Оралда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай республикалық «Мұқағали оқулары» байқауының қалалық кезеңі өтті.
Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараны ұйымдастырушылардың мақсаты – мұзбалақ ақынның шығармаларын оқушылар арасында насихаттау, өскелең ұрпақтың поэзияға құштарлығын арттыру, өз ой-пікірлерін ғылыми тұрғыда жеткізе білуге үйрету. Қала мектептерінің 8-11 сынып оқушылары белсене қатысқан байқау бірнеше бөлімнен құралды.Үміткерлер байқау талаптарына сай ақын өлеңдерін жатқа оқу, өз туындыларын оқу, берілген тақырыпқа өлең құрау кезеңдерінен өтіп, ақын өлеңдеріне талдау жасады және қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап берді. «Ақын мұражайына менің үлесім» айдары бойынша М.Мақатаевтың шығармашылығына байланысты өздері дайындаған бұйымдары мен суреттерін, кесетелерін, ақынның танылмаған қырын көрсететін жобаларын, зерттеулерін таныстырды.
Байқау қорытындысы бойынша №37 орта мектептің 8-сынып оқушысы Мәдина Абдушева облыстық кезеңге жолдама алды. Ал облыстық кезеңде топ жарған жеңімпаз Мұқағали ақынның туған жерінде өтетін республикалық кезеңге қатысады.