биыл да Астана қаласы қар құрсауында. Астанада қар тазалау жұмысына 2,4 мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылған.
Елорданың коммуналдық қызметі тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын да айта кеткен жөн. Жолдарды, тротуарларды, гүлзарлар мен алаңдарды тазалауға күн сайын 2,5 мыңға жуық жұмысшы мен 2 мыңға жуық техника жұмылдырылады.
12 ақпан күні таңертең қар тазалау жұмысына 2,4 мыңнан астам жол жұмысшы және 1,5 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылыпты.
11 ақпаннан 12 ақпанға қараған түні елордадан 34 мың текше метр қар шығарылды, бұл шамамен 2,5 мың ауыр жүк көлеміне тең.
Қыс мезгілінің басынан бастап қар полигондарына 320 мыңға жуық рейспен 4,3 млн текше метрден астам қар шығарылған. Осы орайда елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында су тасқынына қарсы іс-шаралар қалай жүргізіліп жатқаны туралы мәлім етті.
«Қалада су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 15,5 мың текше метрге жуық арық-науа желісі, 600-ге жуық бақылау және жаңбыр қабылдау құдығы тазартылды, 160 текше метр коллекторлар және т.б. жуылды. Коммуналдық қызметтер шамамен 4,3 млн текше метр қар шығарды. Қалада су тасқыны қаупі бар учаскелер саны өткен жылдармен салыстырғанда 20-ға дейін азайды. Азаматтық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер және т.б. тұрақты дайындыққа келтірілді, – деді ол.
Осыған орай су тасқыны қаупі бар учаскелер мен елді мекендерде қарды уақытылы күреуді бақылауға алуды, су өткізгіш құбырларды тазалауды, нөсер кәрізінің жүйесін салуға ерекше назар аударуды тапсырғанын жеткізді.