Бақыт дегеніміз – еңбек.
Бақыт – өз еңбегінің жемісін
өз көзімен көру.
В.П.Катаев
Күміс медальді қыздың елге оралуы
Анасы Айнажанға 2 ай толмаған кезде колхоз жұмысына араласады. Сәбиін жұмысқа көтеріп барып, шөмелені қуыстап жатқызып қойып, шөмелесін салып жүре береді. Анда-санда келіп емізіп кетеді екен, Алты жасқа келгенде қараусыз қалмасын, тыңдаушы болсын деп әкесі мектепке береді. Айнажан толық үлгеріп, қатарынан қалмай оқып кетеді. Ауылдағы мектеп жеті жылдық болғандықтан әрі қарай Алматыдағы 12 мектеп-интернатқа (жалғыз қазақ мектеп) береді. Орыс тілі мен әдебиетінен Еңбек ері Рафиха Нуртазина, қазақ тілі мен әдебиетінен Ленин орденді Әлия Дүйсенова, басқа пәндерден де білікті ұстаздар сабақ береді. Мектепті күміс медальмен бітіреді.
Төрт сыныпта 115 бала оқитын. Айнажан ғана медаль алады. Жасы 16-да еді. Бұдан кейін мектеп 11 жылдыққа айналады. Сол кезде Хрущевтің бұйрығымен мектеп бітірушілер екі жыл өндірісте еңбек етуі керек болған. Егер институтқа тапсырса, биыл бітірген оқушыларға бөлек конкурс болатын. 1961 жылы медицина институтына тапсырады. Бір орынға 55 адамнан келетін конкурстан барлық сабақтан беске тапсырып оқуға түсіп кетеді. Институтты алты жылда тамамдайды. Бұдан кейін институт 7 жылға айналады. 22 жасында оқу бітіріп, туған ауданына (Нарынқол) жолдамамен келеді. Әрі қарайғы басынан кешкендері туралы Айнажан былайша әңгімелейді.
Амал жоқ, әмбебап боласың
1967 жылы аудандық ауруханаға менен басқа Омарова Күлән келді. Ол Нарынқолдың тумасы. Аудандағы емханада 3 дәрігер бар екен. Енді бесеу болдық. Күлән екеуміз де педиатрия факультетін бітіргенбіз. Бес жыл бойы бізге медицина саласындағы барлық көмек көрсету түрлерін оқытқан. Алтыншы жылы ғана педиатрияны тереңдетіп оқытқан. Күлән екеумізді жассыңдар деп күнара кезекшілікке тұру, әр түрлі салада қабылдаулар жасау, алыс колхоздарға, малшыларға жедел-жәрдем көрсету сияқты міндеттер жүктейді. Үйіміз емхана болды. Өйткені ота жасалына қалса, мен наркоз беремін, Күлән ассистент болады. Келесі отада Күлән наркоз береді, мен ассистент боламын. Ауданда акушер-гинеколог жоқ. Түсік тастаған әйелдердің жатырын тазалау, баланың жолдасы түспей қалса қолмен алу тағы сол сияқты көмектер көрсеттік. Бірде Сүмбе ауылынан 6 жасар бала келді. Демала алмайды. Рентгенге түсірсек, өкпесі қабынып асқынған. Күлән екеуміз оқулықтан оқып, ақылдаса келе хирургиялық көмек көрсеттік. 200 мл ірің араласқан сарысу алып, орнына антибиотик, физраствор құйдық. Баланың жағдайы жақсарды. Келесі күні хирург – бас дәрігер көріп: «Бәрін дұрыс жасапсыңдар», – деді. Маман жоқ болғандықтан көз ауруларына да, құлақ ауруларына да көмек көрсеттік. Аудан орталығында істеген жылдары түн ішінде ауырған адамнан шақыру келсе, жедел жәрдем машинасы жетіспейтін, санитарканы ертіп, қолға таяқ алып, қол шам ұстап Нарынқолдың ішіндегі шақыруларға барамын. Еңбекақы – 80 сом. Кезекшіліктің ақшасын білмейміз, сұрамаймыз да, берген ақшаны аламыз. Сол жылы медбикелер дайындайтын курс ашылды. Көбінесе Күлән екеуміз сабақ береміз. Мен педиатрия, офтальмология, дерматологиядан, Күлән терапия, гинекология, хирургиядан берді. Сабақ кешкі алтыда басталып, 9-да аяқталады. Оның да ақшасын сұрамаппыз. Солай жүріп Күлән Москваға аспирантураға түсіп кетті. Мен тұрмыс құрдым. Мені Сарыбастау ауылындағы учаскелік емханаға бас дәрігер етіп жіберді. Ауыл миллионер колхоз екен. Колхозда 150 мың қой, сиыр ферма, жылқы ферма бар. Емхана 35 төсектік, 1200 малшы балаларына арналған мектеп-интернат, 140 балаға арналған балабақша, известь, қызыл кірпіш шығаратын шағын зауыттар, стадион бар. Су құбырлары орнатылған. Орталық көшелер асфальтталған. Колхоз бастығы Әшімбаев Нүсіпбек Социалистік Еңбек Ері, Ленин орденді облысқа ғана емес, республикаға танымал адам екен.
Алғаш рет асхана және балабақша ашқыздым
Мен денсаулық сақтау министрі академик Шармановтың ұйытқысымен ірімшік, айран тағы басқа сүт тағамдарын дайындау үшін арнайы ас үй (кухня) ашқым келді. Колхоз бастығына кіріп, бізге сүт үшін ауыл іргесінде біраз сиыр баққызып сүт беруін сұрадым. Ол кісі рұқсат етті. Күнделікті сүт жеткізу үшін атарба, оған жұмысшы беріп, ақшасын колхоз төледі. Сөйтіп, аудан бойынша ауылымызда сүт тағамдарын дайындайтын ас үй (кухня) ашылды.
Емханада штат бойынша 5 жоғарғы білімді дәрігер, 35 шақырым жердегі Тұзкөл фельдшерлік пунктіне фельдшер керек болатын. Маман тапшылығынан 1968 жылдан 1978 жылға дейін сол жерде қосымша істедім. Айына екі рет Тұзкөлге барып барлық көмек көрсетіп келемін. Малшы балалары жаз айларында Шәлкөде, Ойқарағай жайлауларындағы үйлерінде болады. Екпелері (прививка) бұзылмасын деп жолдасымның екі аяқты мотоцикліне мініп, демалыс күндері мінгесіп барып екпелерін жасаймын. Босанатын күні жақындаған әйелдерді ферма басшысына айтып, бір ай бұрын ауылға алғызамын. 1969 жылы ақпанда қыз бала босандым. Екі жарым айдан соң балабақша меңгерушісіне: «Мен сияқты қызмет істейтін 9 әйел бар екен. Балаларымызды бағушы жоқ. Сен бір бөлмеңді бер. Балалардың біреуінің анасы менде акушерка, әкесі электрик. Бөлмені жылытуға көмектеседі. Мектеп бітіріп, оқуға түсе алмай қалған екі қыз жалдайық. Ақшасын 9 ата-ана бөліп төлейміз деп келістірдім. Үш айға толмаған қызымды бақшаға бердім. Мен аудан орталығына жиналысқа, алысқа жұмыспен кеткенде екі тәрбиеші қызымды үйге әкеліп, мен келгенше қарап тұрады. Оларға қосымша ақша, сыйлық алып беріп тұрдым. Балалар ауырған жоқ. Жақсы бағылды. Қызымның бес айлық кезі. Таңертеңгі асымызды ішіп отыр едік, Қабандысай деген жайлауда отырған қойшының ересек баласы келіп: «Анам толғатып жатыр. Сізге жіберді», – деді. Бригадирден екі ат алып акушерке екеуміз жолға шықтық. Баласы алға түсіп, жол көрсетіп отырды. Әрең дегенде жетсек, әйел ерте босанып қалыпты. 45 жастағы әйелдің 9-шы баласы екен. Жолдасы түспепті. Қан көп кетіпті. Жолдасын қолмен алайық десек, жатыр аузы жабылып қалыпты. Қан құю керек. Баласын емханаға жіберіп ауданнан акушер-гинеколог керек, қан керек деп жібердім. Бір-екі ай бұрын аудандық емханаға жаңадан Тамара Кравцова деген акушер-гинеколог келген. Бар дәріні құйып, туылған сәбиді қарап екі көзіміз төрт болып, әйелдің тірі қалуын құдайдан тілеп отырдық. Жаңа келген акушер-гинеколог: «Атқа міне алмаймын, қорқамын», – деп Есекартқан заставасына дейін машинамен, бізге дейін 5 шақырым жаяу келіпті. Көмек 7 сағаттан кейін келді. Қан алып келген екен, дереу құйылып, қан қысымы көтеріліп, жағдайы жақсара бастады. Іште қалған баланың жолдасы алынып, әйел де, бала да аман. Таңға дейін көмек көрсетіліп, бақылаумен болдық. Әйел мен баланы қарап тұру үшін акушерканы бір жетіге сол үйге қалдырып заставаға дейін келіп біз атпен үйге таңғы 10-да келсем, 5 айлық қызым жылап ұйықтамапты. Жолдасым ренжіп:
– Жұмыс істемей-ақ қойшы, сұмдық қой емшектегі бала күнімен-түнімен жылады, – деді.
– Күнде мұндай жағдай бола бермейді ғой. Мамандығымды қалай тастаймын. Жұрт сенім артып отырған бір ғана дәрігермін. Бала жылады екен деп жұмыстан қалай шығамын, – дедім. Жолдасым айтқаныма иланғандай үндемеді. Бірде шалғышыларға тамақ пісіретін әйел екіқабат екен, қан кетіп жатыр деген хабар жетті. Акушерканы алып, 2 атқа мініп, машина бармайтын тау ішіне кеттік. Барсақ әйел 4 айлық баласын тастап қойыпты. Қансырап жатыр екен. Жатырын инструментпен тазартып, қанын тоқтаттым. Акушерлік кресло үшін екі үлкенірек тастың үстіне көрпе қойып, әйелді тазарттық. Системаны теріс қарап көтеріп жігіттер тұрды. Енді әйелді алып жүру үшін жатқызып апару керек. Оған да әдіс таптық. Аттың артқы жағына екі жанына шөптен буып жастық сияқты етіп жасап, әйелді үстіне жартылай жатқызып, үстін құлап қалмайтындай етіп байлап жетектеп ауылға түнгі 11-де келдік. Ауданның бас дәрігері облыстық денсаулық сақтау бөлімінің ауданға келген бастығын бізге алып келіпті. Емхананы аралап, аурулармен сөйлесіп, сүт кухнясын көріпті. Менің қандай шақыртумен кеткенімді естігеннен кейін ауданнан акушер-гинекологты алдырыпты. Әйелді гинеколог көріп: «Көмек әйелге өте жақсы көрсетілген», – деді.
Көптен күткен емхана қалай салынды?
Олар колхоз бастығына жолығып, жаңа емхана салып беруін сұрамақ болды. Ауылда тұрғандықтан, колхоз бастығымен қалай сөйлесуді білетінмін. Бас бухгалтер Жұманов Советбек ағайға кірдім. «Ағай, біздің аудандағы, облыстағы бастықтар келді. Емхана салып беруді қолқалағалы отыр. Бағасы көп болса колхоз бастық келіспейді. Сізді шақырады. Сұраса жарты бағасын айтыңыз. Сонда ғана көнетін шығар», – дедім.
Айтқаным айдай келді. Колхоз бастығына екі бастық, мен үшеуміз кірдік. Олар бұйымтайын айтты. Мінезі тік кісі еді. Бірден шақыраңдап бас бухгалтерді шақырды. Кіргеннен:
– Ей, Советбек, мыналар емхана салып бер дейді. Колхоздың жылдық табысына кедергі келтірмей ме? Қанша тұрады? – деді.
– Колхоздың жылдық табысының жартысына жетпейді, – деді бас бухгалтер.
Сонымен 50 төсекке арналған үш қабатты емхана бой көтерді. Керегесі қаланып, шатыры жабылған кезде күйеуімді аудандық ветбаклабораториясына бастық етіп қызметке шақырды. Сонымен аудандық емханаға жұмысқа келдім.
«Елге қылған жақсылық еленбей қалмайды. Еңбек еткен ерінбей, кенелмей қалмайды» демекші, шалғайдағы малшы ауылына күн демей, түн демей, уақытпен санаспай атпен де, мотоциклмен де жол жүріп сырқаттанғандардың, толғатқан әйелдердің өмірлерін арашалап қалу үшін қиындық атаулыны табандылықпен жеңе білген Әлдибекқызы Айнажан жұрт сүйіспеншілігіне бөленіп, халықтан алғыс алған үлкен жүректі азаматша. Баспасөз беттерінде дәрігер туралы қаншама мақала жарық көрді десеңші. «Қазақстан әйелдері», «Жетісу», «Советтік шекара» Айнажанның еңбегін халыққа жеткізіп жатты.
Еңбегі бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Денсаулық сақтау активистерінің бүкілодақтық мәжілісіне (Мәскеу) қатысады. Қарағандыға Қазақстан педиатрлар съезіне қатысады. 30 жасында денсаулық сақтау ісінің озатын алады. Райымбек ауданының құрметті азаматы, Еңбек ардагері медалін иеленеді. Қиналып жүріп жұмыстан да қалмай алты бала тәрбиелеп өсіргені үшін Күміс алқа алады.
Барлық балалары жоғарғы білімді. Балалы-шағалы, үйлі-баранды. Жанна – банк қызметкері. Кейін медколледждің фармацевтін бітірді. Өзінің дәріханасы бар.
Дана – мұғалім. Шолпан – заңгер және психолог. Меруерт энергетикалық институтты бітірген. Әлия – дәрігер. Ғабиден – заңгер. Әйелі Шолпан ішкі істер бөлімінде.
Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған Алтай мен Айнажан арқаларын кеңге салып Мәскеу, Ленинград, Ереван, Тбилиси, Баку, Махачкала, Волгоград, Кисловодск, Сочи сондай-ақ шетелдерден Түркия, Дубай, Израиль, Египет, Қытай, Италия, Венеция, Американың үш штаты Калифорния, Аризона, Невада, Нью-Иорк, Вашингтонды аралады. Емделуге Қытайдағы Хайнань аралына төрт рет барды.
Айнажан жас кезінде көркем әдебиетті сүйіп оқыды. Институтқа түскенде тобында 10 студент бар екен. Көбі орыстар. Оқыған кітаптарын айтып отырса, авторларын естімеген екен. Үшінші курсты бітіргенше тек сабақ оқыды. Үшінші курсты бітіргеннен кейін намысқа тырысып, шетелдік классиктерін оқуға кіріседі. Драйзер, Джек Лондон, Эрнест Хемингуэй, Стефан Цвейг т.б. Қазақ қаламгерлерінен оқымағаны кемде-кем. Бастыларын атап өтсек. М.Әуезов, С.Мұқанов, Б.Майлин, С.Ерубаев, Ғ.Мүсірепов, С.Сейфуллин, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов.
«Кітап ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына», – деп Әлішер Науаи айтқандай, Айнажанның бойындағы жаңашылдық, тапқырлық, биік адамгершілік, еңбекқорлық секілді игі қасиеттер кітаптан жұқты ма екен деген ой келеді. Өмірлік серігі Қасенғазиев Алтай туралы Айнажан сағынышпен еске алады. Алтай туған ауылында (Сарыбастау) мал дәрігері болып жұмыс жасады. Ол да көптеген марапаттарға ие болды. Бас мал дәрігері, РАПО-ның орынбасары болып қызмет істеді. Сүйікті жар, қамқор әке әрқашан маған қолдау көрсетті. Бақытты өмір сүрдік. Дауыс көтеріп артық сөйлеген емес. 2026 жылы 28 тамызда аурудан бақилық болды. Жаны жәннатта болсын.
Сүйікті жарының сүйіспеншілігіне бөленген, халықтың алғысына кенелген Әлдибекқызы Айнажан шын бақытты әйел. Біз оның ерен еңбегін ерлікке баладық. Шынында да ол қазақтың бақытты, нағыз батыр қызы. Бақыты баянды болсын!
Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі














