Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек ауданының кәсіпкерлері ауыл-аймақтың өркендеуіне, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға барынша қолұшын созып келеді.
Солардың бірі – Бәйтерек ауданының «Құрметті азаматы», «Достық» шаруа қожалығының басшысы, ірі меценат Владимир Шевчук. Кәсіпкер Раздольный ауылындағы «Фельдшерлік-акушерлік пункт» ғимаратының жаңаруына өз септігін тигізді. Нәтижесінде ауылдықтар ерекше қуанышқа кенелгенін атап өткен жөн.
Аудан әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, емделушілерге алғашқы медициналық көмек көрсететін мекеменің ғимараты меценаттың көмегімен күрделі жөндеуден өтіпті. Яғни, ғимараттың есік-терезесін жаңартуға, төбесі мен еденін ауыстыруға, электр және жылу жүйелерін жаңалауға, іші-сыртын әктеп-сылауға, қоршауын салып, жаңа жылу қазандығын орнатуға, су тартып, насос қондыруға кәсіпкер 22 млн. теңге демеушілік жасаған.
Күрделі жөндеуден өткен ғимараттың ашылу салтанатына қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасқан Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов «Достық» шаруа қожалығының басшысы Владимир Васильевичке сый-сияпат ұсынып, «Фельдшерлік-акушерлік пункт» ұжымына жаңа компьютер сыйға тартқан.
Сондай-ақ Республика күні қарсаңында жергілікті меценат Қайыржан Киргенев «Атамекен» ауылының тұрғындарына балалар ойын алаңы мен спорттық алаңдарды сыйға тартқан. Жоба құны – 68 млн теңгені құраған.
Адал еңбекпен тапқан несібелерін халқымен бөліскен жомарт азаматтардың мұндай қайырымды істеріне еріксіз сүйсініп, көңілің қуанышқа бөленеді.