Күні кеше «Атамұра», «Ақжелкен», «Жас қыран» балалар аула клубтары өнерпаздарының «Биікке самға, жас өрен!» атты есеп беру концерті ұйымдастырылды. Бұл концерттік бағдарлама Орал қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Мәдени-ағарту бірлестігінің» 30 жылдығына орай «Құндылыққа толы өнер ордасына – 30 жыл» жобасы аясында өткізілді.
Мерекелік кеш «Атамұра», «Ақжелкен», «Жас қыран» балалар аула клубтары қызметкерлері мен «Еркетай» бишілер тобының «Әуе серіктері» биімен ашылды. Концертте «Атамұра» балалар аула клубының «Ерке-наз» және «Домбыра дастан» ансамбльдері, «Атамұра» вокалдық хоры, «Атамұра» квинтеті өнер көрсетті. Сонымен қатар «Ақжелкен» балалар аула клубының «Еркетай» бишілер тобы, Мәди мен Назерке Есетовтар, ағайынды Өтеғалиевтер, «Жас қалам» үйірмесінің шәкірттері де достарынан қалыспады. Ал «Жас қыран» балалар аула клубының атынан өнер көрсеткен «Күміс көмей» ән үйірмесі мен «Жас ART» көркемсөз үйірмесінің жас өрендері тыңдармандарын баурап алды. Концерт соңында қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Анаргүл Бимуханова концерттік бағдарламаға қолдау білдірген демеушілерді Алғыс хаттармен марапаттады.
Біз мақаланы дайындау барысында «Атамұра» балалар аула клубының меңгерушісі Күләнда Мәжитовамен аз-кем сұхбаттасып, клубтың жұмыс барысынан хабардар болдық.
– Біздің аула клубымыз 2013 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Сол уақыттан бері «Атамұра» клубынан түлеп ұшқан өнерлі де талапты шәкірттер аз емес. Клубымызда «Домбыра дастан» домбыра үйірмесі, «Ән мұра» дәстүрлі ән үйірмесі және «Ән ажар», «Көркем сөз» үйірмелері балалардың бойындағы талантын шыңдауға үлес қосуда, – деді Күләнда Бисенқызы. Тәжірибелі де іскер меңгерушімен бірге «Атамұра» балалар аула клубында Ләйлі Ақкерей, Панагүл Қабиева, Мөлдір Ихсанова сынды үйірме жетекшілері қызмет етуде. Жалпы барлық үйірмелерге жетпіс шақты оқушы қамтылған.
Жетекшілері үйірме мүшелерінің арасындағы түрлі байқауларда топ жарып, биіктен көрініп жүрген шәкірттерін мақтан тұтады. Клуб меңгерушісі солардың ішінен Нұрсая Нығмет, Мирас Жаркеш, Айсұлтан Саматұлы, Гаухар Сапарова, Мәлік Асанәлі, Інжу Нұрланқызы секілді өнерлі оқушылардың есімдерін ерекше атап өтті. Мысалы, Гаухар Сапарова қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің аула клубтары мен комьюнити орталықтарының тәрбиеленушілері арасында ұйымдастырған «Өнерлі ұрпақ, кемелді келешек» атты өнер байқауында 1-орынды жеңіп алса, Мирас Жаркеш 3-орынды иеленген. Інжу Нұрланқызы қалалық «Сәкен оқулары» байқауында 3-орынға ие болған. Сондай-ақ өнерлерімен өрге жүзген Мирас пен Гаухар республикалық байқауларда да топ жарып, «Атамұра» клубының мерейін үстем еткен. М.Жаркеш Алматы қаласында өткен «Қазақстан таланттары» байқауында 2-орынды иеленсе, Г.Сапарова республикалық «Мен де жұлдыз боламын» атты өнер байқауында бас жүлде иегері атаныпты. Ал көптеген байқаулардан жүлдесіз қайтпаған Нұрсая Нығмет Алматы қаласында өткен халықаралық байқауда 1-орын алып, «атамұралықтардың» абыройын асқақтатқан.
Осындай жас дарындардың басын қосқан «Атамұра» балалар аула клубының меңгерушісі Күләнда Бисенқызының есімі қаладағы мәдениет саласының өкілдеріне етене таныс. Бала десе жүрегі елжіреп, олардың қазақтың төл аспабы – домбыраны үйренуге деген құштарлықтарын арттырып жүрген өнер иесінің еңбегі елеусіз қалмады. Жуырда Күләнда Мәжитова Батыс Қазақстан облысының «Үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат клуб қызметкерлерінің де мерейін өсіріп, алдағы жұмыстарына серпін бергендей болды. Өнердің биігіне ұмтылған «атамұралық» балғындардың да армандары аласармасы анық.