Ат спортының дамуына қатысты мәселелер талқыланды Оралда «Бәйге спортын дамыту және спорттық жылқылардың әлеуетін арттыру» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өтті.

Ат спортының дамуына қатысты мәселелер талқыланды Оралда «Бәйге спортын дамыту және спорттық жылқылардың әлеуетін арттыру» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің Ғылым басқармасы облыстық «Бәйге» федерациясымен бірлесе ұйымдастырды. Бұл мәселеге аталмыш жоғары оқу орнының араласуының да өзіндік себебі бар. Бүгінгі таңда БҚАТУ-да ауылшаруашылығы малдарының, соның ішінде жылқылардың шығу тегін растап, ДНҚ құжатын жасайтын еліміз бойынша бірден-бір зертхана орналасқан.  Дөңгелек үстел басында республикалық және облыстық «Бәйге» федерациясының өкілдері мен мүшелері, университеттің зоотехник және генетик мамандары спорттық жылқылардың әлеуетін арттыру бойынша бірлесе атқарылатын жұмыстарды, Қазақстандағы спорттық бағыттағы әртүрлі жылқы тұқымдарын дамыту, олардың әлеуетін бағалау, болашақта осы барлық спорттық бағыттағы жылқылардың ортақ базасын жасақтап, соған олардың барлық мәліметтерін енгізу сынды мәселелерді талқылады.

Алдымен сөз алған БҚО Бәйге федерациясының президенті Сатқали Байзуллин ат спортының дамуына алаңдаушылық білдіріп, өздерінің ұсыныстарын жеткізді. – Еліміздегі спорттық бағыттағы және елімізге кіргізілген таза қанды жылқылардың бірыңғай ұлттық базасын жасақтау қажет. Сонымен қатар елімізде атшабар алаңы жоқтың қасы, бар дегеннің өзінде олардың жағдайы көңіл көншітпейді. Сондықтан еліміздің әр өңірінде стандартқа сай кемінде бір атшабар алаңын салу керек. Ат спортын дамытып, сол арқылы еліміздің атын шығару үшін бұл мәселе маңызды. Тағы бір айта кетерлігі, бұл салада мамандар да жеткіліксіз. Ат спортына жеткілікті көңіл бөлінбеуі салдарынан бұл бағытта оқыту, тәжірибеден өткізу мәселелері жүйеленбеген. Ат спортымен айналысатын шабандоздарды спортшы ретінде әрі қарай дамыту тетіктерінде бірізділік жоқ. Шабандоздар жастары толып, салмағы өскеннен кейін спортшы ретінде өзін одан әрі дамытуды қолайлы көрмейді. Ол үшін арнайы оқу орындарында мамандықтар қарастырылмаған, бар орталықтардың өзі бұл іспен түбегейлі айналыспайды. Ал спорт түрлері бойынша жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне ат спортының бағыттары мүлдем енгізілмеген. Ұлттық спорт бағытындағы облыстық спорт мектептерінің көбінде бәйге бөлімі қарастырылмаған, – деді Сатқали Демесінұлы.

Бұдан әрі ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Амангелді Тұрабаев «Спорттық бағыттағы жылқы тұқымдары» республикалық палатасының жұмысы, құрылымы, жұмысты жүргізу жолдары туралы баяндады. Айтуынша, аталмыш палата спорттық бағыттағы тұқым жылқылары бойынша асылтұқымды зоотехникалық есеп жүргізу ережелерін дайындайды, ДНҚ-талдау және спорттық жетістіктері негізінде асылтұқымдық статус пен куәлік береді.

Жәңгір хан университетіндегі Ғылым басқармасының басшысы, Сынау орталығының директоры Индира Бейшова «Генетика арқылы тиімді жылқы өсіру: ғылыми зерттеулер және практикалық нәтижелер» тақырыбында баяндама жасап, жұқпалы аурулар биотехнологиясы және диагностикасы зертханасының көрсететін қызметінен, оның артықшылығы мен нәтижелерінен, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен әріптестік жағдайынан, жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалардан хабардар етті.

Ал ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әлия Ахметалиева қазақ спорт жылқысының республикалық палатасының мақсат-міндеттері, палата кеңесінің құрамы туралы айтып өтті.

– Біздің университетіміздегі зертханада орташа есеппен алғанда үш жыл аралығында 7 мыңнан аса ДНҚ құжаты берілді. Ол дегеніміз – селекциялық жұмыстарды бақылау, олардың санағын жүргізу, әлеуетін арттыру. Қазіргі заманауи құрал – маркерлік селекция бойынша осы ДНҚ құжаттамасы жасалады. Дейтұрғанмен, асыл тұқымды малдардың есебін жүргізу, олардың асыл тұқымды екенін дәлелдеу, ортақ база жасап, барлық мәліметті соған енгізу мәселелері ақсап тұр. Бұл жұмыстар әлі де толыққанды жүргізілмеген. Ортақ база жасақтау енді қолға алынуда, – дейді аталмыш жоғары оқу орнының Ғылым басқармасының басшысы Индира Салтанқызы.

Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы
30.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 488
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 580
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 587
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 580
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 585
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 361

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11670
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10600
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13833
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12792
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 17796