Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Мәдени-ағарту бірлестігі» мекемесі өткен жылы пайдасы мол игілікті жобаны қолға алған болатын. Жеткіншектермен жұмыс жасайтын мекеме биылғы «Балалар жылында» сол игі істерін тағы да жалғастыруда.
Бұл бастамаға өңірімізде жүзеге асырылып жатқан «Менің аулам – менің бағым» жобасы да мұрындық болған еді. Нақтылап айтар болсақ, бұл – жас ұрпақты еңбекке баулу мақсатында Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты балалар аула клубтары мен комьюнити орталықтарындағы бау-бақша өсіру бойынша еңбек лагерьлері.
Биыл екінші жыл қатарынан жалғасын тапқан еңбек лагерінің ашылу салтанатына қатысқан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев жобаның маңыздылығын атап өтіп, кішкентай еңбеккерлерге сәттілік тіледі.
Қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің басшысы Серік Тоқмамбетовтің айтуынша, биыл еңбек лагері төрт орында ұйымдастырылған. Яғни облыс орталығындағы – «Арай», Желаев ауылдық округіндегі «Ақберен» комьюнити орталықтарында, Ынтымақ елді мекеніндегі – «Болашақ», Круглоозерный кентіндегі – «Шұғыла» аула клубтарында жұмысын бастаған «Жасыл желек әлемінде» атты еңбек лагерьлерінде тәрбиеленушілер еңбек етуде. Олар көктем мезгілінде отырғызылған жеміс ағаштары мен көкөністерді суару, айналасын тазарту, баптау жұмыстарымен айналысады.
Орал қалалық әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, еңбек лагеріне бірлестіктің құрамындағы әр клубтан үш баладан қамтылып, жалпы еңбек лагерінде 50-ге тарта тәрбиеленуші жазғы демалыстарын өткізуде.