Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Ақмола облысында ресми сапармен болды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев ұлттық жобада қарастырылған «Фостерлік отбасылар», «Ауыл Аманаты», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Жайлы мектеп» дуалды оқыту бағдарламаларын жүзеге асыру барысын құрметті мейманға таныстырып бірге жүрді.
Вице-премьер Алтай Көлгінов Ақкөл ауданында балаларды қолдау орталығында болып, елімізде алғаш рет «Фостерлік отбасылар» кәсіби бала асырап алу жөніндегі пилоттық жобаның іске қосылуының куәсі болды. Бұл жобаның маңыздылығын атаған вице-премьер Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін көпшілікке мәлімдеді. Премьер-Министрдің орынбасары келесі кезекте «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Ақкөл аудандық ауруханасының қызметімен танысты. Вице-премьерге облыс әкімі Ермек Боранбайұлы:
– Бұл аурухана ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Ақмола облысында ұлттық жоба аясында медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудің (МСАК) 38 объектісі, Көкшетау көпбейінді облыстық аурухана салынады. Сонымен қатар, облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру облыста 2023-2025 жылдары 26 500 оқушыға арналған 20 мектеп салу жоспарланғанын жеткізді.
А.Көлгінов Көкшетау қаласындағы «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС базасында дуалды оқыту бағдарламасын жүзеге асыру барысымен танысты. Агротехникалық колледж студенттері өзара ынтымақтастық меморандум аясында кәсіпорында кәсіби тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасады. Дуалды оқыту нысаны облыстың 28 колледжінде қолданылады, аталған технология бойынша 4 мыңнан астам студент білім алуда. Алтай Көлгінов «Ауыл Аманаты» бағдарламасын жүзеге асырып жатқан сүт өнімдерін шығаратын «Гормолзавод» ЖШС-да болып, жобаның алғашқы қатысушыларымен кездесті. Жобаға сай кәсіпорын шикізатты жобаға қатысушылардан сатып алады. Оларды несиелеу үшін 2023 жылы Ақмола облысына 1,2 миллиард теңге бөлінді және осы несие 250 қатысушыға жетеді дегенді айтып өтті облыс әкімі Е.Маржықпаев . Жұмысты жандандыруға кеңес берген А. Көлгінов ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі жобаға 2023 жылы республикалық бюджеттен 50 млрд теңге қарастырылғанын жеткізді. Вице-премьер сапарының соңында Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары әкімдерінің орынбасарлары және бірнеше министрліктердің вице-министрлерінің қатысуымен кеңес өткізіп, әлеуметтік мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру жайында бірқатар тапсырмалар жүктеді.