Өткен аптаның жұмасында Алматы қаласында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен «Балалар әдебиеті және балалар басылымдарының бүгіні мен ертеңі» тақырыбы аясында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге балалар жазушылары, балалар басылымдарының басшылары, баспагерлер, қаламгерлер, журналистер қатысты. Атап айтқанда, Нұрдәулет Ақыш, Нұрғали Ораз, Ділдар Мамырбаева, Сәуле Досжанова, Шамшидин Паттеев, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Байбота Қошым-Ноғай, Саят Қамшыгер, Болат Үсенбаев және басқалар қатысты. Дөңгелек үстелге қатысушылар аталған тақырып төңірегінде ойларын ортаға салды. Өткен жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен балалар әдебиеті, биыл балалар жылы аталғанын жақсы білесіздер. Осы екі жылда балалар әдебиетіне мемлекетіміз зор көңіл аударып, көптеген игі шаралар атқарылды. Атап айтқанда, кітаптарға қаламақы өсті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қамқорлығымен жыл сайын тапсырыспен кітаптар шығарылды. Дегенмен әлі де болса бүгінгі көтеріліп отырған мәселелерде кемшіліктер мен олқылықтар да жоқ емес. Мысалға, қаламгерлеріміз кітаптарын бөлек топтан шығаруға мәселе көтерген. Ол әлі де орындалған жоқ. Сондай-ақ, дөңгелек үстелде басқа да мәселелер көтерілді. Бұл қадау-қадау мәселелерді ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жазып қана қоймай, оның орындалу тетіктеріне көңіл аударды. Иә, осындай шынайы басқосуда ғана айтылған мәселелердің түйіндерін біртін бірге шешетіні сөзсіз.