Абай облысының Мақаншы ауданында Қазақстан мен Қытай арасындағы өндірістік және логистикалық байланысты күшейтуге бағытталған ауқымды жоба жүзеге аспақ. Жуырда облыс әкімі Берік Уәлиге Бақты ауылында салынатын индустриялық-логистикалық паркінің жобасы таныстырылды.
Жоба аясында жалпы аумағы 3 мың гектарды құрайтын ірі индустриялық аймақ құру жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі 1 млрд АҚШ долларынан асады. Жобаны іске асыру мерзімі 2027-2035 жылдарға белгіленген.
Индустриялық парктің бастамашысы әрі инвесторы – «Қазақстан-Қытай Индустриялық Паркі» бірлескен кәсіпорны. Құрылыс және инфрақұрылым жұмыстарын MakWool Group LLP және Қытайдың «Beijing DDS Decoration and Renovation Engineering Co., Ltd.» компаниялары жүзеге асырады.
Жоба аясында машина жасау, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, дәрілік шөптерді қайта өңдеу, тұрмыстық техника мен тұрмыстық химия өнімдерін шығару, азаматтық дрондар құрастыру, жаңартылатын энергия көздері және логистика салалары бойынша өндірістер ашу көзделген. Сонымен қатар еркін сауда қойма аймақтары мен логистикалық орталықтар салынбақ.
Жаңа индустриялық аймаққа барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылып, электр, су және кәріз жүйелері жүргізіледі. Бұдан бөлек, 10 мыңнан астам адамға арналған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, жоба жүзеге асқан жағдайда Бақты ауылы өңірдегі маңызды өндірістік әрі транзиттік орталықтардың біріне айналуы мүмкін. Аймақ басшысы бұл бастама өңір экономикасына тың серпін беретінін атап өтті.
«3000 гектар үлкен аумақ. Жоба аясында бұл жерге жаңа қала салынады десе де болады. Экономиканың дамуына тың серпін беретін өндіріс нысандары осы жерге шоғырланады. Айталық осында салынатын ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорынымен Бородулиха, Бесқарағай, Көкпекті, Үржар аудандары серіктесе алады. Өйткені бұл аудандарда майлы дақылдар көп өндіріледі. Сондай-ақ жел, күн энергиясы қашанда қажет. Аягөз-Тачен темір жол құрылысы аяқталған соң бұл жерден шыққан тауарларды темір жолмен де автожолмен де экспорттауға мүмкіндік туады», – деді Берік Уәли.
Сарапшылардың пікірінше, индустриялық-логистикалық парк іске қосылғаннан кейін өңірдің инвестициялық тартымдылығы артып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланысқа да оң ықпал етеді.
Сәруар ҚАБДОЛЛА,
Абай облысы














