Осы сауал төңірегінде ой өрбіткен отандық сарапшылар: «Президенттің Жаңа Қазақстан құру ісін Ата Заңнан бастауы, сөзсіз, қолдауға тұрарлық бастама. Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум маусым айының 5-і күні өтпекші. Халық, негізінен, Қ.Тоқавтың бұл бастамасын қолдайды. Оның өзіндік себептері бар. Біріншіден, елдегі билік жыл басынан бері ресми түрде толығымен Қ.Тоқаевтың қолына көшті. Енді қоғам Президенттің бұрынғыша Елбасына иә болмаса биліктегі ықпалды кландарға жалтақтамайды деуге негіз бар. Мәселеге осы қырынан келсек, конституциялық реформа авторитарлық жүйеден шынайы демократиялық жүйеге көшу деген сөз. Ал ондай Ата Заңда ертеңгі күні бұрынғы авторитарлық жүйе қайтып орнатылмайтындай саяси-құқықтық кепілдіктер енгізілуі тиіс. Яғни Заңға билік тармақтарының тепе-теңдігін одан сайын дамытып, судьялар мен барлық деңгейдегі әкімдерді сайлауды енгізу керек. Себебі әзірше бұл екі өкілеттік Президент қолында. Бұл – суперпрезиденттіктің басты белгілерінің бірі.
Екіншіден, Парламенттің өкілеттіктерін күшейту қажет, сол арқылы оған қажет деп тапса үкіметті толық құрамымен отставкаға жібере алатындай мүмкіндік берілгені абзал болмақ. Сондай-ақ, қоғамның жегіқұрты саналатын жемқорлыққа қатысты қылмыстарды жан-жақты әрі әділ тексеру үшін арнайы парламенттік комиссиялар құру құқы да осы Заңда көрініс тапса, тіпті құба-құп.
Үшіншіден, мемлекеттік тіл мен ресми тіл арасындағы дау-дамайдың түп төркіні де нақ осы Конститцияда жатқаны жасырын емес. Бұл өзекті мәселені Референдумның саяси салмағын пайдаланып, түпкілікті шешуге болар еді.
Төртіншіден, Конституцияда бекітілген құқықтар аясында билік партиясының оппозицияға қатысты біржақты түсініктен арылып, олардың айтқан уәждері мен ұсыныстарына құлақ асатын кез келген сияқты. Яғни, билік партиясы оппозициялық күштердің басын қосқан партияларды өзіне жау санамай, қайта солармен тізе қосып, ұжымдаса жұмыс істесе, ондай істен оң нәтиже шығарына күмән азаяр еді. Бесіншіден, бүгінгі қоғамдық саяси ахуалға мүлдем сай келмейтін еліміздің жүрегі – «Нұр-Сұлтан» атауын да «Астанаға» ауыстырудың реті келіп тұр. Өйткені, елдің бас қаласының заты да, аты да – Конституцияда көрініс табатын өзекті проблема. Алтыншыдан, референдум – бүкіл халық өз таңдауын жасайтын саяси шара болғандықтан, референдум алдында сайлау комиссияларының құрамын да демократия талаптарына сай қайта жасақтап алу керек дер едік. Өйткені, біз бұрынғы таптаурын болған ескі әдіс-тәсілден арылып, халықтың даусын әділ санайтын, ар-ұятты жоғары қоятын комиссия құруымыз керек», – дейді. Президенттің өзінің бір білгені бар шығар, әйтеуір кәнігі дипломат, асығыстықты шайтан ісі санайтын Президентіміз бүгіндері қатты асығып жатыр. Мұның себебін референдум өткеннен кейін біле жатармыз. Ендеше, әліптің артын бағайық, оқырман қауым.