Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан басшысы Бақыт Қазанбасов жеке және заңды тұлғаларды жеке сұрақтарымен қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдау барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырып жүрген мәселелерді көтеріп, ұсыныс-өтініштерін білдірді. Атап айтқанда, Құмжота ауылының тұрғыны Мақсат Бегильдаев өзі тұрып жатқан тұрғын үйінің құжаттарын заңдастыруға байланысты өтінішпен келіпті. Сонымен қатар, Мақсат керімбайұлы елді мекендегі спорт алаңшасының құрылысын аяқтау, ауылға жаңа мешіт салу туралы ұсынысын жеткізді. Өтініш иесінің көтерген мәселесіне қатысты Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерлан Аширбеков қосымша түсінік берді.
Жібек жолы ауылының тұрғыны Жайсан Қарабаева баспана мәселесіне қатысты қайырылған екен. Ал, Көкбастау ауылының тұрғындары Нұрболат Жылысбаев, Сағынбек Сейдуалиев, Қайрат Қалмұратов ауылдық округтің орталығы саналатын елді мекендегі Жұматаев және Шалбайұлы көшелерінің асфальт жабындысының тозығы жеткенін, жаңа алқапта тек шағал жол ғана төселгенін тілге тиек етіп, 4 көшедегі түнгі жарықтар бір бағанадан кейін орнатылғанын және ағын су мәселесін қозғады.
Аудан басшысы әр тұрғынның сауалдарына заңды түрде жеке-жеке жауап беріп, әрбір мәселеге талқылау жасап, шешу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта тұрғындардың мәселелерін бақылауда ұстайтындығын айтып, жауапты ауылдық округ әкімдері мен тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.