Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев: «Осы жылы іске асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында 566 млрд теңге сомасына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 6,5 мың жоба іске асырылуда. Осы жобаларды іске асырудың нәтижесінде 2,5 мың шақырым инженерлік желілер және 5 мың шақырым кент ішіндегі жолдар жаңғыртылатын болады. 632 мектеп пен балабақшалар, 70 денсаулық сақтау нысаны, 300 мәдениет үйі, клубтар мен кітапханалар, 96 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен спорт залдары салынады және жөнделеді. Сондай-ақ, 2025 жылға қарай «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 70 мың отбасылық шаруашылық құрылады. Агроөнеркәсіптік кешен саласында 4,5 трлн теңге сомасына 934 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. 600 мың гектар жаңа суармалы жерді айналымға тарту 70 мың отбасылық шаруашылық құруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады. Қайта өңделген өнімнің үлесі 70 пайызға дейін жеткізіліп, агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты 2 есеге ұлғайтылады. 7 ірі жүйенің экожүйесін қалыптастыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру қамтамасыз етіледі. 500 мың жұмыс орны құрылады. «Ауыл - ел бесігі» жобасын іске асыру ауыл халқының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ете отырып, ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпін береді. Алдағы 4 жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 3,5 мың ауылды дамытуға 670 млрд теңге жұмсалады»,— деп мәлімдеді.