Ауған-қазақ сауда-экономикалық ынтымақтастығы артып келеді

Ауған-қазақ сауда-экономикалық ынтымақтастығы артып келеді

Еліміз шетелдермен болған сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға барынша көңіл бөліп келе жатыр. Мұндағы басым бағыттар Қытай, Еуропа елдері, ТМД аумағы екендігі белгілі. Дегенмен соңғы жылдары Ауғанстанмен болған ынтымақтастық мәселесінде көрнекті ілгерілеушіліктердің болғаны таңғалдырып отыр. Жұрттың барлығы Тәліптерден теріс айналарын немесе олармен ымыраға келуге бас қатырып отырғанда, қазақ елі ең алдымен соғыстан көз ашпаған осы мемлекетке гуманитарлық көмектер жібере бастады. Кейін мемлекет тыныштығын сақтауға, халықтың орнықтылығын қамтамасыз етуге бел шеше кіріскен Талибан билігін жақынырақ тани түсті...

Осы шағын мақаламызда соңғы 5-6 жылдың көлеміндегі барыс-келістерді тізбелеп, уақыт шығындамай-ақ, қазақ делегациясының таяуда Кабулға жасаған сапары жайлы қысқаша айта кеткенді жөн көрдік.

Қазақстан өзінің экспорттық әлеуетін арттыру және шетелдік инвестициялар тарту мақсатында әлемнің көптеген елдерімен тығыз сауда-экономикалық қатынастар орнатып келеді. Ендігі жерде серіктестердің қатарына Ауғанстан еніп отыр. Қазір екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайту, сауда үйлерін ашу және көлік-логистикалық бағыттарды дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Маусымның 20-сы күні Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Кабулға гуманитарлық және іскерлік миссиямен барып қайтқан еді. Қазақстан Ауғанстан халқына жалпы салмағы 318,8 тонна гуманитарлық көмектің кезекті партиясын, сондай-ақ халыққа медициналық көмек көрсету үшін қазақстандық дәрігерлер тобын жіберді.

Осы сапар аясында Қазақстан мен Ауғанстан компаниялары жалпы көлемі $235 млн болатын меморандумдар мен коммерциялық келісімшарттарға қол қойды. Олардың ішінде ауғандық Nesar Elyas Trading LTD компаниясының қазақстандық «Маслозавод Туркестанмен» күнбағыс майын жеткізу туралы онжылдық келісімі және «Шабыт» компаниясының $15 млн сомасына жарма жеткізу жөніндегі келісімі бар. Жоғары технологиялар: диагностикалық жабдықтар мен АИ жүйелерін жеткізу арқылы Ауғанстанның Денсаулық сақтау министрлігін цифрландыру және ұлттық телемедицина желісін құру мақсатында $45 млн сомасына келісім бекітілді. Бұдан бөлек қазақстандық инженерлер Мазари-Шарифтегі азот зауытын жаңғырту жұмыстарын бағалауды бастады. Сондай-ақ Кабулда бірлескен сауда палатасы құрылды.

Географиялық тұрғыдан Орталық Азия аймағына жататын, 40 жылдан астам уақыт бойы соғыстан көз ашпаған бұл мемлекет сыртқы әлемге әлі де бейтаныс секілді. Онымен етене араласып, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға кіріскен елдер де саусақпен санарлықтай. Олардың қатарында көлік-логистикалық және сауда байланыстары бойынша Қазақстан, Қытай, Пәкістан, Иран, Түркия және Түрікменстан елдері бар. Алайда соңғы уақытта Пәкістан мен аралары суып кетті. Олар аймақтық сауданы дамытып, транзиттік дәліздерді белсенді пайдалануды жоспарлап отыр.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
16.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26498
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25926
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43321
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39122
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43728