Мәжіліс отырысында «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорында қай санатқа көмек көрсетілетінін айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл Президенттің немесе Үкіметтің немесе басқа мемлекеттік органның қоры емес. Бұл – барлық қазақстандықтардың қоры, халықтың қоры. Ол әкімшіліктің немесе Үкімет жанында жұмыс істемейді. Беделді бақылау кеңесі құрылады, оған әділ жауапты басшы тағайындалады, оның қызметінің толық ашықтығын, есептілігін және қоғамның бақылауында болуын қамтамасыз етеміз. Жоспарлар, бюджет және жобалар сайтта жарияланады. Барлық ақпарат ашық болады. Қорды қаржыландыру жеке және мемлекеттік көздерден жүзеге асырылады. Қорға халықаралық қайырымдылық ұйымдарының көмегін тарту да жоспарлануда. Бұл қорға лотореялық қызмет операторының, ставкаларды есепке алу орталығының және басқа монополистердің міндетті аударымдары түсіп отырады. Әрине, біз ірі бизнес тарапынан ауқымды және тұрақты, астын сызып айтайын, тұрақты аударымдарды күтеміз. Бүгіндері елімізде өте табысты компаниялар тобы және тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да өте бай адамдар пайда болды. Енді олардың Қазақстан халқына құрмет көрсетіп, оған жүйелі және тұрақты негізде көмектесетін кезі жетті деп санаймын. Сондықтан Үкімет компаниялар тобын анықтап, қорға жыл сайын аударылатын жарналар мөлшерін бекітуі керек. Оған қоса, үлкен қаражатқа ие болып, көлеңкеде жүрген тұлғалардың да белсенді қатысуын күтемін. Бұл қор қоғамды топтастырудың тағы бір құралына айналып, азаматтарда әлеуметтік әділет сезімін нығайта алатынына сенімдімін», – деді.