Атажұртқа оралған бауырлар

Атажұртқа оралған бауырлар

Тәуелсіздік туралы тереңнен, тебірене жазбау мүмкін емес. Ақын Омарғазы Айтанұлының «Жеңілген көшпенділер – далалар солардың жығылған туы» деген өлең жолдары жаңа уақыт белесінде тұрып, тарихты таразылаудың айқын көрінісі. Жеңіс тұғырынан өткенге көз жіберудің күйініш-сүйініші, әсері бөлек.
Қазақтың парасатты ханы Абылай қайтыс болғаннан кейін, «аңдысқан жау алмай қоймас» дегендей қасиетті жерімізді патшалық Ресей (орыс империясы) мен цин империясы (манчжур хандығы) бөліске салды. Тарихтағы қытай-орыс « Іле келісімі», «Шәуешек келісімі» соның айғағы. Өрісімізді тарылтып, екі бүйірімізден қысқан патшалық түзімді аударып, бақыт орнатамыз деп уәдені үйіп-төккен коммунистер де шекемізді қыздырмады. Халқымыз бен жерімізге небір нәубеттер әкелді. 1991 жылы жалған идеологияны ту еткен қызыл империя құрдымға кетті. Тарихи әділдік орнады. Еліміз Тәуелсіздік алды. «Тау тауға қосылмайды, ел елге қосылады» деген халық даналығы айнытпай келді. Тарыдай шашылған қазақ жұрты қара шаңыраққа ағылды. Көк тудың астына жиналып, іргелі ел екенін көрсетті. Бір кезде шекарадан құс боп ұшып өтіп, ата жұртқа жетуді армандағандардың ақжолтай ұрпағы тәуелсіздіктің арқасында азат елдің аспанында ұшақ айдайтын болды. Армандарына қанат бітті. Шабытына шабыт қосылды. Еңбегіне ырыс, береке қонды. Иә, айтып-айтпай, 30 жылдық тәуелсіздік шежіресі – жаңарған елдің, жердің шежіресі. Бұл орайда ұлтты біріктіру жолында сарабдал саясат жүргізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа айтар алғыс, ықылас ерекше. Атажұртқа ат басын бұрған алдыңғы буынды айтпағанда, қазіргі жаңа толқынның тәуелсіздік туралы айтқан ақжарма пікірлерінен де сол анық аңғарылады. 

Ербосын Нұрмұханұлы:  «Әлемде Қазақстаннан артық ел жоқ!»

Ербосын Нұрмұханұлы ҚХР ның Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Өртекес ауданында туылған. Мектепті бітіргеннен кейін Қытайдың Тянджин қаласындағы Нанкай университетіне түсіп, экономика мамандығы бойынша білім алған. Университетті ойдағыдай тәмамдағаннан кейін Үрімжі қаласында ШУАР сыртқы сауда меңгермесінің жанындағы импорт-экспорт компаниясында жұмысқа тұрған. Бір жылдан кейін бұл жұмыстан өз еркімен кетіп, жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. 1997 жылы Үрімжі қаласында «Жаңа әуен» дыбыс-бейне орталығын құрған. 2006 жылы ол «Жаңа әуен» концерттік серіктестік болып өзгерді. Ербосынның «Жаңа әуен» орталығы құрылғаннан бастап қазақтың мәдени өнімдерін жаңа бағытта жасап-сатумен айналысты. Концерттік серіктестік болғаннан кейін Қазақстан-Қытай арасына алтын көпір болып, қазақтың жарқ еткен танымал жұлдыздарын Қытайға шақырып таныстырып, қазақтың «жұмсақ күшін» паш етті. Жалпы 2000-дай қазақ ән-күйін таспаға түсірді. Қазақ киноларын VCD табақшалары сияқты жаңа форматта шығарып, қандастардың көзайым болуына мұрындық болды. Атақты «Қара жорға» биіне алғаш ән жаздырып,  бейнебаян түсірген де осы азамат. Соның нәтижесінде «Қара жорға» қазаққа қайта оралды. «Жаңа әуен» концерттік жұмыстармен ғана шектеліп қалған жоқ, сұранысқа қарай бағытын, өрісін кеңейтіп отырды. Аудармамен, дубляжбен айналысты. Қытай тілінен қазақ, ұйғыр тілдеріне неше мың сағаттық фильмдерді тәржімалап, дубляждады. Өнер орталығын ашып, жас өнерпаздардың талантын ұштады. Соның ішінен елге танымал көптеген өнер жұлдыздары шықты. 
«2012 жылдарға келгенде Қытайдың ШУАР-да сауда сипатты  концерт қою мүмкіндігі азайды. Сөйтіп, 2014 жылы атамекен Қазақ еліне бір жола қоныс аудардым. Келгеннен кейін бас қаламыз Нұр-Сұлтанда «Zhibek zholy show technica» ЖШС құрып, студия аштым. Дубляж, концерт жұмыстарымен айналысып көрдім. Қазір негізгі жұмысым концерттік аппараттарды жалға беру мен сату. Оның сыртында әртүрлі басылымдарға экономикалық, саяси сараптамалық мақалалар жазып тұрамын. Алда жинақтап, кітап етіп бастырмақпын. Елордада жаңадан тұсауы кесілген әнші, ұстаз жұбайым Айнұр Қажимоллақызының өнер мектебін ары қарай дамыту жаспарда тұр. Ютуп, инстаграм каналдарымда дыбыстық техникаларды үйренуге қатысты дәрістерімді бастаймын деп отырмын. Былтыр ҚР Мәдениет және спорт  минстрлігі тарапынан Қазақстанның «Мәдениет саласының үздігі» атандым. Тәуелсіздік отбасымызға сенім, жігер, күш-қайрат береді. Баламыз қазір тәуелсіз елдің ұрпағы. Ол қызыл туды емес, көк туды көріп өсіп келе жатыр. Ұрпақтарымыздың  еңсесі биік. Ешкімге жалтақтамайды. Керек болса, әлемде Қазақстаннан артық ел жоқ сияқты өмір сүріп жатыр. Отбасының бақыты да, байлығы да тәуелсіздіктің құндылығынан артық емес. Құдайға шүкір! Тәуелсіз елде алаңсыз өмір сүріп жатырмыз, біз бақыттымыз»,–  дейді іскер азамат...

Аятжан Ахметжан:  Ақ аяздан Астанаға алып ұшқан күш – тәуелсіздік 

Нұр-Cұлтан қаласы  Қайым Мұқаметқан атындағы № 90-гимназиясының директоры Аятжан Ақметжан ұлының өмірбаянымен танысқан адам Мұқағали Мақатаевтің «Поэзия – сезімнен басталып, парасатпен аяқталады» деп тегін айтпағанына көз жеткізеді.
Аятжан 1986 жылы Тәңір таудың етегінде, Қытайға қарасты Ақ аяз ауылында дүниеге келген. Ақынжанды балаң жігіт мектепті бітіре сала, бірден атбасын атамекенге бұрған. Еуразия университетінде бакалавр, магистратура, докторантура оқыған. Бүгінгі күнге дейін екі өлеңдер жинағын, публицистикалық мақалалар жинағын, 10 әдістемелік құралын кітап етіп бастырды. Ақындық өнерін шыңдаудан тыс, химия пәнін оқыту әдістемесін дамытуға біржолата ден қойды. 2016 шаңырақ көтерген «Kazbilim» орталығының бүгінгі күнге дейін 10 облыста 15 бөлімшесі ашылды. 
«Қазір ұстаздық кәсіптің рахатына кіріп кеттім. Оқушы көрмесек, ауырып қалатын күйге жеттік. Біздің орталық осы уақытқа дейін әртүрлі пәннен 100-ге жуық оқыту әдістемелік кітаптарын басып шығарды. Алда олардың сапасын көтеріп, ана тілімізде жазылған оқулықтардың бәсекелік қабілетін көтеру басты назарда. Сонымен бірге өзім басшылық етіп отырған гимназияны ұлттық оқу ордасына айналдырсам, ұлттық білім берудің жаңа моделін жасасам деген ойларым бар, менің ақындағым да, ғылым жолым да – тәуелсіздіктің арқасы» дейді білікті ұстаз.

Тасқын Жармұқаметұлы:  Түсімде Нұрғиса, Тілендиевтен сабақ алдым

Қазіргі жаһандық дәуірде елімізге нарықты негіз еткен батыстық құндылықтардың дендеп енуіне байланысты ұлттық ән-күй өнеріміздің, кеңес кезінде қарыштап дамыған классикалық музыка жанрының тасада қалып келе жатқаны жасырын емес. Аға буын өкілдердің машақатты жасамдаздық жолын жалғағандар да жоқ емес. Олардың бірі де, бірегейі Тасқын Жармұқаметұлы. Шымқаланың биылғы наурыз тойында тұсауы кесілген Тасқынның «Домалақ ана» операсы енді қыркүйектің алғашқы күндері астананың әйгілі опера-балет театрында қойылмақ.
Тасқын Жармұқаметұлы Үрімжі қаласындағы зиялы отбасында дүниеге келген. ШУАР музыка иниститутын бітіріп, оны місе тұтпай Алматыдағы Құрманғазы консерваториясын тәмамдаған. Аралдың тартылуы мен Семей полигонының зардабын арқау еткен Сейдолла Бәйтерековтың «Аралдан ұшқан аққулар». Төлеген Мұқаметжановтың «Заман-ай» әні сияқты есті әндері жазуды армандаған жас композитордың шығармашылығы тәуелсіз Қазақстанға келген соң жаңа белеске көтерілген. Әйгілі ғалым Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өткен өңірлерді көзімен көріп, «Шоқан ізі»  атты симфониясын жазған. Өзі жайлы тоқталғанда Тасқын: «Бала кезден қаламгер ата-анамның арқасында ұлттық өнерге қанып өстім. Сәби күнімнен Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», «Көш-керуен» күйлерін домбырада ойнадым. Тіпті, түсімде ол кісіден сабақ алатынмын. Атажұртта алған әсерім, көрген шығармашылық ортам ғажайып. Мені өнерге баулыған қамқорларым бұл күнде арғы бетте. Оларға деген сағыныш, тәуелсіздіктің маған сыйлаған шексіз мүмкіндігі опера жазуыма түрткі болды. «Домалақ ана» операм адами әрі шығармашылық тұрғыдан толысқанымның көрінісі» дейді.

«Абай жолын» әрлеген суретші Шаттық  Батанұлы 

Әлемді жайлаған эдидемиологиялық жағдайдың әсеріне қарамай еліміздегі маңызды даталар, мерей тойлар тиісті деңгейде атап өтілуде. Былтыр ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтің 175 жылдығын түрлі бағытта шаралар ұйымдастырып, өз деңгейінде өткіздік. Абай атамызды әлемге танытқан Мұқтар Әуезовтың «Абай жолы» романының жазылу жайын арқау еткен, роман аттас сериал биыл мемлекеттік «Тұмар» сыйлығының «Үздік сериал» жүлдесін жеңіп алды. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген аталмыш сериалдың бас суретшісі Шаттық Батанұлы. Шаттық әйгілі «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы марқұм Ермұрат Зейіпқанұлының етжақын бауыры. Қытайда суретшілік колледжін бітірген Шаттықтың құжаттарын жасап, атажұртқа алып келіп , өзі білім алған Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясынының табалдырығынан аттатқан да, өнеріне өріс ашқан да Ермұрат марқұм. Бірнеше рет өзінің жеке сурет көрмесін өткізген Шаттық Батанұлы қазіргі күні Абай атындағы пед университетінде бейнелеу өнерінен сабақ береді. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.

26.08.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 237
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 234
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 736
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 859
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 772

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8927
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8323
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11548
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9307
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10535