Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) бас директоры Рафаэль Мариано Гросси ұйым сарапшылары мен жабдықтарын Украинаға жіберуге дайын екенін айтты, - деп хабарлайды агенттік сайты.
Гросси видеоүндеуінде қазіргі жағдайға қатты алаңдайтынын мәлімдеді және Украина ядролық нысандарын, оның ішінде 15 реакторды, сондай-ақ Чернобыль алаңын қауіпсіз және сенімді пайдалануы үшін АЭХА техникалық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін келісім жасасу шұғыл қажет екенін атап өтті.
"Мен Украинаның әртүрлі нысанында АЭХА сарапшыларының қатысуын, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өмірлік маңызды жабдықтарды жеткізуді қоса алғанда, көмек пен қолдау шараларын қамтитын келісім жасасу үшін Украинаға дереу келуге дайын екенімді білдірдім", – деді Гросси.
Гроссидің айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерден кейін ядролық апаттың алдын алу қажеттілігі күн сайын өзекті бола түсуде.
Бұған дейін агенттік Украинадағы Чернобыль АЭС-тегі радиоактивті қалдықтар қоймасында ядролық материалдарды бақылау жүйелері БҰҰ-ның деректерін беруді тоқтатқанын хабарлаған болатын.