Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналы, республикалық әлеуметтік-қоғамдық «Елана» ақпараттық агенттігі мен саяси партиялар, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен «Ауыл – ел бесігі» дәстүрлі экспедициясы Жамбыл облысында өз жұмысын бастады.
Еліміздің барлық аймағында негізінен жылына екі рет өтетін экспедиция биыл бағытын тағы бір үлкен мәселеге бұрды. Ол – ұрпақ тәрбиесі, ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтар.
4-15 мамыр күндері аралығында болатын осы ауқымды бастаманың аясында Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен аймақтың барлық ауданында және Тараз қаласында «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» атты көшпелі «дөңгелек үстел» ұйымдастырылады.
Экспедицияның алғашқы қадамы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен кездесуден басталды. Аймақ басшысы Әулиеата өңірінде 26-27 сәуір күндері өткен «Zhambyl Economic and Investment Forum-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумының қорытындысын қысқаша айтып өтіп, форумнан үлкен нәтиже күтетінін жеткізді. Одан кейінгі әңгіме экспедицияның бағдарламасы жайында өрбіді.
Сондай-ақ облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Азатұлы Өмірбек пен облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Ринат Нуракбаевпен ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы тақырыбында болатын көшпелі «дөңгелек үстелдің» ұйымдастырылу мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.